– Па, шіркін! – деді Нар екі қолын мықынына тіреп, көкжиекке паңдана қарап. – Төңіректің барлығы менің табанымның астында. Мен соның қожасындаймын.
– Әй, мынау төмендегі шалқып жатқан Қара теңіз ғой!
– Ал анау тарам-тарам болып Қара теңізге сұғынып жатқан көк белдеу Днестр емес пе.
– Айналасының бәрі сонау шексіздікке дейін созылып жатқан жынысты орман.
– Ал, қожайындар, енді не істейміз? Қайда бет аламыз? – деді Ер төменгі баурайға дүрбімен көз салып тұрып.
– Кәне, берші, – деді Би Ердің қолындағы дүрбіні алып. – Сонау тау жартастарының етегіндегі ашық алаңды көрдіңдер ме? Геродоттың «Ахиллес ат ойнатқан алаң» дейтіні сол жер емес пе?
– Иә, ар жағы Днестр сағасы, жан-жағы жынысты орман.
Қолындағы сағат сияқты тағып алған тұсбағдарға қарады да:
– Мен сол бағытты белгілеп алдым. Ендеше, бауырлар, тарттық алға!
***
Олар адам аяғы баспаған қалың шілікті тоғайдың арасымен шөп-бұталарды жапыра, тікен, бүргендерді өткір пышақтарымен кескілеп, тыңнан жол салып келеді. Әредік-әредік алдарынан құр, шіл сияқты құстардың «пыр-пыр» етіп ұша жөнелгені, қоян, қарсақ сынды түз аңдарының үрке қаша жөнелгені болмаса, ет қайнатымдай жүргенде, тірі жанды, не болмаса ел-жұрттан хабар берер жол, сүрлеуді кездестірмеді.
– Е-е, – деді Нар маңдайын жырған бір тікенді бұтаны қолымен сындырып жатып. – Әр шақырым сайын елді мекен, жерлері тарам-тарам жолға айналған, ну орман, жынысты тоғай, қалың шілікті қыр-белдерден жұрдай болған бүгінгі Еуропа жерінің кешегі күні осындай адам аяғы баспаған жабайы, жапан түз болғанына тіптен сенбей келемін.
– Біз де солай ойлап келеміз.
– Әлгінде биік жотадан байқаған ашық алаңқайымыз қайда кеткен?
– Жоқ әлде адастық па?
Би қолындағы тұсбағдарына қарады:
– Мүмкін емес!
Үшеуі өстіп мойнын созып, жан-жақтарына қарап әупірімдеп жүріп, жынысты бұта арасынан да шықты-ау. Әлгіндей елегізген көңілмен ашық далаңқайлы алапқа іліккендері сол еді, бес-алты қадам жүрмей жатып алдарынан, бір тал қайың түбінен салт атты жас жеткіншекті көрді. Ол бұларға қаратып садағын кезеніп тұр екен. Бауырлар үшеуі де қолдарын көтергенімен, адамзат баласын жолықтырғандарына қуанып, күлімсіреп, жайлап жақындай берді:
– Бізде қару-жарақ жоқ, сіздерге достық көңілмен келе жатырмыз, – деді Ер өздерінің доспейіл екенін байқатып.
– Қайда бара жатырсыңдар? – деді жеткіншек сол сұсты күйі.
– Біз Анарыс деген кісіні іздеп келеміз.
– Анарыс?!. Ол кісі менің қожайыным ғой. Сіздер оны қайдан білесіздер?! – деді бала даусын жұмсартып.
– Біз ол кісінің қандас бауырлары боламыз.
– Анарыс бабаның ғұлама, данышпандығы, әлемдегі жеті ғұламаның бірі болғандығы жайлы сырттай естіп, атына қанығып, мақтан тұтып жүруші едік. Енді оны жақыннан танып-біле түссек деп, жолығуға бара жатқан бетіміз еді.
– Ой, ол кісіні менен артық ешкім білмейді, – деді жеткіншек садағын қылшанына3 салып, атынан түсіп, қауғалақтап. – Өйт-кені, мен оның бала жастан бергі атқосшысымын. Атым – Ардан. Міне, сықап алған қоржынымды көрдіңдер ме, қожайыныма бір аптаға жетерлік азық-түлік апара жатырмын.
– Бала жастан атқосшы болсаңыз, өте жақсы! – деді Ер қуанып.
– Онда сіз Анарыс бабамен Элладаға бірге барған боларсыз?
– Әрине! Е – е, онда біз тура ертегідей қызықты дәурен сүріп едік қой, – деді тамсанып. – Жолымыз бір екен, мен сендерге бұл хикаяны басынан-аяғына дейін айтып берейін, жол қысқарсын, – деді құлшынып.
– Иә, айтыңыз. Құлағымыз сізде, – деді балалар да көктен тілегені жерден табылғанына қуанып.
– Анарыс хан ием ата-бабасынан ел билеп келе жатқан тәңірқұт тұқымы. Бабасы Сапарғали, атасы Елек, әкесі Қоңыр – нағыз
үзілмеген тектен тараған. Анарыс хан иемнің өзі де таққа отыратындай мүмкіндігі бар еді. Бірақ таңдаған жолы басқа болды. Ол Қоңыр – Дәукет ханның грек әйелінен туған. Сол себепті шешесінің, бірге еріп келген арнаулы қызметшілердің тәрбиесін көп көрді. Жасынан эллин тілін де үйреніп, сауатын ашты. Оқу-білімге ұмтылып, нағашы жұрты – Эллада елін көріп-білуге ынтығып өсті. Сонымен бірге тұтық, билердің шешендік келесіне түсіп, сөз өнерін меңгерді. Өзі де билік айтып, шешендікке құмартқан. Әскери жорық өнерін де бір кісідей игеріп, талай жорықтарға қатысып, ноян-қолбасшы болды. Әкесімен бірге дау-шар, ел ішілік жиындарына араласып, билік мектебінен де өткен еді. Міне, енді таққа отырады, ел билейді деп жүргенімізде, тосын, күтпеген мінез көрсетіп, өзге жолды таңдады. Таққа бауыры Сабылды отырғызды да, өзі ұзақ жолға, сапарға жиналды. Үлкен сақ тегеленіне