Ауылдан түс ауа қайтып келген атасы мен әжесі немерелерінің бұл ерлігіне риза болғаны сондай, үшеуіне үш құлынды бәсіреге байлап берген. Соғып алған қасқырларының терілерін де «ауылға апарып көрсетіңдер, өздерің түсірген олжаларың ғой!» деп беріп жіберген. Сол еншілеген бәсірелері биыл дөнен болып, үшеуін Ақбоз, Көкбоз, Тоқбоз деп атап, әр келген сайын жандарына серік етіп, шапқылап мініп жүрген. Бүгінгі келістерінің жөні мынау.
Олар жолға жиналарда аталарынан бата сұрады.
Аталары:
– Ал, балаларым, қолдарыңды жайыңдар, – деді де:
Бір Тәңірім жарылқасын,
Кімді жарылқаса, соның жағында қылсын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын!
Адассаң, жолға салып жүрсін,
Сүрінсең, құлатпай алып жүрсін.
Мың бәле, жүз қатерден,
Аман-сау қағып жүрсін!
Ақ батам қабыл болсын,
Қабылдаушы қадір қылсын!
Әумин! —
деп, немерелерін бір-екі бел асырып шығарып салды.
Олар жолда келе жатқанда, Би кенеттен мынадай сауал қойды:
– Біз «Кеңістік сағаты» арқылы батыр бабаларымыз: Алып Ер Тоңға, Тұмар ханым, Мөде қаған, Шырақ батырлардың заманына жорық жасағалы жүрміз. Бірақ біздің бойымызда олар елеп-еске-рердей қандай ерекше күш-қасиет бар? Немесе олардың сый-құр-метіне бөленердей қандай ерлік жасамақпыз? Міне, соны ойла-дыңдар ма, бауырлар? – дегені.
Бой-бітімдері еңселі де сүйріктей жараған тұлпар мініп, көңілдері лепіріп келе жатқан бауырлары кенет ойланып қалды.
– Сен біздің әдемі ой-қиялымызды бұздың ғой, – деді Ер аузын бұр-титып. – «Қандай ерекше қасиет» дейсің. Біз күнде «Ерлік алаң-ында» әскери ойындар ойнап, күресіп, семсерлесіп, тир мен садақта көздеп атуды үйреніп, шыңдалып жүрміз ғой. Бұлар ерекше қасиет емес пе?
– Әр жазғы демалысымызды жайлауда өткізіп, аң аулап, із кесіп, бәсіре аттарымызды үйретіп, көкпар тартып, бәйгелерге қатыстық. Бұл жаттығулар да ерекшелік емес пе?
– Біріншіден, біздің бойымыздағы бұл ерекшеліктер ерте заман-дағы ата-бабаларымыз – олар үшін қалыптағыдай жағдай, – деді Би бауырларына сынай қарап. – Олар туа салып, көзін ашқаннан ат құлағында ойнап, соғыс өнерін үйреніп, игеріп ер жетеді. Ендеше олар бізді не үшін, қандай қасиеттеріміз үшін құрметтеп, өздеріне тең санап, жандарына серік етуі тиіс? Екіншіден, олар онсыз да ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетіп, тарихтан ойып орын алды. Ал, біз қандай ерлік жасап, оларға қандай үлгі көрсетпекпіз? Соны ойландыңдар ма?
Ана екеуі жауап орнына иықтарын көтеріп, көздері бозарып, ой қуған бастарын төмен түсірді…
«Түрік, ол елінде жүргенде бақалшық қауашағына жасырынған маржан сияқты, оның қадір-қаси-етін танып, бағалап жатпайды. Ал ол бақал-шықтан сыртқа шыққанда бағасы еселеп артып, патшалар тәжі мен сұлулардың мойын, құлақ-тарын безендіретін асылға айналады».
Алып Ер Тоңға (Афрасиаб), ер түркілердің кемеңгер патшасы.
«Назар салсаң, бұл түркінің бектері,
Жаһанның әз бектері, асыл тектері.
Түрік бектері ішінде атын асырған,
Алып Тоңға Ер еді, құты тасыған».
Жүсіп Баласағұн, «Құтты білік» XI-ғасыр.
Сақа мейрамы
Жолға тас-түйін қамданған Ер, Би, Нар аттарының басын «Ерлік алаңындағы» бабалар ескерткішінің алдына әкеліп тіреді.
– Тарих қойнауына сүңгитін жорығымыздың басын қайсы кезеңнен қайырсақ екен? – деді Нар бауырларына бұрылып.
– Әрине, Алып Ер Тоңға заманынан бастаймыз, – деді Би алдындағы бабаның алып мүсініне қарап тұрып. – Өйткені, тарихи танымымызды кітаптың алғашқы беті сияқты ең ежелгі дәуірден бастаған дұрыс емес пе. Ал Алып Ер Тоңға заманы – біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасыр.
– Ендеше VII-ғасырдың қай жылдарына сүрен саламыз?
– Меніңше «Кеңістік сағатымызды» біздің дәуірімізге дейінгі 626—625 жылдардың аралығына туралайық. Өйткені, дәл осы жылдарда бабамыз Алып Ер Тоңғаны парсы патшасы Кейхосрау алдап қонаққа шақырып, оны нөкерлерімен бірге у қосылған шарапқа тойдырып, қырып тастамайтын ба еді. Біздің мақсатымыз, соның алдын алу, бабаларымызды апаттан құтқару емес пе.