("Ана тілі" газеті. 5 б. 15 сәуір,2005 ж.). Осылай дей келе қожалардың ішіндегі аға буынға кезінде пайғамбарымыздың сахабасы, кейін екінші халиф болған әйгілі Омар бин Хаттаб, белгілі дін уағыздаушылары Шайхы Бұзырық, оның ұлы хазірет Аиуб Әмин, оның жолын ұстаушы ұлы Гирамад Әзиз шыққан Саид тобын жатқызады.      Гирамад Әзиз VIII ғасырдың ортасында араб әскерімен Түркістан жеріне келгені белгілі. Бұл дін үшін болған мұздай қаруланған араб пен қарақұрымдай қаптаған сары шерік киген қытай әскерлерінің арасында 751 жылы болған әйгілі Атлах шайқасының қарсаңы болуы да ғажап емес. Жұртқа өз еріктерімен де, күшпен де ислам дінін енгізе алмаған арабтар, кейін өз нәтижесін берген тәсілмен, мешіт, медреселер салып, ислам дінін ақырын, асықпай уағыздай бастайды.

Сайдаққожа Жүсіпұлы мақаласынан әрі қарай: «Сол бір дін уағыздаушы Гирамад Әзиздің ұрпақтары Баба Туклас пен Ысқақ Баб қазіргі қазақ халқының арасында өмір сүрген адамдар. …Ысқақтың мешіт-сағанасы Баба Ата қаласында әлі сақтаулы тұр. Оның ұрпақтары Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Яссауи де тарихқа белгілі адамдар. Саид тобына қазіргі қожа рулары Сеид, қожа, Аққожа, Диуана қожа, Қылышты қожа, Қырық садақтар кіреді»,– деген шежіре жолдарын тауып оқуға да болады. Мұнда сонымен қатар қожалардың пайғамбар әулеті болып саналатын Қорасан тобы, төрелермен қаны араласқан Бақсайыс тобы, Жүсіп қожа, Түрікпен қожалар жайлы мағлұматтар беріледі.

Ал төрелер туралы айтар болсақ, Дешті-Қыпшақ пен қазақ даласына билік етіп, ұлыс хандығын құрған Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ұрпақтары халық арасында әлі күнге дейін өздерін төрелерміз деп атайтындықтары белгілі. Қазақтар қарадан ешқасан хан сайламаған. Тарихымыздағы қазақ хандығының шаңырағын көтерген Керей мен кемеңгер әз-Жәнібек, елдің іргесін созып, кеңейткен қасқа жолды Қасым мен данышпан Тәуке, олардан кейінгі, аттары алты алашқа аян қазақ халқының тәуелсіздігі жолында жоң-ғарлармен жан аямай соғысқан сайыпқыран Әбілқайыр мен ұлы Абылай, ақ патшаның бодандық саясатына қарсы он жыл бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей жанкешті күрес жүргізген оның жүрек жұтқан немерелері Кенесары хан мен Наурызбай сұлтандар, кіші жүздің соңғы Жәңгір ханы, қазақтың тұңғыш ағартушы-ғалымы Шоқан Уәлиханов, Алаш-Орданың үкілі жетекшілерінің бірі Әлихан Бөкейханов, оның жанқияр, тынбас күрескерлері Сыздық, Әзімхан Кенесариндер, халық арасына аты кең тараған, әйгілі күйші, сазгер, домбырашы Дәулеткерей, ұлттық медицина университетіне есімі берілген атақты ғалым Санжар Асфендияров, қазақтың үлкен гидролог ғалымы, Мәскеу митрополитенін салуға атсалысып, сіңірген еңбегі үшін оның тас қабырғасына аты өшпестей болып қашап жазылып қалған Натай Әзімханұлы Кенесарин, Республикамыздың мемлекеттік елтаңбасын жасап берген, сырт жұртшылыққа да есімі кең танымал сәулетші Шота-Аман-Ыдырысұлы Уәлиханов, бәрі, бәрі Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары екендігі баршамызға мәлім.

Төрелерміз деп өздерін тек бұлар ғана емес, Шыңғысханның өзге ұлттар құрамындағы ұрпақтары да «бабамыз нұрдан жаралған» деп өздерін дала ақсүйектері санатына жатқызады (Д-р. Эренжен Хара-Даван–Чингис-хан как полководец и его наследие. Алматы. Из-во "КРАМДС–Ахмед Яссауи. 1992 г.) Ал төлеңгіттер жайлы айтар болсақ, Зайыр Сәдібеков өзінің «Қазақ шежіресінде» бұл туралы:«Қазақ сұлтандары мен хандарының көрші-қолаңы, малайлары мен шабармандарынан тараған ру. Бұлардың көпшілігі ертедегі жаугершілікте қолға түскен әр түрлі ұлттардың адамдары. Солар өз ара бір-біріне қыз беріп, қыз алысып Төлеңгіт руымыз деп өздерінше аталып кеткен. Төлеңгіт руы қазаққа не үш жүзге жатпайды. Төлеңгіттер Орал облысының Орда ауданын мекендейді»