– Бұл жер…

– Сөйтіп, біздің ел «қолы құлағынан түспейтін ел» деп аталып кетті.

– «Қолы құлағынан түспейтін ел», «құлағын ұстаған ел» дейміз бе, әлде «құлағын шымшыған ел» дейміз бе? …Бәрі де сол құбыжықтың кесірінен болған болды ғой?! Кешір… – деді Куафу. Ол әлгі кісінің басынан саусағымен нұқып: – Сен оның қазір қайда қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.

– Білмеймін. Ол біздің елден қашып кетті. Біздің елдің «құлағын ұстағандар елі» деген аты болған соң, оған ие болатын патша болуы керек қой, солай емес пе? Сол себепті, мен енді осы елдің бірінші патшасы боламын. Мен бүгін таққа отырамын. Кешіріңіз, менің кетуім керек.

– Құтты болын! – деп күлді де, Куафу: – Сен әлгі құбыжықтың қай жаққа қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.

– Анау жаққа кетті, – деп, әлгі адам бір қолын құлағынан алып, шығыс жақты нұсқады да, артынша қолымен құлағын қайта ұстай қойды.

– Рақмет! – деді де, Куафу алға тартты. Ол қызық көріп өзінің екі құлағын екі қолымен ұстап, күн шығысты бетке алып, алып крабты іздеп кете барды.

Куафу үш көзі, бір қолы бар адамға кез болды. Ол ағаш шауып отыр екен. Куафу оны қорқытып алмайын деп, тізесін бүгіп, дауысын бәсеңдетіп:

– Сен алып крабты, яғни құбыжықты көрдің бе? – деп сұрады.

– Құбыжық дегенді ауызға алушы болма, – деді әлгі адам қолындағы балтасын жерге қойып.



– Құбыжық деп мен сені айтып отырғам жоқ, кешір! Менің атым Куафу, мен Бофу елінен келе жатырмын. Сен өзің не істеп отырсың? – деді ол.



– Мен ұшатын арба жасап жатырмын, – деп, әлгі адам балтасын қолына қайта алды. Ол ағашты жонып жатып, қолындағы балтасын қойып, екі көзін жұмып, жалғыз көзімен ағаштың түзулігін көрді.

– Ұшатын арба дейсің бе? Куафу бұл сөзді алғаш рет естіп тұр.

– Мұның бәрі сол құбыжықтың кесірінен болды. Әлгі кісі қолындағы ағашты жерге тастай салып: – Өзің көріп тұрғандай құбыжық менің бір қолымды жеп кетті. Ол жалғыз менің ғана қолымды жеген жоқ, көп адамның қолын жеп қойды. Тіпті бұдан да ауыр жарақат алғандар бар…

– Не болды? – деп, Куафу уайымдай бастады.

– Біздің көрші ауылдағылардың бәрін де құбыжық жарақаттап кетті, – деп, алыстағы ауылды нұсқап: – Біздің бір қолымызды ғана жеп кетті ғой, ана ауылдағыларға тіпті қиын болды, – деп әлгі адам сөзін жалғады.

– Оларға не болды? – деп, Куафу тағатсыздана сұрақ қойды.

– Ондағылардың бір қолы, бір көзі ғана қалды, қалған денесін құбыжық жеп кетті. Олар «бір қол елі5» деп аталып кетті. Оған қарағанда біздің жолымыз болды. Біздің патшамыз жарақатына қарамастан, жалғыз қолымен түні бойы ұшатын арба жасап, бәрімізді соған салып алып, осында алып келді. Әйтпегенде, біздің күніміз не боларын кім білсін, сол себепті патша бізге ұшатын арба жасаңдар деді… – деп айтты әлгі адам.

– Ағаш арба ұшушы ма еді?

– Неге ұшпайды? Ұшқанда қандай, тіпті тез ұшады. Бірақ ол кезде батыстан жел тұрғандықтан, бізді осында алып келді. Бұл жердің біздің елден қаншалықты алыс екенін білесің бе? Қырық мың шақырым тұрады. Біз енді онда қайтып бара алмаймыз. Өйткені патшамыз жасаған арба қонған соң, шағылып қалды, өте ауыр жүкке шыдай алмады. Қазір біз бәріміз арба жасап үйреніп алдық. «Әр істің бір қайыры бар» деген осы болар, бәріміз осы өнерді үйреніп алдық. Сенбесеңіз сұраңыз, Цзигун елінің6 ұшатын арба жасайтын өнері бар екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ біз қайта алмаймыз.

– Неге?

– Шығыс желін күту керек! Мына құрып кеткір жерде шығыс желі соқпайды екен. Шығыс желі шығатын болса, біз келген жолымызбен кері қайтып кетер едік. Енді міне, шығыс желін күтіп жүрміз… Сізге арба керек емес пе, мен арзанға жасап беремін…

– Менің мына бойыма қандай арба шақ келеді? – дейді Куафу.