Ер адам. Ә-ә… Күйеуіңіз де осында ма?

Жамал. Жоқ, ол қалада қалды.

Ер адам. (қолын бұлғай салып) Қалада қалған адамдардың барлығы экстремисттермен бірге, соларды қолдап жүр.

Жамал. Жоқ, олай деуге болмайды. Шейх көздеген мақсатына жету үшін кез келген адамды пайдалана біледі. Мәселен, менің күйеуімнің беделін пайдаланып, гарнизон офицерлері мен сержанттарын өзінің партиясының мүшелігіне кіргізіп алды. Көрмейсіздер ме – мұндағы жастарды алдап-арбап, сіздерге айдап салып қойғанын. Бұлар не істеп жүргендерін өздері білмейді.


Жамалды қоршап тұрған топ үлкейіп кеткенін сезген күзетшілер прожектор жарығын шоғырландырып, мегафон арқылы халықтың тарағанын талап етеді. Адамдар өздерінің орындарына қайтып оралады.


Жамал. (орнынан тұрып, жан-жағына) Адамдар! Отандастар! Стадион жарылғыш заттармен миналанған. Бізге жарылыс қаупі төніп тұр. Енді қарап отыруға болмайды, қимылдап өзімізді азат етуге әрекет жасайық. Иә, экстремисттер бізді ұрып-соғар, иә, кейбіреуіміз оққа ұшармыз, алайда қораға қамалған қойдай, қашан құрбанға шалады деп отыра бергеніміз дұрыс болмас!


Жамалдың жанына кезекші бастаған екі-үш күзетші жетіп келеді. Олардың қолдарында бір-бір термос.


Кезекші. Сіз не – көтеріліске үгіттеп жатырсыз ба? Есіңізде болсын – бұл әрекетіңізден ештеңе шықпайды. Тұтқындардың барлығын қырып тастасақ та, бір де бір адамды сыртқа шығармаймыз. Стадионның жоғарғы жағында бәлен пулемет орнатылған, снайперлер отыр. Кімде-кім тәртіп бұзатын болса, сол жерде оққа ұшады. Бұйрық солай. Сондықтан халықты дүрліктірмей тыныш отырғаныңыз жөн. Стадион миналаныпты деп жалған мәлімет таратқаныңыз ұят болар. Білдей бір имамның жұбайы бола тұра өтірік айтасыз.

Жамал. Бұл жалған мәлімет емес. Бүны имам, Асқар айтты. Өздерің де ойланыңдар – шейх стадионды жарған кезде сендер де бізбен бірге көкке ұшасыңдар.

Кезекші. (күліп жібереді, оған жанындағылары қосылады) Қойыңызшы, жеңгей, жұртты күлдірмей! Хазіреті шейх бізді жарып тастайды дегенге сенетін біз ақымақ па едік? Әңгімені доғарыңыз да тамақтанып алыңыз. (жанындағы күзетші ұстап тұрған термосты Жамалға ұсынады, басқа күзетшілер қалған екі термосты Гүлнәр мен Берікке береді) Міне, бұл асты сіздерге хазіреті шейх беріп жіберді. Бүкіл халықтың алдында қаралағаныңызға қарамастан, хазіреті шейх сізді өз қамқорлығына алды. Оның пейілінің қандай кең екенін түсініңіз де ендігәрі халықты оған қарсы үгіттемеңіз.

Жамал. (термосын жерге қоя салып) Е! Ол не – бізді осындай арзан бағамен сатып алмақ па? Егер пейілі сондай кең болса, тым құрығанда балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді тамақтандырсын. Ауруларға дәрігерлік көмек көрсетсін.

Кезекші. Көрсетеміз, көрсетеміз. Уақыты келгенде бәрі де болады. Ал тамақтаныңыз, не ғып тұрсыз? Жеңіздер, біз тоса тұрамыз. Термостарды алып кету керек.


Берік өзінің термосын ашып, Ларисаға шай алып береді.


Берік. Лариса, мә, шай ішіп ал.

Лариса. (әуелі шайды ұрттап-ұрттап жібереді де, сосын шешесі есіне түсіп ыдысын оның аузына тосады) Мама, мә, шай ішші. Мама! Ояншы, міне, Берік шай берді, ішші…


Кезекші қыздың қолындағы шайды төге-мөге жұлып алады да Берікке қайтарып береді.


Кезекші. Әй бала, өзің іш! Бұларға беруге болмайды.

Жамал. (ол да өзінің термосындағы шайын Марияның аузына тосады) Мария! Есіңді жи! Міне, шай іш!

Кезекші. (ыдысқа жармасып) Айтқан жоқпын ба – өздерің ішіңдер деп! Бұларға беруге болмайды.

Жамал. (ыдысы бар қолын кері алып кетіп) Неге?! – шөлден өлейін деп жатқанын көрмейсің бе?

Кезекші. Болмайды деген жоқпын ба! Бұйрық сондай. Біз тек бұйрық орындаушымыз. Осындағыларды біз тамақтандырмаймыз, мына тамақты сізге шейх арнайы бұйрықпен бергізіп отыр. Тезірек ішіңіз, біздің уақытымыз жоқ.