Әйтпесе, Хаостың тамақ пісіріп, шарап дайындауын түсіну қиын болар еді.
Ол тамақты қалай жасайды? Шарапты қайдан алады? Шу мен Ху түсінігімен айтқанда, Хаос дегеніміз – үлкен бір кеңістік. Оның жеке-жеке бөлмелері, жәшіктері бар. Оның ішіндегі заттар әртүрлі санаттарға бөлінген, не керектің бәрі бар. Оның ішінен қалаған заттарды алуға болады, тек…
Уақыт зымырап өтіп жатыр.
Бір күні Шу мен Хуға бір тосын ой келеді. Олар Хаосқа келген сайын ішіп-жеп кетеді, ұзақ уақыт өте келе аздап сәл қымсынатын болды. Енді не істеу керек?
«Сыйға – сый, сыраға – бал» деген болушы еді ғой. Хаос болса өзі жасаған дәмді тағам мен шараптан татып алмайды, бұл енді ұят болар деген ойға келеді. Оның үстіне, адамдар әр нәрсені өз тұғысынан ойлағанды ұнатады ғой. Менде болса, онда да болу керек деп ойлайды. Өзінде ғана болып, басқаларда болмаса, бірдеңе жетіспей тұрғандай сезімде болады. Сөйтіп, Шу мен Ху Хаос үшін аз да болса бірдеңе жасау керектігін сезінеді. Хаос оларды әрқашан қызу қарсы алып келеді. Оларды асты-үстіне түсіп күтіп келеді, оған ештеңенің керегі жоқ, онда бәрі бар. Жоқ, оған керек нәрсе бар, мәселен…
Шу мен Худың ойына бір нәрсе келеді.
Олар келесі жолы Хаосқа келген кезде балта, қашау, бұрғы, пышақ, құм қағаз әкелді… Олар Хаосқа көз, құлақ, ауыз, мұрын жасап, оны дәл өздеріне ұқсатып шығарғысы келеді.
Тарихи деректерде олар осы жұмыспен жеті күн бойы айналысты делінген.
Шу мен Ху Хаосқа ауыз, мұрын, құлақ, көз жасап берсек, өзіміз сияқты қалыпты адамға айналуы мүмкін деп ойлады. Бірақ олардың арманы орындалмайды. Хаос Шу мен Ху сияқты адамға айналмайды, ол өліп қалады.
Хаос өлген соң, Шу мен Ху қатты қайғырады. Олар бұл өмірден мүлде түңіледі, екеуі Хаоссыз өмірдің мәнін жоғалтады. Сөйтіп, Шу мен Ху да өледі. Бұл жерде бір нәрсені түсініп алу керек, Шу мен Худың өлуі мүмкін емес. Басқаша айтқанда, Шу мен Ху, шын мәнінде, өле алмайды. Олар қаласа да өле алмайды, бұл олардың еркінде емес.
Не үшін?
Өйткені Шу мен Ху – уақыт, яғни олар уақыт құдайы.
Біз басында Шу мен Ху бір-біріне кезігу үшін біреуі Оңтүстік Қытай теңізінен Солтүстік Қытай теңізіне дейін, екіншісі Солтүстік Қытай теңізінен Оңтүстік Қытай теңізіне дейін көзді ашып-жұмғанша жетіп келеді деп айттық. Себебі: Шу мен Худың өзі уақыт. Олар қаласа уақытты жылдам немесе баяулата алуы мүмкін. Олар үшін арақашықтық деген ұғым болмайды. Сондықтан Оңтүстік Қытай теңізі мен Солтүстік Қытай теңізі бір-бірінен сонша жырақ болса да, олар өз қалаулары бойынша бір-біріне келіп-кетіп тұды.
Шу мен Ху кенет жетіп келеді.
Шу мен Ху уақытты билейді, олардың уақытқа билік жүргізе алатын қасиеті бар. Сондықтан олар үшін уақыт өте арзан нәрсе болып саналады, олар уақытты өз қалауы бойынша «жұмсай алады». Уақыт оларға мәңгі таусылмайтын нәрсе болып сезіледі, олардың уақыттан жалығатын себебі сонда.
Осы сәтте ғана Шу мен Ху кенеттен Хаосқа тек уақыт жетпейтінін түсінді. Яғни Шу мен Хуға сарқылмайтындай сезілген уақыт, Хаосқа жетіспейтін еді.
Егер Хаостың аузы, мұрны, көзі мен құлағын бітеп қойса, онда Хаос қайта тірілер ме еді?
Біз білетін Хаос қайта тірілді.
Шу мен Ху Хаостың ішіне кіріп, саңылауларды бітеуге кірісіп кетеді.
Тез әрі шапшаң.
Шу мен Ху кенет жетіп келеді.
Хаос қайта тіріледі.
Шу мен Ху Хаостың саңылауын бітеу жұмысын аяқтауға аз қалған кезде Хаостың өздеріне арнап дайындаған дәмді тағамдарын соңғы рет рақаттана жеп отырады. Олар Хаосты тез тірілту үшін тамақты асығыс-үсігіс жегендіктен, тамаққа қақалып-шашалып, ықылық атып, Хаостың саңылауын бітеуге қайта кіріседі.
Сөйтіп, біз өмір сүріп жатқан мына әлем Хаостан тұрады.