Тау мен теңіз ертегілері. Юйминь елі Мао Сяо
АЛҒЫ СӨЗ
Сяо Мао ұстаз өзім ұнататын балалар әдебиеті жазушыларының бірі. Ол маған «Балалықтың фотосуреттері», «Күндіз қандай болады?», «Шабарман» сынды бірнеше шығармасын ұсынып еді. Мен оларды Weibo-ның «Балалар кітабы» сайтына шығарғанмын. Сяо Мао маған сыйлаған әрбір кітабына «Балалар оқуы – барлық оқудың негізі», «Жұмыр басты пенденің бәрі махаббат пен арман қуған тұлпарлар», «Қызықты кітаптар оқып, көңілді адам болайық» және т.б. нақыл сөздерімен қолтаңба жазып беріп отырды. Оның әдеби шығармашылығы мен оқу туралы ойларын осыдан толық байқауға болады.
Жақында «Минтянь» баспасының редакторы Сяо Мао мырзаның жаңа кітабының баспадан шығатыны туралы айтып, менің сол кітапқа алғы сөз жазып беруімді өтінген болатын. Мен кітаптың «Тау мен теңіз ертегілері» деген ерекше атауын естігенде, қауырт жұмысымды қайырып қойып, бірден келісімімді бердім.
«Таулар мен теңіздердің классикасы» (Шань хай цзин) – Қытайдың Цинь дәуіріне дейін жазылған ежелгі кітабы, еңбекте негізінен география, табиғат байлықтары, наным-сенімдер, бақсылық пен мифтер, сондай-ақ ежелгі тарих, медицина, әдет-ғұрып, халықтар, т.б. туралы мағлұматтар топталған. «Таулар мен теңіздердің классикасы», «Теңізді толтырған Цзинвэй», «Күнді қуған Куафу» сияқты таныс мифтер мен әңгімелер ғана емес, сонымен бірге кітапта біз көп біле бермейтін тамаша таулар мен өзендер, сиқырлы жаратылыстар туралы айтылады.
«Таулар мен теңіздердің классикасы» көне тарих пен географияны, жергілікті ерекше өнімдерді зерттеуге мол деректер береді. Сондай-ақ кітапта сөз болған фантазиялық сипаттағы, таңғажайып миф-аңыз ертегілер әдеби шығармашылыққа құнды элементтер беретін кеніш саналады. Ол балалар әдебиеті шығармашылығы үшін де үлкен мүмкіндік бере алады. Қазіргі заманғы қытай әдебиетшілері «Таулар мен теңіздердің классикасындағы» жер-су атаулары, өсімдіктер, құбыжықтар сияқты өкілдік элементтерге негізделе отырып, оларды әдеби туындыларға айналдыру сынды жаңғырту жұмысын жүргізіп келеді. Жақында Қытайда жарық көрген «Қайта оралған батыр» және «Құбыжық аңдар» дейтін танымал екі фильм де «Таулар мен теңіздердің классикасы» атты шығарма мазмұны негізінде жазылғанын білеміз.
Сяо Мао ертегілерінде «Сяо Маоның өзіне тән ерекшеліктері бар» деген пікірді жиі естиміз. «Тау мен теңіз ертегілері» топтамасына келер болсақ, одан да сол ерекшеліктерді кездестіреміз.
«Таулар мен теңіздер классикасы» Сяо Маоның хоббиі делінеді. Ол «Таулар мен теңіздер классикасының» көптеген нұсқасын жинап, сақтап келеді. Демек, ондағы мәтін мен иллюстрациялар оған үлкен ой салып, шығармашылық шабыт сыйлағаны даусыз. Сяо Мао «Таулар мен теңіздер классикасын» дәстүрлі мәдениеттің мәйегі деп санайды. Қазіргі кезде ол соны пайдаланып, кәдеге жаратып отыр. Автор Қытай балаларының қазіргі шынайы өмірін «Тау мен теңіз ертегілеріндегі» қиялмен тығыз қабыстырып, шындық пен фантастиканы, бүгінгі өмір мен көне дәстүрді, классика мен заманауи стильді біріктіріп, жаңа ертегілер құрастырды. Оның бұл шығармашылық қадамы бізді қуантып отыр.
