Хаос Оңтүстік теңіз бен Солтүстік теңіздің ортасында тұрады. Оған жолығу үшін Шу мен Ху үнемі бір уақытта келетін болыпты. Шу мен Ху өздерін онда еркін сезінеді, жалығуды білмейді.
Олар онда барған сайын Хаостың қарбалас жұмыс істеп әбігер болып жүргенін тамашалап отыратын болыпты.
Хаостың тамақты ерекше дәмді жасайтын өнері бар екен! Ол алыстан келген достарының көңілін көтеру үшін ылғи дәмді тағамның түрін-түрін жасап береді. Хаостың тағамдарды қалай дәмді жасағанын өзім де білмеймін.
Хаос оған қоса шарап құяды. Шараптың дәмі де тіл үйіреді екен.
Хаостың достарына тамақ әзірлеп, шарап жасағаны өзіне де ұнайды. Ол достарының тамақты ұнатып жегеніне мәз-мейрам болады. Десе де Хаос өзі нәр татпайды. Өйткені оның аузы жоқ екен. Оның аузы жоқ, сондықтан сөйлей алмайды. Ашығын айтқанда, көп сөйлемейтін Шу мен Ху үшін үндемейтін Хаоспен тіл табысу қиын болмапты.
Мұның өзі бір ғанибет!
Хаос не десең де пікір білдірмейді, мылқау адам сияқты отырады. Хаостың сөйлемейтін себебі ол сөз білмейді емес, қайта сөйлеуге шамасы жоқ. Былайша айтқанда, Хаос мылқау емес, оны мылқау деуге келмейді. Хаостың сөйлейтін аузы жоқ, мылқау адамның аузы бар, екеуінің айырмашылығы осы.
Шу мен Ху мәз-мейрам болып ішіп-жеп отырғанда, Хаос бір шетте оларға «қарап» отырған болады. Қарап отырған сияқты болғанымен, ол шын мәнінде ештеңе көрмейді. Ол көріп тұрғандай кейіп танытады, өйткені Хаоста көз де жоқ. Хаос ұятты біледі. Достары үйіне келіп, оның жайған дастарқанынан дәм татып, мәзмейрам болып отырса, олармен бірге дастарқан басына келмесе, ұят емес пе?! Сол себепті Хаос, көзі жоқ болса да, олардың қастарында қарап отырған сыңай танытады.
Енді біз Хаостың мүлдем басқаша екенін, шынымен де елден бөлек екенін бірте-бірте біліп келеміз. Оның аузы, көзі, оған қоса мұрны да жоқ. Оның тіпті құлағы да жоқ. Айта берсең, кіндігі де жоқ.
Хаос аузы-мұрны жоқ, жұмыртқа сияқты жұпжұмыр.
Бірақ оны Шу мен Ху қатты жақсы көреді.
Олар Хаоспен жақсы дос болып кетті! Тіпті айырылмастай достар. Шу мен Ху қашан келсе де, Хаостың дәмді тағамы, шарабы дайын. Әр келген сайын тамақтың түрін өзгертіп отырады, сол себепті жалыққан емес. Бұл жолы ішіп-жеп кетсе, келесі жолы тың дүние дайын тұрады.
Достармен бас қосу Шу мен Худың өмірінің маңызды мәніне айналды.
Олар тек тамақ үшін жүр деуге болмайды. Хаос ол екеуіне дәмді тамақ әзірлемесе де, жертөледегі жақсы шарапты шығармаса да, Шу мен Ху Хаоспен жүздесуге асығып тұрады. Өйткені олар шынайы досқа айналып кеткен. Шу мен Ху көп сөйлемесе де қатарларына Хаос қосылған соң қызықты бола бастады. Олардың (жоқ, үш адамның) сөйлесетін шексіз тақырыбы бар (Хаос сөйлемесе де) сияқты болады. Олар көп нәрсені талқылайды, дауласады, қызарақтасады. Сосын қайта қол алысып, құшақтасып, сыбырласып, ұзақ әңгімелеседі… Хаоста үн жоқ, бірақ оның орны бөлек.
Хаос басқа, ол салыстырмалы түрде айтқанда, «анықтамалық жүйе». Шу мен Худың байланысы барған сайын тереңдеп, бір-бірінен ажырамастай болып кетеді.
Хаос кейде басын изеген сияқты, кейде басын шайқаған сияқты болады. Денесінің мәлім бір бөлігін «бас» деп айтсақ дегенім ғой.
Хаос тек тыңдайды, сөзге араласпайды.
Хаос тек қабылдайды, пікір білдірмейді.
Кейде Шу мен Ху бір мәселеге байланысты өзара келісе алмай қалса Хаосқа жүгінеді. Хаостың құлағы жоқ. Бірақ Шу мен Ху оны мылқау деп ойлаған емес. Олар Хаос бәрін естиді, бәрін біледі деп сенеді. Олар Хаостың пайымына әбден сеніп алған.
Біз түсінбейтін нәрселерді (Мәселен, Хаостың көзі болмаса, ол қалай көре алады? Аузы жоқ болса, қалай сөйлей алады? Құлағы жоқ болса, қалай естиді? Мұрны жоқ болса, қалай тыныс алады?), Шу мен Худың түсінуі мүлде қиын болған емес. Олар Хаосты ерекше болмыс деп біледі. Хаос десе – Хаос. Ол тұтас бір тұлға, жұмыр дүние, оның білмейтіні жоқ, ол құдірет иесі, Хаос, ол бөлектен құралмайды (қол, ауыз, аяқ…), біртұтас нәрсе деп ойлайды.