Лариса. Міне, су сұраумен болады… қайдан аламын мен оны! Кішкентай балалардың өзіне бермейді.

Жамал. Мария! Әй, Мария! Сен мені естіп тұрсың ба? Мен Жамалмын ғой!

Мария. А-а… Жамал? Сен… сен…

Жамал. Иә, менмін ғой! Міне, Гүлнәр да, Берік те жанымда.

Гүлнәр. Саламатсыз ба, Мария тәте.

Мария. А-а… Гүлнәр… амансың ба? Сен Ваняның қайда жүргенін білмейсің бе?

Гүлнәр. Ж-жоқ… білмеймін. Мен оны осы күндері көрген жоқпын. Ол… ол… оның қолы бос емес… қолы тимейді.

Берік. (ол да жақындап келеді) Саламатсыз ба, Мария Петровна.

Мария. А… Берік? Амансың ба… (Жамалға басын бұрады) Бұл қалай, Жамал?

Жамал. Міне, әлгі шейх, ең үздік мұсылман, бізді кәпір деп осында қамады.

Мария. А… Асқар ше?

Жамал. Асқар не! Асқар енді бармағын шайнап жүр. (Марияның маңдайына алақанын тигізеді) Сен не – ауырып қалғанбысың?

Мария. Жоқ… жоқ, мен тек жаман шаршадым. Иә, мен шаршадым. Кішкене болса да демалсам деймін… ұйықтап, тынықсам деймін… бірақ ұйықтай алмаймын. Жүрегім қысып ұйықы бермейді… содан… (тағы да сандырақтап кетеді) Ваня келмей қойды… А! Әне! Келді! Ваня! Ваня деймін! Бері келсеңші, жақындасаңшы! Мен ғой, мен, мамаңмын ғой! Не болған саған? Сен не – мені танымай тұрмысың? Неге үндемейсің? Әлде танып тұрып жоламай жүрсің бе? Қайда кеттің тағы да? А? Ваня! Ва-аня!


Лариса көз жасын сүрте бастайды, Гүлнәр да жылап отыр.


Мария. Су! Су! Лариса, су берші. Өтінемін, су әкеп берші…

Жамал. (жан-жағына қарап) Не істесек енді?

Лариса. Білмеймін…

Жамал. (орнынан тұра беріп) Мен аналардан су сұрайын.

Лариса. Текке әуре болмаңыз. Бәрібір бермейді. Қаншама адам су сұрап шулайды, балаларға, бала емізіп жүрген әйелдерге де бермейді ғой!


Жамал отырған жерге тұтқындар жақындап жинала бастайды.


Бір тұтқын. (Жамалға) Сіз жаңа ғана қаладан келдіңіз бе?

Жамал. Иә.

Ер адам. Ондағы жағдай қалай?

Жамал. Мұндағы жағдайдан сәл жақсы, алайда онда да жұмақ орнай қойған жоқ. Бүгін шейх Ғабдуррахман шариғат сотын ашып бір әйелді дүреге жығып, содан әлгі бейшара көтере алмай өліп кетті. Бір күмәжнік ұрлаған жігіттің қолын шауып тастады, және екі қаршадай қызды, «дұрыс киім кимедің» деп сабап жіберді. Шейхтің айтуынша бұл тек бастама ғана, сотын тосып отырған қылмыскерлер толып жатыр дейді. Сондықтан ол әлі біздің адамдардың қанын суша ағызады. Қалада азық-түліктің тапшылығы біліне бастады, нан мен қант, май мен сүт, ет пен шұжық, ұн, жарма және макарон өнімдері, әйтеуір, негізгі азық-түлік арнайы кәртішкемен норма бойынша сатылады.

Бір келіншек. (қолында емшектегі нәрестесі бар) Ал біз жөнінде жұрт не дейді? Өзі стадионда мұншама халық азап шегіп жатқанын қала тұрғындары біле ме? Әлде бізді «кәпір» деп, «оларға со керек» деп жүр ме екен?

Жамал. О не дегеніңіз! Сіздерді кәпір дейтін тек шейх пен оның сардарлары ғана. Мүмкін біреулер білген де шығар, ал өз басым бүгін ғана естідім. Айтайын ба – айтпайын ба, білмей тұрмын… бірақ, сіздер білуге тиістісіздер. Бағана күйеуім айтты: стадион басынан аяғына шейін миналанған екен. Қаланы қоршауға алған әскер шабуыл жасаса, шейх ең әуелі стадионды жарып көкке ұшырады. Сондықтан да президент қарулы күштерді қолдана алмай отыр.

Келіншек. Сонда не? Біз миналардың үстінде отырғанымыз ба?

Жамал. Иә, солай болғаны ғой. Әйтеуір күйеуім солай деді.

Ер адам. Сіздің күйеуіңіз кім еді?

Жамал. (бір мезет кідіріп қалады) Менің күйеуім имам. Қалалық мешіттің имамы Асқар. Білуші ме едіңіз?

Ер адам. Естігенім бар, бірақ таныс емеспін. Сонда не – сіздің күйеуіңіз экстремист пе?

Жамал. Жоқ, ол экстремист емес. Бірақ ол төңкерістен бұрын «Әл-хизб» партиясының жиналыстарына қатысып жүріпті. Шейх оны өзінің партиясына шақырған екен, ал күйеуім келісімін бермепті. Ол экстремисттердің мына істерін қолдаған жоқ, бірақ, өкінішке орай, оларға қарсы тұра алмады. Ал мен бүгін, шариғат сотында, көпшіліктің көзінше не ойлайтынымды шейхтің бетіне басып айтып салдым. Сол үшін ол мені осында қамады.