Мысалы, Сяо Мао «Таулар мен теңіздер классикасында» айтылатын башэ (bаshе)1 пілді жеп, сүйегін бірнеше жылдан кейін шығарып тастайды деген аңызды негіз ете отырып, үш жылан туралы ертегі құрастырып шықты: онда Вэйвэй деген кішкентай башэнің И-имен үйленіп, өздігінен жүріп-тұра алмай қалған кәрі башэге қамқор болғаны баяндалады. Кәрі башэ өлер алдында оларға «піл жемеңдер» деп өсиет айтып кетеді. Кішкентай башэ оның өсиетін тыңдамай, пілді жұтып қояды. Бұл қызықты оқиға желісіне құрылған шағын ғана ертегі болғанымен, онда терең философиялық ой мен үлкен мән жатыр.
Айта кету керек, «Тау мен теңіз ертегілері» топтамасы балаларға арналған оқиғаларды баяндап қана қоймайды, сонымен қатар балаларға ертегі арқылы негізгі құндылықтарды жеткізуге назар аудартады. Ертегілерде ақиқат, ізгілік, сұлулық ұғымдары өте тамаша тоғысқан. Мысалы, «Отшашар» деген ертегіде әкесі отшашарға «Сен киіміңді, шұлығыңды, аяқ киіміңді түгел шешіп жалаңаштанып, құралсыз, тамақсыз табиғат аясына барып, ағаш пен шөпті қорек етіп, жабайы аңдармен (егер жабайы аңдар болса) дос бол» дей отырып, оған табиғатпен үнемі байланыста болу керек екенін ескертіп отырады. Сяо Мао осы арқылы балалардың табиғатқа етене жақын өскенін, «табиғат тапшылығы бұзылуы» синдромынан зардап шекпесе екен деген арман-тілегін білдіреді. Тағы бір мысал ретінде көрсетер болсақ: Сяо Мао өзінің «Хужэнь» деген ертегісінде «Қиял, мейірімділік, әділеттілік, жаратылыс, уақыт… таңғы шық, шырт ұйқыда көрген түс, гүлдердің жұпар иісі… осылардың бәрі-бәрін ешкім бағаламайтын деңгейге жетті. Бұл адамды қатты алаңдатады және ой салады» деген сөздерді әженің аузына салып береді.
Балалардың қытай дәстүрлі мәдениетіне деген қызығушылығын қалай оятуға болады? Ежелгі қытай классикасының шығармашылық трансформациясы мен инновациялық дамуын қалай жүзеге асыруға болады? Бұл жағында Сяо Мао пайдалы әрекет жасады. «Тау мен теңіз ертегілері» топтамасына енген ертегілер ежелгі қытай халқының ғажайып қиялына мұра ету негізінде оны жаңғыртып отыр. Бұл автордың дәстүрлі қытай мәдениетіне деген құрметі. Бұдан автордың Қытайдың дәстүрлі мәдениетін шығармашылық жолмен трансформациялауы мен инновациялық дамытуға деген ерік-жігерін көруге болады. Қытайда ежелден бар тақырыпты жаңғыртудың өзі балалар әдебиетіне қажетті кеніш болып саналады.
Чжу Юнсинь,
Қытай білім беру ассоциациясының вице-президенті, Қытайдың білім беру саласындағы жаңа оқу экспериментінің негізін қалаушы, Сучжоу университетінің профессоры
Цинфу (Qіngfu)
Ерте заманда жәндіктердің түрі өте көп болған.
Соның ішіндегі ең бір әйгілісі жаңғырық сияқты дыбыс шығаратын қоңыз болыпты. Ол таудың аңғарында өмір сүріпті. Олар біреу айғайлап дыбыс шығарса болды, соған еріп жаңғырады екен.
Сенбесең тау жаққа баршы, жаңғырық қоңыздар қазір де сен айғайласаң қосылып жаңғырып тұрады. Сен қандай сөз айтсаң да ол соны айнытпай салып береді.
Қазіргі адамдар ежелгі дәуірдегі адамдар сияқты романтикаға бой алдыра бермейді, қиялға да берілмейді, сол себепті көп нәрсені қызықты етіп түсіндіріп бере алмайды.
Жаңғырық қоңыз дуалдың еленбейтін бұрышбұрышында жүреді. Сондықтан биік қабырғаларға, аркалар мен биік көпірлерге қарап айғайлайды, кейде сол қоңыздың айғайлаған жаңғырығы естіліп жатады.
