– Ежелгі дәуірлерге де барып келе аламыз ба? – деді Ер қуанышын жасыра алмай, жүзі алаулап.
– Иә, ол үшін уақыт белгілерін барғыларыңыз келген жыл, ғасыр, дәуірге қойып, картасына бойлық-ендіктері мен мекен-тұрақтарын түсіріп, туралайсыздар да, мына түймесін басып қала-сыздар. Сол мезет айнала кеңістік өзгеріп, қалаған дәуір, қалаған жерден шыға келесіздер, – деп, бәрін көз алдарында көрсетіп, түсіндіріп берді.
– Ал, кері оралу үшін ше?
– Онда мына көрсеткіштерді бүгінгі заманға туралайсыздар, – түймелерін басып көрсетеді. – Түсідіңіздер ме?
– Түсіндік.
– Онда, балалар, біз жиналайық. Ал, арман-тілектеріңізге жеті-ңіздер! Көріскенше!
– Сіздердің де жолдарыңыз болсын! Көріскенше!
Үркерліктер басқышпен көтеріліп кемелеріне кірді де, есіктер жабылды. Бір кезде қозғалтқыш іске қосылып, жерден баяу көтерілді де, асты-үсті жарқырап, ұршықтай шыр айналып, жұлдызды аспан-ның түнегіне бара-бара нүктедей кішірейіп сүңгіп кетті.
– Алақай! «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар!..» – деді Нар Алтынсариннің екі жол өлеңін айтып.
– Табылады!!! – деді қалған екеуі де қуана сағат ұстаған қолдар-ын жоғары көтеріп.
– Көптеген аңсарлы тілектерімізге жететін болдық!!!
Үшеуі күш пен жеңіс, шарапат – бірлікте дегеннің белгісі – жұдырықтарын түйістіріп, артынша түйілген қолдарын көкке көтер-ді.
– Енді Алла қаласа, батыр бабаларымыздың заманына жорыққа шыға-тын мүмкіндігіміз бар.
– Онда, бауырлар, жорыққа дайындалайық!
– Жорыққа дайындалайық!!!
***
Үшеуі Қарамерген жайлауындағы Жұмабай аталарының үйіне бір күн қонып, ата-әжелеріне деген сағыныштарын басып, ертеңіне олармен бірге таңғы шайға отырған. Шай үстінде Би:
– Ата, әже, біз жыл сайын жазғы демалысымызды сіздердің жанда-рыңызда өткізіп, жылқы бағуға қолқабыс тигізуші едік қой. Бұл жолы жоспарымыз өзгеріп, жайлауға шыға алмайтынымызды ескерткелі келдік. – деді ата-әжелеріне еркелей қарап.
– Бізге бәсіреге берген аттарыңыз – Ақбоз, Көкбоз, Тоқбоз атты мініп қайтсақ деп едік. Соған қалай қарайсыздар?
– Иә, тай-құлын кезінен мініп өскен өздеріңнің тұлпарларың ғой. Өздері де елеңдеп, сендерді сағынғандай елегзіп, күтіп жүрген. Аттың жайын білетін жылқышы балалар емессіңдер ме, мініңдер, рұқсат, – деді аталары мейірленіп. – Бізге көмекшілікке өзге неме-релеріміз де жетеді.
– Ой, шалым-ау, бұлардың орны бөлек емес пе? Не деп кет-тің?! – деді әжелері жік-жаппар болып. – Әне бір жылы бұл айна-лайындар ала жаздай бағып жүрген бір үйір жылқыңды түз тағы-ларына бермей, аман алып қалған жоқ па? Өзге немерелерім бұлардың орнын баспақ түгіл, тырнақтарына да татымайды, – деп, әжелері осыдан екі-үш жыл бұрынғы бір оқиғаны еске түсірді.
– Әрине, әрине, бұл немерелерімнің орны бөлек қой. Оған дау жоқ, – деп жатыр аталары да қауқылдап. – Менің айтпағым, «орнын жоқтатпайтындар бар, шүкір», дегенім ғой.
– Ә, солай демейсің бе, – деді әжелері де көңілденіп.
Ал, әжелері айтқан әлгі оқиға былай болған: Жазғы каникулдың жайма шуақ күндерінің бірі еді. Қариялар сол күні бір жұмыс-тарымен ауылға кетіп, жылқы басында Ер, Нар, Би үшеуі қалған. Олар қыр басында өздерінше алысып ойнап, жұлмаласып жүрген. Бір кезде сай жақтан бабымен жайылып жүрген жылқылар шұрқырай кісінесіп, дүрлікті де қалды. Көк айғыр да әрі-бері ойқастай шапқылап, ақырып-кісінеп, мазасы кетті. Балалар елең етіп, «не болды екен» деп анықтап қарап еді, қой тастардың арасынан қараң еткен бір қасқырды байқап қалды.
– Қасқыр! – деп үшеуі дереу төңіректерінде оттап жүрген ат-тарына қонып, «ит-құс келіп қалса» деп аталары сақтықпен қалдырып кеткен бұзаутіс қамшыларын көкке үйіріп, «қиқулап», сайға қарай жөңкіле шапты. Жақындағанда байқаса, қасқыр біреу емес, бес-алтау екен. Балалар сол екпіндеген күйі қасқырлардың алдынан кесіп өтіп, төбелерінен қамшы үйірді. Айналып келіп, үсті-үстіне соққылап, жасқап, соңдарынан түре қуып, екі бөлтірігін соғып алған.