Жамал. (шайды кезекшінің бетіне шашып жібереді) Онда осы тамақтарыңа қақалып өліңдер!

Кезекші. (шегініп кетіп, бетін алақанымен сипап, қалтасынан орамалын алып сүртіп, үсті-басын қағып-соғып жатып) Жеңгей! Мұныңыз не?!

Жамал. (орнынан атып тұрып кезекшіге төнеді) Ал сендердікі не?! Ә?! Мынау нағыз концлагерь ғой! Әлде фашист боп кеттіңдер ме?! (кезекші мен күзетшілер шегініп кетеді, не дерін білмей дағдарып қалады)

Гүлнәр. (өзінің ашылмаған термосын қоя салып, Беріктің термосын жинайды да соның жанына қояды) Дұрыс! Біздің өзгеден жанымыз бөлек емес. Бүкіл халық аш отырғанда тамағымыздан кесек өтетін біз хайуан деп пе едіңдер? Шынында да шейх оңбаған сұрқия екен.

Кезекші. Бикеш, хазіреті шейхке тіл тигізбеңіз!

Жамал. (оған және төнеді) Тигіземіз! Ал, не істейсің? Қылатыныңды қылып ал – қолыңда өлейік!

Кезекші. Жеңгей, қойыңыз, сабыр етіңіз. Сіздерді өлтірейін деп тұрған ешкім жоқ.


Күзетшілер термостарды жинап алып кетеді.


Гүлнәр. (Ларисаның жанына отыра бере) Қандай сұрқия еді әлгі шейх!

Жамал. (ол да Марияның жанына жайғаса бере кекете жауап қайтарады) Ол нағыз мұсылман емес пе! Мейірімді Алланың атымен өзі тамақтанады да, сол мейірімді Алланың атымен өзгелерді аштан қатырып, азаптап өлтіреді.

Гүлнәр. Иә, екі ұшты мораль.


Іңір түнге ауа бастайды, қараңғылық қоюлана түседі. Тұтқындар ұйқыға жайғасады. Жамал Марияны өзінің аяғына ауыстырып, жанына ана-мына киім төсеп, Лариса мен Берікті екі жағына жайғастырады. Гүлнәр сол отырған жерінде, маңдайын тізелеріне қойып қалың ойға шомып отыр. Бірте-бірте дыбыстар басылып, сахна қараңғылыққа батады. Тек Құран оқыған қаридың дауысы басылмайды. (пауза)

Сахнаны прожектордың жарығы тіліп өтіп, ортадағы топқа тіреліп тоқтайды. Барлығы сол орындарында. Кезекші келеді, оның соңында Иван.


Кезекші. Новиковтар! Тұрыңдар! Міне – сендерді алып кетуге келді.

Иван. Мама! Лариса! (шешесі мен қарындасына ұмтылады, сосын, Жамал мен Гүлнәрді танып, таңырқап кідіріп қалады) Гүлнәр?! Жамал тәте?! Сіздер мұнда не ғып отырсыздар?


Гүлнәр жігітпен сөйлеспейтінін білдіріп жүзін теріс бұрып әкетеді.


Жамал. Не ғып отымыз деймісің? Сенің анаң мен қарындасыңмен бірге миналардың үстінде ажалымызды тосып отырмыз. Сендер, нағыз мұсылмандар, бізді, кәпірлерді, не аштан қатырып, не жарып өлтіргендеріңді тосып отырмыз.

Иван. М-м… (қарындасына) Лариса, мен сендердің осында отырғандарыңды бүгін ғана білдім. Бірінші күні қаладан кеткен шығар деп жүргем. (шешесінің жанына тізерлей отыра кетеді) Мама! Мама! (Ларисаға) Мамама не болған?

Лариса. (жылап сөйлейді, дауысында ашу-ыза) Не, көрмейсің бе? Өлейін деп жатқан жоқ па!

Иван. (одан әрі сасқалақтайды) Қалай… өлейін деп? Неге?


Сөзі таусылған Лариса жүзін ағасынан бұрып әкетеді де солқылдап жылап жібереді.


Жамал. Сен осындай сұрақ қоюға ұялмайсың, иә! Неден өлейін деп жатқанын білмейсің бе? Көрмейсің бе, жұрттың қандай мүшкіл жағдайға түскенін? Неше күн болды бұлардың аш-жалаңаш отырғанына? Не су бермейді, не тамақтандырмайды, ауру-сырқаттарға дәрігерлік көмек көрсетілмейді, емшектегі балалар аналарының сүті тартылып қалғандығынан қырылып жатыр. Мүмкін сен осының барлығын білмедім дейтін шығарсың, ә?!

Иван. (Жамалға қарауға, оған жауап қатуға даты бармай, қарындасына) Лариса, мен сендерді алып кетуге келдім. Шейх маған рұқсат берді. Жүр, кетейік. (шешесін көтермек болады, сол жерде Мария ыңырсиды да бүкіл денесі мен аяқтарын созып, қырылдап өтіп кетеді, Иван оны орнына жатқыза қояды)

Лариса. (барлығын түсініп шешесінің үстіне жата кетіп боздап қоя береді) Ма-ма! Мама! Өлмеші, мама! Өлмеші деймін! Ма-ма!

Жамал