,-деп жазған (Төлеңгіт руы. 8 б.).
Ал Хамит Мадановтың «Кіші жүз шежіресінде» бұл жөнінде былай делінген: «…Төлеңгіттер Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз ру-тайпалары орналасқан жерлердің бәрінде де кездеседі. Сан жағынан аса көп болмағанымен, қауымдасып өмір сүріп, қай жерде кездессе де бір-бірін қандас, қарындас санап, қыз алыспай жүретін Төлеңгіттердің шығуы жайлы керағар пікірлер көп. Біреулер «Төлеңгіт» деген ханның төңірегіне жиналған қызметкері, ру емес деп бұра тартса, енді біреулері ол ертеде қалыптасқан, «Мерген» деген атадан руға айналған дейді». Ал шымкенттік зерттеуші Даниярбек Дүйсенбайұлы төлеңгіттердің тегін Үйсін бабамен байланыстырады. Оларды Үйсіннің қытайлық келіншегі Ля Руннан туған Төлеңгіт атты баланың ұрпақтары дегісі келеді. Сөйтіп оларды: төре-төлеңгіт, қалмақ-төлеңгіт, моңғол-төлеңгіт, сосын тағы біреуін келтіріп, төрт тармаққа бөліп жіктейді. Х.Мадановтың айтуынша төре-төлеңгіттер Көкшетау, Талдықорған, Шығыс-Қазақстан облыстарында қоныс тепкен.
Көне көз шежіреші қарияларға жүгінер болсақ, олар төлеңгіттерді сонау Шыңғыс ханның кезінде, соның төңірегінде топтасып, қалыптасқан дербес руға жатқызады. Біздер осы байламды қабылдауға бейімбіз.
Әйткенмен жүзге кірмейтін тайпалар саны бұл үшеуімен шектеліп қалмайды. Олардың қатарында көбіміз біле бермейтін өзге де біраз ру, жұрттар тобы бар. Мәселен, Ноғайлы (Ноғайты) руы. Олар XVII ғасырда Ноғай ұлысының соңғы ордасы Аштархан хандығы құлағаннан кейін қазақ жеріне келген. Сөйтіп тілі мен діні ұқсас қазақ руларымен араласып кеткен. Ал Алтай-Қарпық руы Алтай бөктерін мекендеген қарлұқтардың бір сынығы. Бұлай деп XVIII ғасырда қазақтар арасына сіңе бастағанда аталған. Бұлардан өзге қазақтармен етене аралас-құралас болып кеткендердің бірі–Қалпақ руы. Ол XVIII ғасырдың соңында Хиуа жерінен келген қарақалпақтардан құралған. Ырғыз, Шалқар өзендерінің маңын мекендейтін көрінеді. Ендігі бір топ–Қырғызәлілер. Олар XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығынан ығып, қазақ жеріне келген қырғыздар. Бұлардан басқа қоныс аударушылардың ішінде–Қараша руы бар. Бұлар XVII ғасырдың соңында Цин (қытай) патшалығы жоңғарларды ойсырата талқандағаннан кейін солардың қазақ жерін паналаған Қарашың батыр (Гуранты Доржи) бастап келген тобынан құралған. Кейін соның атымен Қараша руы деп аталып кеткен.
Қазақтарға сіңіп кеткен ендігі бір үлкен топ–Қатаған руы. Ол XIV ғасырда Едіге батырмен бүгінгі қазақ жеріне келіп, қалып қойған ноғайлардың бір сынығы деген дерек бар. Олар алдымен Ұлытау, кейін Ташкент маңын мекендеген көрінеді. Ұлы жүздердің арасында жүргенде қалып қойған бір жұрты соларға өз атымен сіңіп кеткен бүгінгі Шанышқылы руы екен. Өйткені қатағандар іштей Жайма, Шанышқылы, Бөлеген, Сарықатаған деп бөлінетіндігі белгілі.
Келесі бір топқа – Дүрмен-Барлас руын жатқызуға болады. Оларды біраз зерттеушілер атақты Темірлан көрегеннің барлас руы мен найманның бағаналы атасынан құралған ру деп жүр. Ақмешіт (Қызылорда) маңын мекендейтін көрінеді. Ал Ташкент төңірегін қоныстаушылары өзбектердің құрамында еніп кеткен. Бұлармен қатар аты ауызға сирек алынып жүрген топтың бірі – Баршылық руы. Олар VIII ғасырда Орта Азия жеріне Қорасандық Шайбан шаһпен еріп келген парсылар көрінеді. Олар Сырдария, Ташкент, Жизақ маңына қоныстанған көрінеді.
Солар секілді құлаққа таңсық естілер рулардың бірі– Маңғытай руы. Бұлар ноғайлының маңғыт руы мен Саңғыл бастаған қытай жұрты сынығынан XIV ғасырда топтасқан ру екен. Шамалы жұрты Қоңыраттарға да сіңіп кеткен көрінеді. Оған аты ұқсас тағы бір рулы ел – ол моғолтайлар. Үндістанда билік еткен барлас руынан шыққан әйгілі түрік Бабырдың Моғолстан қағанаты құлағаннан кейін оның қазақ жеріне қоныс аударған шамалы жұртын жергілікті халық кейін келе