Бейжіңдегі Аспан ғибадатханасында жаңғырық қоңыз көп болғандықтан, жаңғырық анық естілетін. Сол жаңғырық қоңыздардың ұрпақтары сыбырлы қабырғаға қаланған тастары мен сол маңдағы шөптің арасында тығылып өмір сүріп жатыр. Ешбір заманауи жоғары технологиялық құрал оларды анықтай алған жоқ. Өйткені қазіргі адамдар олардың бар екеніне сенбейді, сол себепті жаңғырық қоңызтдар жұрт көзіне түсе бермейді.
Дей тұрғанмен, олар кез келген дыбысқа жауап беріп, өз міндетін адал атқаруда. Сондықтан да жаңғырық шығаратын қабырғаны көру үшін туристер сонда жиі барады. Жұрттың оған деген қызығушылығы артпаса, кеміген жоқ. Жаңғырық қоңыз (эхо) елдің көзіне түспейді, сол себепті жұрт оны көре алмайды. Өйткені жаңғырық қоңыздарға көрінбейтін қоңыздар көмектеседі.
Басында адамдардың көбі жаңғырық қоңыз бен көрінбейтін қоңызды бір-бірінен ажырата алмай жүрді. Өйткені жаңғырық қоңыздар мен көрінбейтін қоңыздар да егіз балалар сияқты бір ененің құрсағынан шыққан егіз қоңыз. Олардың сыртқы келбеті де бір-бірінен аумайды. Тек екеуінің айырмашылығы – жаңғырық қоңыз жасырына алмайды, ал көрінбейтін қоңыз жаңғырық қоңыз сияқты дыбыс шығара алмайды. Көрінбейтін қоңыз мақау, оларда үн жоқ. Бірақ олар жасырына алады, оның өзін көрсетпей жасыратын қасиеті бар. Сонымен қатар, егер көрінбейтін қоңыздың бірін өзіңмен алып жүретін болсаң, сен де елдің көзіне көрінбейтін боласың. Оның сондай керемет сиқыры бар.
«Гарри Поттер» кинотуындысындағы көрінбейтін плащ ғажап та әдемі болғанымен, алып жүруге қолайсыз, алып жүрген күннің өзінде, біресе киіп, біресе шешуге тура келеді. Ал көрінбейтін қоңыз оған қарағанда әлдеқайда ыңғайлы, оны өзіңмен алып жүрсең болады.
Көрінбейтін қоңыздар шөптің немесе жапырақтардың арасында жатады. Сол себепті адамдар оны жапырақ не шөп екен деп ойлап қалады. Қайта айналып қараса, жаңағы көрген жапырақ не шөп жоқ болып кетеді, адамдар өз көзіне өзі сенбей қайран қалып жатады. Ал жапырақ не шөптің лезде көзден ғайып болуының себебі, оның үстіне көрінбейтін қоңыз келіп жатып алады.
Ертеде мынадай әзіл болған екен. Бір адам көзге көрінбейтін жапырақтарды іздеп тапқысы келеді. Сөйтіп, ол үйіне көп жапырақ жиып алып келіпті де шетінен сынап көрмешкі болып бір жапырақты қолына алып, әйелінен:
– Жаным, сен мені көріп тұрсың ба? – деп сұрайды.
– Әрине, көріп тұрмын, – дейді әйелі. Ол келесі жапырақты ұстап, өзінің көзін көлегейлеп: – Жаным, мені әлі көріп тұрсың ба? – дейді.
– Көріп тұрмын, – дейді әйелі. Осы сұрақты жиырма ретттен көп қайталған соң, жалығып:
– Көрінбейсің, мен көріп тұрғам жоқ!.. – деп ашуланыпты.
Сөйтіп, әлгі адам «жапырақтың көмегімен ешкімнің көзіне түспеймін, мені ешкім байқамайды» деп ойлап, әлгі жапырақты қолына ұстай салып базарға барыпты. Ол базарға барған соң, көзіне көрінген затты алып қойнына тыға беріпті. Оны дүкенші тез байқап қалады да көпшілік қуып жүріп ұстап алып, «ұрлық жасады» деп әкімшілік органға жауап алуға жіберіпті.