– Әрине, бұл жайлы айтып басымызға бәле таба алмай жүр дейсің бе? – деп олар әзілдей сөйледі. Сосын орындарынан тұрып:

– Онда біз жүрейік, саған бар білгеніміз бен көргенімізді айттық, енді қалғаны өзіңнің қолыңда, абай бол, саған тек сәттілік тілейміз…

– Бірнеше күн осында болсаңдар қайтеді? Мен тек қуанатын едім, сендерді мына күйде жібергім жоқ, – деді Ерұлан.

– Сенің бұл қонақжайлылығыңа алғысымыз шексіз, бірақ біз кетуіміз керек, – деді Жақып .

– Сендерді райларыңнан қайтара алмайтын сияқтымын, ең болмағанда мен беретін сыйлықты қабыл алыңдар, – деп оларға Ерұлан бір қапшық алтын берді.

Ерұлан оларды қақпаға дейін шығарып салып, құшақтаса қоштасты:

– Сендердің мына істегендерің, менің өмірімде болған ең керемет жаңалық, сендерге қалай рахметімді айтарымды білмей тұрғаным, – деді де, – абай болыңдар, тағы да кездесеміз деген үміттемін, – деп сарбаздарына оларды шығарып салуын бұйырды. Олардың артынан қарап кішкене тұра, Ерұлан кітапханасына жол тартты.


ЕКІНШІ БӨЛІМ. АЛТЫ ТАҢБА КІТАБЫ


Осыдан кейін Ерұлан уақытының басым көпшілігін кітапханасында, қорап пен бас сүйекті зерттеумен өткізіп, бастың суретін салып, салмағы мен ұзындығын – бәрі-бәрін өлшеп, өзінің күнделігіне жазды. Бас сүйектің құрылысының адамдікінен ерекшеліктерін қағазға түсірді. Ерұлан бас сүйек туралы басқа кітаптарда жазылған деген үмітпен көптеген кітаптарды ақтарып шықты, алайда бас сүйекке қатысты ештеңе тапқан жоқ.

Арада төрт күн өтті, осы уақыттың бәрінде Ерұланға қорқынышты түс әрбір ұйықтаған сайын кірді, ол бұл түстің кездейсоқтық емес екеніне, бір күні оның өңінде қайталанатынына көзі жетті, тіпті Ерұлан қылышпен жүретін болды.

Бірде кешкі уақытта Ерұлан әдеттегідей кітапханасында отырды, ол қорап сыртындағы руналарды қай жерде көргенін іздеп, өзіне белгілі кітаптарды ақтарды, сосын ол Ескендір Торғынның «Тұманды тарих» деген кітабынан қораптың сыртында бейнеленген руналарды кезіктірді, басында ол бұл бір кездейсоқтық шығар деген ойда болды, себебі руналар бір-біріне ұқсағанымен, айырмашылықтары болды. Ерұлан оларды біраз уақыт тексере келе олардың бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ екендігіне көзі жетіп, руналардың аудармасын оқуға кіріскен сәтте, сырттан біреу асыға жүріп келіп, есікті жылдам тоқылдатты. Ерұлан бас сүйек пен қорапты бар шапшаңдығымен үстел астына жасырып, «Бұл кім?» деп сұрамай жатып.

– Ерұлан, есікті аш! Бұл мен Батыра , – деген дауыс есік сыртынан естілді. Ерұлан орнынан атып тұра, есікті ашты.

– Саған айтарым бар, – деп екеуі бір-біріне қатар айтты.

– Онда сен бірінші, – деді Батыра.

– Ішке кір, – деп ол Батыраны кіргізіп, өзі оның алдына түсіп, асыға жүрді. Батыра жан-жағына жалт қарай, құдды біреу оның артынан түскендей күйде болды.

Екеуі үстелге жайғасып, Ерлан бас сүйек пен қорапты үстел астынан алып шықты.

– Мыналар не?.. – деп бастап жатыр еді.

– Олардың не екенін менен сұрама, мен әлі өзім де, олардың не екенін толық білмеймін, – деді.

– Мынау бас сүйек пе? – деді Батыра таңырқай.

– Иә.

– Мына бас сүйекті ібілістікі демеш! – деді ол маңдайын тыржита.

– Жоға, қайдағы ібіліс, айттым ғой жаңа ғана – мен көп білмеймін.

– Жарайды, оларды қайдан таптың?

– Бастақ Бабадүрдің кітабындағы Тұманды аймағы жайында айтқан болатын, онда мұнараның бар екендігі, тіпті жолсызбасын да жасағандығы жөнінде, міне қара, – деп жолсызбаны Батыраға ұсынды.

– Иә, Тұманды аймағы жайында естуім бар, – деп жолсызбаны қолына алып қарады.

– Мыналардың барлығы сол мұнараның ішінен табылған заттар, – деп Ерұлан болған жайттың барлығын бүге-шүгесіне дейін Батыраға айтып берді.

– Мардалармен соғысқа түскен дейсің бе? Бірақ не үшін?