– Бұл – Саһтир. Мың жыл бұрын біздің сарбаздар, осы таңбаның астында жүрген, бірақ нақты қашан екенін білмеймін, бұл таңбаның орнына басқа таңба – Арыстан бейнеленген таңбамен ауыстырылған.
– Өзің тарихты жақсы біледі екенсің. Бұл мұнарадағы қаңқалардың біздің сарбаздарға тиесілі екеніне, сонымен қатар ұзақ уақыт бұрын адамдар мен мардалықтар арасында соғыс болып, мардалықтардың жойылып кетуі, адамдардың ісі дегенге дәлел, бірақ неге? Неге хан оларды жойып, ол туралы жасырып қалған?
Егер олар адамдарға қауіп төндірсе, онда ашық айтуға болатын еді; неге бұл жайлы ешқандай кітапта жазылмаған? Немесе ешқандай адам білмейді, менің ойымша, біз білетін тарих тек өтірік пен жалғаннан тұратын сияқты. Тарын хан мен билеушілер бізден бірдеңені жасырып отырғандары сөзсіз.
– Ол өзінің ұзақ өмірінің құпиясын жасырып қалғысы келеді – бар себебі сол, – деді Ерұлан бас бармағын тістей. – Ол мардаларды жойып, онда қабырға тұрғызып, «Тұмандыны ібілістер жайлаған» деп; адамдардың онда баруына тиым салған себебі де сол, ол өзінің құпиясын жасырып қалғысы келеді… – деп ол кішкене кідіріп, ал онда сарбаздар не істеп жүрді? – деді ол.
– Олардың тек қабырғаға бет алып, хандыққа өткендерін көрдік. Олар өздерімен бірге бір затты алып жүрді. Оларға біз қабырғадан асып, хандыққа жақындаған кезде жақындап, не үшін Тұмандыға кіргендерін білуге тырыстық. Алғаш алдымыздан кішігірім қала шыққан кезде, олар қалашыққа бет алды, біз оларға барынша күдік тудырмай жақын жүруге тырыстық, сол сәтте олардың бірінің «Оның іздегені осы болса екен» деген сөзін естідік. «Мен де соған үміттенемін, әйтпесе ана қарғыс атқан жерде тағы бірнеше жыл жүргім жоқ», – деді екіншісі.
«Қазір бұл туралы айтатын уақыт емес», – деп үшіншісі олардың сөзін бөлді. Одан кейін олардың әлгі зат туралы айтқандарын естіген жоқпыз, не болса да олардың Тұмандыда бірдеңе іздеп жүргендері анық.
– Не екенін анықтау қажет… бірақ оны анықтауға тырысудың өзі өте қатерлі дүние, алайда біз мынаның барлығының артында не жатқанын білуге міндеттіміз, – деді Ерұлан.
– Мұның соңында не жатқанын білгім-ақ келеді, бірақ мен шаршадым, – деді Жақып Ерұланға қарай.
– Сендерге бір нәрсе айтайын, Бабадүрдің кітабында тағы бір дүние жазылған, онда: «Біздің әлем ақырын өліп бара жатыр, ұзақ уақыт өткеннен кейін біздің жеріміз де Тұманды сияқты тіршілігі жоқ, өлі жерге айналады, ал тіршілік мәңгілікке жоғалып кетеді» – деген.
– Бірақ ол мұның барлығын қайдан білген, ол да мұның бәрін бір жерден білуі керек, бірақ қайдан? – деді Нұрлан.
– Біз оны енді ешқашан біле алмаймыз, мен кешіктім – хан Бабадүрді өлтіріп, оның отбасын ешкім білмейтін бір жерге жіберді немесе олардың да көзін құртты, – деді Ерұлан. Олардың арасында тынышық орнады, барлығы бас сүйекке, әлгі қорапқа қарап отырды. Сосын Ерұлан:
– Ал мына бойтұмар, ол жайлы білесіңдер ме? – деді бойтұмарды сұқ саусағымен көрсете, бойтұмар көк түсті домалақ тастан жасалған, ал оның бетінде алтын түспен қанатсыз айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді.
– Жоқ, оның не екенінен хабарымыз жоқ, – деді Жақып.
– Сендер осының барлығын мұнараның бір бөлігінен ғана таптыңдар ма?
– Иә, ары қарай өтетін жол болған жоқ, қирандылармен бітелген, – деді Нұрлан. Ерұлан кішкене ойлана, екеуіне қарады:
– Егер сен бізге мұнараның жабық бөлігінің арғы жағында не бар екенін біліп беруді сұрамақ болсаң, онда біз бас тартамыз, әлгі қарғыс атқан жерге қайта оралғымыз жоқ, енді тек тыныш өмір сүргіміз келеді, – деді Нұрлан.
– Жоқ, менің ойымша, сендердің мына әкелген дүниелеріңнің өзі жеткілікті, ары қарай не істеймін десеңдер де өз еріктерің, бірақ бұл жайлы ешкімге айтпауларыңды сұраймын.