Жеті атаны тарқатып, санаудың көнеден келе жатқан бұдан басқа жолы жоқ. Осы ретте айта кететін тағы бір жайт – көп әулеттер ағайындық қарым-қатынастарын тек жеті атасымен ғана шектеп қоймайды. Ақсақалдары жиылып, арнайы шешім шығармайынша олардың туысқандық қатынастары жетеуден асып, әрі қарай оныншы, он екінші аталарға да ауысып, жалғаса беретіндігі бар. Бұл әулет адамдары арасында қалыптасып, кең таралған аса бір үлкен бауырмашылдық белгісі екендігі анық. Жаһан халықтары арасында түрлі әзіл-күлкілі әңгімелерге арқау болған, туысқанға ең бай халық қазақ екендігі де содан ба дейміз.
Құлаққағыс ете кететін тағы бір мәселе–жөн сұраса келгенде арамыз 2 ата немесе 3 ата, 4 ата деп емес, 2– немесе 3-, 4– атадан қосыламыз деп айту дұрыстау сияқты. Өйткені туыстық ара-қатынастарды түсіндіру үшін бұл жеңіл тәсіл. Сонымен жеті ата жөнінде айтқымыз келгені негізінен осылар. Кезек күттіріп тұрған өзге де тақырыптар бар болғандықтан осымен жеті ата жайлы әңгімемізді тамамдаймыз. Келесі тілге тиек етіп айтарымыз–қазақ атауы. Енді соған көшейік.
Қай ел, қай халықтың тарихы жайлы сөз қозғамайық, оның алтын қазық арқауы, аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын тақырыбы–қашанда қарға тамыр қазағымның осы «қазақ» деген атауы. Сондықтан біз де шежіремізді әрі қарай осы айтып отырған «қазақ» атауы тарихымен сабақтастыра жазғанды жөн деп санадық. Ендеше, жеті атадан басталар шежіреміз кешелері күн кешкен қазағым мен оның көне тарихы жайлы не дер екен, енді соны бағамдап көрейік.
2бөлім
ҚАЗАҚТАР КІМДЕР, ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Ана құрсағынан ән-күй мен сөз қадірін біліп туар от ауыз, орақ тілді қазағым үшін бұл керек-ақ нәрсе деп ойлаймыз. Өйткені бесіктен белі босамай жатып, жеті ата мен ру, жүзіне дейін сүрінбей, судыратып тұратын ол, ал «қазақ кім, ол қайдан шыққан?» деп тікесінен сауал қоя қалсаң тілін жұтып қойғандай кібіртіктеп, тосылып, жауап бере алмай қалатыны бар.
Қысылмай мойындауымыз керек, тегіміздің "қазақ" деген атауынан арғы жағын білмейміз. Бұл бүгіндері үлкеніміздің де, кішіміздің де, кәріміздің де, жасымыздың да басындағы кемшілік. Өзге ұлт өкілдерінің біразында бұлай емес. Мәселен, мұхиттың арғы жағын мекендейтін мексикалықтар біздің эрамызға дейінгі көне ацтек өркениетінен өрбитіндіктерін, ал тұрақтары беріде, еуропалық материкте жатқан испандықтар мен португалдықтар, француздар мен швейцарлықтар біздің эрамызға дейінгі 2–1 мыңжылдықтар арасында қалыптасқан әйгілі алпілік кельт нәсілінен бастау алып тарайтындықтарын, ал германдықтар 4 ғасырдағы жауынгер гот тайпаларының ұрпақтары екендіктерін тарих бетіне тасқа таңба басқандай етіп әлдеқашан жазып, қалдырып кеткендіктері белгілі.
Алысқа бармай-ақ қояйық, қасымыздағы «төсекте басы, төскейде малы қосылған» орыс көршіміз, мәселен, өздерін 6 –10 ғасырларда жасаған, древлян, поляндар болып екіге бөлінетін көне ильмендік словен тайпаларының алғашқы бұтағынан екендігін айтып келеді.
Ал қазақтар ше? Қазақтың да бір түнде туып, бір күнде «қазақ» аталмағаны бесенеден белгілі. Шығу тегімізді зерттер этногенез ғылымы біздің бұл пікірімізді толығымен құптайды. Қазақтар да өзгелер сияқты мыңжылдық тарихы бар, Елбасымыз айтпақшы, мәңгілік ел екендігі баршаға аян. Біреу бізге есіміңді білмейсің десе, есі дұрыс па осының деп жатып ашуланар едік. Ал