киім-кешек, көрпе-төсегін, азық-түлігін артып, мені атқосшы етіп алып, түстікті нұсқап, «ал кеттік» деді.

Біз арбамен ұзақ жүрген жоқпыз, бір портты қалаға келгеннен кейін үлкен кемеге ауысып міндік. Қаншама теңіз-сулардан, таңсық елді-мекендерден өттік. Ақырында аңсап барған Элладаның Афины қаласына да жеттік. Осы жол-сапарымыздың өзі айта берсең, өз алдына ұзақ жыр-хикая. Мен одан да Афиныдағы қызықтарды айтайын. Сонымен қалаға келсек, халық ығы-жығы. Айнала жыпырлаған үйлер, қисық-қыңыр тасты көшелер. Біз ат-арбамызды керуен сарайға қойып, жаяу-жалпылап қала араладық. Бәрі біздің үстіміздегі киімімізді, түр-сипатымызды оғаш көріп, ошарыла қарайды. Түртіп, сипап көруге тырысады. Олардың жеңіл-желпі, салпылдаған кең етек киімдері, тас үйлері мен базарлары бізге де таңсық. Ауасы ыстық, қапырық екен, үсті-басымыз пысынап кетті. Оның үстіне тұйық көшелеріне талай тіреліп, адасып, қатты абыржыдық.

Үйлері мен адамдары жыпырлаған қаласынан көңіліміз қалып, елімізге қайтып кетпекші болғанбыз. Осындай жағдаймен салымыз суға кетіп, құмырашылар көшесімен келе жатқанымызда:

– Әй, бауырлар, сабыр етіңдерші, – деген өзіміздің түркіше ыстық сөзді естіп, артымызға жалт бұрылдық.

Эллинше киінген, сақалын қырынған, белінде ақинақ семсері5 жоқ демесең, түр-келбеті сақ жұртына тән адам қуып жетті. Біз таң қалып, аңырып тұрғанымызда, ол:

– Жаңылмасам, сен Дәукет ұлы Анарыс боларсың? – деді тосыннан.

Бөтен елде өзіміздің ана тілінде сөйлейтін біреуді кезіктір-генімізге әрі хан иемді танитын адам болып шыққанына қатты қуандық.

Анарыстың көзінен жас ыршып кетті.

– Ал, сен, бейтаныс жан, мені қайдан танисың?

– Мен де сендер келген өңірден шыққанмын, – деді ол. – Менің атым Тоқсары. Алайда сен танитындай текті тұқымнан емеспін.

– Көрер көзге танымағаныммен, сені мен де сыртыңнан білемін, – деді Анарыс. – Тоқсары деген біреудің Грекияға құмар-тып, отбасын Сақ елінде қалдырып, Афиныға қоныс тепкенін естігем. Қазір осында емші-дәрігер болып, халықтың құрметіне бөленіп, атақ-даңқың шартарапқа жайылғанынан да хабардармын.

– Иә, мен сол адамның нақ өзімін, – деді Тоқсары да толқып. – Ел-жұртым мені ұмытпай, еске алып тұрады екен-ау.

– Ендеше, біліп қой, – деді сонда Анарыс. – Мен сені өзіме ұстаз тұтамын. Грекияға деген құштарлығыңнан от алып, алдыма үлкен мақсат қойып, сенің артыңнан жеттім. Ата-бабаларымыз кие тұтқан семсер мен қалқанның, бір Тәңірдің атынан өтінемін, Тоқсары. Жат жерде жалғыз қалдырма бізді, өзің ертіп жүріп Афиныдағы, содан соң бүкіл Грекиядағы көруге тұрарлық жердің бәрін көрсет. Бұл жердің салт-дәстүрімен, халқы, мемлекет өмірімен де таныстыр. Осылардың бәрін көріп-білмей қайтып кетуімізге жол бере көрме.

– Сенің сөздерің, – деді Тоқсары, – құмарланып келіп есік алдынан қайтып кететін адамның сөзіне ұқсамайды. Афиныны да, бүкіл Грекияны да аралатып көрсетемін, білмейтін нәрсеңді үйретемін. Мұнда шеттен келгендерді баурап алатын кереметтер көп. Қаланың сиқырына бір еліксең, өзге нәрсені ойламайтын боласың. Афиныда Азия мен Еуропаны, Мысырды шарлап аралаған, көрген-түйгені мол, даналықтың шыңына көтерілген, ізгі қасиеттерімен бүкіл халықтың құрметіне бөленген Солон деген данышпан бар. Егер қаласаң, сонымен таныстырайын. Егер оның назарына бір ілігіп, досына айналсаң, ол арқылы сен бүкіл Грекияны білетін боласың, ең бастысы, оның қалайша әйгілі адам болғанын ұғынасың.

– Онда несіне тұрмыз, Тоқсары, – деді Анарыс тағат-сызданып. – Мені ең алдымен сол кісіге таныстыра гөр.


***

Біз Афины көшелерін аралай жүріп, айналасы гүлзар, жүзімдіктермен көмкерілген ақшаңқан, биік сарайдың алдына келіп тоқтадық. Тоқсары