Арқалық қаласының тұрғыны жазушы, мәдениеттанушы, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының 2010 жылы "Ана тілі" газетінің 4 бетінде басылған "Жеті атаны білуіміз керек" деген мақаласында:"Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын білер. Жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер",-деген жүйелі сөз қөп мағынаны білдіреді. Сондықтан да біздің атабабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, ата мекенін, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған. Бұл жолды қазақтың аяулы әрі білімдар перзенті Дінмұхамед Қонаев та ұстанған. Өзінің "Ақиқаттан аттауға болмайды" атты кітабында ("Санат" баспасы, 1994 ж.) былай деген:"Ал енді өзіме дейінгі жеті атамды қуалап айтсам былай: Жолын–Нұрмамбет–Азынабай–Қонай–Жетібай–Жұмабай–Меңліахмет–Дінмұхамед" (13–14 бет). Басқа білетіндер де, мысалы Сәбит Мұқанов та осылай таратқан, осыған тоқтаған. Ал бұған біз неге тоқтамай жүрміз?
Ата-бабаларымыз жеті атаға дейін қан араластырмайды, туыстық қалыпты бұзбайды. Сегізінші атадан бастап жаңа ру атын белгілейді. Бұл үшін сол атаның ақсақалдары мен билері, ел ағалары ру мүшелерін шақырып, боз бие сойып баталасып, осымен жеті атаға толып, бұдан былай қыз алысып, қыз берісетін құдалыққа рұқсат ететін жол ашады. Бұл дәстүр– текті, дені сау, таза ұрпақ өсуінің кепілі. Осындай текті ұрпақ өсіру тәрбиесін бұрынғылар ертеден-ақ білген және оны қатты қадағалап отырған",-деп орынды айтады.
Сонымен қатар зерттеуші қыздан тарайтын ұрпақтарды: жиен, жиеншар дейтінімізді, ал одан кейінгілерін көгеншар, дегеншар деп атайтындығымыз ұмытылып бара жатқандығын тілге тиек етеді. Таңқалмасқа болмайды, арамызда жеті атасын қарапайым әдіспен–бармақ басып санай алмайтындар да бар. Қосылып-ақ санайсыз ғой, бірақ санай келе, мәселен, атасы не үшінші, не төртінші болса, түлен түрткендей «жоқ, олай емес, ол бесінші не алтыншы атам» деп жөн-жосықсыз табан астында айнитындар да табылып жатыр, оған не дерсіз. Біздіңше, жеті атаны жоғарыдағы мақаласында ғалым-этнограф, жазушы, С.Кенжеахметұлы тілге тиек етіп кеткен халқымыздың тарихы пен шежіресін бір кісідей жете білетін аяулы азаматтары–кезінде бірі еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері, патшасы, ал екіншісі қоғам қайраткері, айтулы классик жазушысы болған Д.А.Қонаев пен С.Мұқановтан артық кім бөле-жара дұрыс, жеткізе санай алмақ дегіміз келеді. Осы ретте бүйректен сирақ шығарып, «велосипедті» қайта ойлап табуға ниеттенбей, кезінде білетіндер салып кеткен сүрлеу, соқпақ жолмен неге жүре бермеске деп ойлайсыз?!
Мысалы, шежіремнің ұрпақ тарқату кестесінде көрсетілгендей, менің 5-атам Сұңқар болса, менімен туыс, құрдасым Шүкірбек бауырымның да 5-атасы Сұңқар. Демек біз онымен бесінші буыннан қосылатын ағайынбыз. Қарапайым арифметика емес пе, екеумізге ортақ осы Сұңқар баба кейінгі ұрпақтарымыздың 7-аталарына айналған шаққа дейін олар өзара туысқан жандар болып қала бермек. Туыстық ара-жіктері 8-атаға өтерде ғана ажырайды. Қалабай баба Айтмахан ағамыз бен әкеміздің 3-атасы болса, ал менің 4-атам. Ендеше мен Айтмаханмен төртінші атадан қосылатын туыспын. Әлібек баба