«Қазақ шежіресі», Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресі, Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресі», Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресі», «Қаратамыр шежіресі», Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз шежіресі», Жарылқап Бейсенбайұлының «Кіші жүз шежіресі», «Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыршежіресі».

Өткен өміріміз мен тегіміз жайлы, ел бастаған биіміз бен қан майданда қаһарымен жауын қашырған батыр бабаларымыз туралы шымырлаған шындықты шынайы, бүкпесіз жеткізіп бере алатын тек осы шежірелер. Еліміз бен жеріміздің сол кездегі жағрафиясынан да, тарихынан да, ел басқару ісіндегі ерекшеліктерінен де, салт-сана, дәстүрлерінен де, тіпті тұрғын жұртының түтін саны мен талшық етер тамағы мен мал азығының түр, шамасынан да ақпарат берер осы шежірелер.

Қазақтың сол заманда өмір сүрген көкірегі ояу, көзі қарақты азаматтары үшін оқыр ілімі де, зерттеп, ойына тоқыр білімі де, ақ қағаз, көк сиямен жалықпай жазып, ұрпаққа аманат етіп қалдырып кетер жазу-сызулары да негізінен осы шежілер болды.

Ардақтап "шежірем, алтын тұғырым" дейтініміз де, оны тәбәрік тұтып, жоғары ұстайтынымыз да осыдан. Құдайға шүкір, қазақ деген әулетіміз бар, сол әулеттің ешкімнен кем түспейтін әлеуетті шежірелері де бар екенін тағы айтып кетпекпіз. Солардан теріп алып жазарымыз жұқа болса да жұтаң емес, жұрнақты болар деп үміттенеміз. Кейінгі толқын буынға одан шама-шарқымызша сыралғылатып сыр қозғап көрмекпіз.


1 тарау


1 бөлім


ЖЕТІ АТАМ МЕН ЖЕТІ БУЫНЫМА ДЕЙІН


Қазақ шежіресі «әу» дегенде жеті атасынан басталады. Жеті атамызды білмейтін шежіре жетімсіреп тұратыны анық. Жеті атамызды білу үшін әкемізден бастап, жетінші буынға дейінгі тегімізді: әкемізді, атамызды, арғы атамызды, бабамызды, арғы бабамызды, түп атамызды, тек атамызды білуіміз шарт. Кері қарай санайтын болсақ бұл енді ата емес, ұрпақ санын білдіреді. Демек: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жүрежат (жүре келе жат) болып келеді де, сегізінші ұрпаққа жеткенде туажат деп аталады. Мағынасы: ол кім, мен оны білмеймін, ол маған қандас туыс емес, туғалы жат жан дегенді аңғартады. Сондықтан осы «туажатқа» дейін біздер қыз алыспайтын туысқан, бауырмыз. Қазақ бұл дәстүрді ұрпақ қанын бұзбай, оның ағза мен жан тазалығын сақтау мақсатында ұстанғаны белгілі.

Жақын адамдар қан араластырса бойларында белең алған ауру-сырқау, тағы басқа ағза кемшіліктері келесі ұрпаққа тұқым қуалап, күшейіп жетерін бүгінгі медицина мен биология ғылымдары әлдеқашан дәлелдеп берген. Ата,ұрпақ түсініктерімен қатар оларға туыс буын деген де ұғым бар. Бірақ бұларды бір-бірімен шатастырып алмауымыз керек. Буын сөзі ата мен ұрпақ түсініктеріне олардың реттік сандарын анықтарда қосылып айтылар ортақ атау. Мәселен, 13-ата немесе 5-ұрпақ деп емес, 13 буындағы атасы, 5 буындағы ұрпағы деуіміз дұрыс естілмек. Сонымен Ата дегеніміз атынан-ақ көрініп тұр, шаңырақ құрған, артында ұрпақ қалдырған буын. Ал артында ұрпақ қалдыра алмаған буынды ешкім ата дей алмайтындығы бесенеден белгілі. Ол тек буын күйінде қала бермек.

Буынды ортақ атау дейтін себебіміз – өмірде бір әке, бір шешеден бір-ақ бала тумайды ғой, олардың бірнешеу болып келетіндігі әбден мүмкін. Бірақ осындай біртуған, біртуған болмаса да құрсақтас, құрсақтас болмаса да кіндіктес, кіндіктес болмаса да ағайын болып келетін аталар мен ұрпақтар саны қаншау болмасын реттік санын өзгертпей бір буын болып саналатындығы екібастан белгілі.

Бәз біреулер жеті атасын өзінен бастап тарқатады. Бұл дұрыс емес. Қандай ұрпақ болмасын жеті атасын әкесінен бастап санауы тиіс. Егер туыс буындардың жетінші аталары бір адам болса олар әлі де болса қыз алыспайтын жақын туысқандар. Себебі тұқым қуалайтын қандық белгілер биологиялық деректер бойынша жетінші буыннан кейін ғана әлсіреп, өше бастайтын көрінеді. Әлбетте,