Қ. сөзінің шығуы жайында әр алуан жорамал, аңыздар бар. Мыс., Рашид ад-Дин Қ. сөзін "қабуқ" (қабық, іші бос қуыс ағаш) деген ұғымнан пайда болған дейді. Оғыз қаған бір жорықтан қайтып келе жатқанда, ағаш қуысында жаңа ғана босанып, ұл туған әйелді кездестіреді де, ұлды асырап алып, атын Қыпшақ қояды. Өскесін Қ. атақты батыр, қолбасшы болып, ел билейді. Одан тараған ұрпақтар Қ. аталып кетеді. …Бірақ мұның бәрін мәселенің толық ғылми шешімі деуге болмайды. …Қ. тарих сахнасына Ертіс бойында өмір сүрген Қимақ мемлекетінің (9–11 ғ.) ыдырауына байланысты шықты…
Ол тұста Қ-тар Орта Азияны, әсіресе Сырдария бойын, Еділ мен Дон арасын, Кавказ бен Қырым тауларын, Солт. Каспий даласын, қазіргі Қазақстанның орт. аудандары мен солт. бат. аймағын жайлады. Бүгінде олар көбіне Ақтөбе, Қызылорда, Оңт.-Қазақстан облыстарында шоғырланған…
Қ-тар ұраны–Ойбас, таңбасы–екі тік сызық ІІ (қос әліп)",– деген жазу жолдарын оқуға болады (Алматы. 1975 ж. 7 т. Қыпшақ. 102–104 б.б.).
Қыпшақтар Орта жүз құрамындағы тайпа. Олардың аталарын өзбек халқы сияқты өзге түркі жұрттарының ішінен де молынан ұшыратуға болады. Қарақыпшақ сапынан аты жыр, аңыздардан жақсы белгілі атақты қарақыпшақ Қобыланды батыр мен оның 12-буыны – есімі әліге дейін ел аузынан түспейтін, аты әлемді дүркіреткен әйгілі палуан, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов шықты.
Ал қоңыраттарға келер болсақ, ол–қаһарымен төрткүл дүниені тітіреткен, жер-жаһанның жартысын жаулап алушы әйгілі Шыңғысханның анасы Аяулым мен әйелі Бөрте дүниеге келген, сондай-ақ аты көне қиссалардан ертеден-ақ елге белгілі атақты Алпамыс батыр тарайтын көне ру. Қазақ Совет энциклопедиясында: "Қоңырат–Орта жүз құрамындағы тайпа. Қазақ шежіресі бойынша, Көтенші, Көктіңұлы деген екі бірлестікке бөлінеді. Көтеншіден Саңғыл, Сүйімбай, Сүттібай, Аққошқар, Амантай, Жаманбай; Көктіңұлынан Байлар, Жандар, Оразкелді, Қарасирақ, Тоқболат, Құлшығаш, Алғи рулары тарайды. …Қ. Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі түркі тілдес жергілікті тайпалармен араласып, қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз халықтарының құрамына еніп, сіңісіп кетті. Қ. тайпасының ортақ таңбасы–Ғ "босаға таңба", ұраны–"Алатау", "Мүкамал",– деп жазылған (Алматы. 1975 ж. 6 т. Қоңырат. 601 б.).
Ал керей мен найман жұрты аты жоғарыда аталған ұлы жорықшыдан көп бұрын қалыптасқан, оған бағынбаймыз деп онымен сан рет соғысып, үлкен қарсылық көрсеткен жауынгер, өркениетті мемлекеттердің бірі.
Қазақ Совет энциклопедиясында:"Найман–қазақ халқының құрамындағы ірі тайпалардың бірі. …Н-дар 12 ғ-да Ертіс пен Орхон ө-дерінің аралығын қоныс еткен түркі тайпаларынан саяси мемл. бірлестік құрды. Н. ұлысы Шығ. Қазақстан мен Бат. Монғолстан алып жатқан Алтай мен Хинган таулы өлкесіне орналасты. …Шежіре деректеріне қарағанда, қазақ халқының құрамындағы Н-нан Терістаңбалы (кейде Елата), Сарыжомарт (Ергенекті Найман), Төлегетай деген үш үлкен рулар бірлестігі тарайды. Терістаңбалыдан: Мәмбет, Рысқұл. …Сарыжомарттан: Балталы,Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Қаратай. Төлегетайдан: Қаракерей, Мұрын, Төртуыл (кейбір мәліметтерде), Матай, Аталық (кейбір деректерде Кенже), Садыр. …Ал Н-ның ортақ таңбасы–γ (бақан), соңғы ұраны–Қаптағай",-делінген (Алматы. 1976 ж. 8 т., Найман. 261–262 б.б.).
Бұл тізімді біз білгенімізше толықтырар болсақ, Мұрыннан–Байыс, одан–Жанболат, одан–Даулет, одан–Әжіғұл. Осы Әжіғұлдан тарайтын кейінгі ұрпақтар: Айдар, одан–Күшіген, одан– Тұрдыбек, одан–Шөтіке, одан–Әубәкір, одан–Қарағаз, одан– Әмірзада. Қаракерейден тарайтын ұрпақтар ішінде әйгілі Қабанбай батырдың інісі Байжігіттен–Қайқы, одан тарайтын ұрпақтардан бізге мәлімі–Түсіпжан, одан–Рақымбай, одан–Жұмабек, одан–Есдәулет, Қанат, Санаттар. 17–18 ғасырларда жоңғар басқыншыларына қарсы күресте аттары шыққан Қабанбай, Қаптағай, Бөрібай батырлар мен атағы үш жүзге мәлім болған Ақтайлақ би, Сабырбай, Қуандық, атақты Сара ақындар осы найман руынан шыққан.