Ал мынау не? – деп ол қорапты ұстай бергені сол еді, Нұрлан мен Жақып:
– Жо-жоқ! – деп оны тоқтатып үлгермеді, Ерұлан қорапты ұстай бергені сол, қолын қойған орын қызып-қызыл түсті жарық шашырай, Ерұланды шалқасынан құлатты. Ол есінен танып, Нұрлан мен Жақып екі жақтап оны орындыққа қайта отырғыза, сезімге келтірді.
– Қалайсың, досым? Неге айтқан тілді алмадың? – деді ол. – Не көрдің? Сен мынаны ұстаған кезде бірдеңе көрдің бе? – деп Нұрлан тағатсыздана сұрады. Ал Ерұлан отырған орнында ойын жинақтай алмай кішкене кідірді, оның өне бойы дірілдеп, өңі қаша, маңдайы терлеп, қабаған иттен қашқан адам сияқты ентіге тыныс алды.
– Сен де оны көрдің бе? – деді ол Нұрланға.
– Иә, оның бейнесі менің ойымнан кетер емес, – деп Нұрлан орындығына қайта жайғасты, олардың әңгімесіне Жақып араласа:
– Сен де құбыжық көрдің бе? – деп сұрады.
– Иә, үлкен, өте үлкен және ол аспанда қалқып тұрған таулардың алдында тұрды, айналасы қып-қызыл отқа оранған, тұрқы бұлыңғыр, анық көрінген жоқ, дегенмен оның көлемін аңғару қиын емес, оның не екенін білесіңдер ме? – деп оларға кезек-кезек қарады.
– Жоқ, оның тек сол бейнесінен басқа ештеңе көрген жоқпын және ол туралы ештеңе білмейміз.
– Сен оның артындағы аспанда қалқып тұрған тауларды көрдің бе? – деді Ерұлан.
– Иә, менің ойымша, ол – Алтаһир таулары, – деді Нұрлан.
– Бұл нені білдіреді?
– Менің ойымша, мына қораптың ішінде бірдеңе бар, оны тек белгілі бір адам немесе мынау сияқты біреу аша алады, – деп Жақып бас сүйекке қолын қойды. – Ал сендер көрген Алтаһир тауының алдындағы құбыжық сол аймақтан пайда болатынын білдіруі мүмкін. Арада үнсіздік орнады, сосын Ерұлан:
– Мына бас сүйектің кімге тиесілі екенін білетін сияқтымын, – деді оларға қарай.
– Кім деп олайсың?
– Бастақ Бабадүр деген зерттеушіні танисыңдар ма? Мен соның кітабынан сендерге берген жолсызбаны алдым, кітапта Тұманды аймағында бұрын Марда атты мемлекет болғандығы жөнінде жазылған… Бабадүр оларға кітабында нақты сипаттама бермеген, мүмкін мынау солардың бірі шығар және хан сарбаздарының онда бірдеңені іздеп жүргені жөнінде жазған, – деді Ерұлан.
– Ол қазір тірі ме? – деп сұрады Нұрлан.
– Жоқ, сендерді Тұмандыға жібермес бұрын, мен онымен кездесуге тырысқанмын, бірақ оның аяқ асты қайтыс болғанын естідім, ал оның отбасысы көшіп кеткен, қайда екенін ешкім білмейді; тіпті жақындары мен достары да, ал оның кітаптары мүлде жоғалып кетті.
Міне, осыдан кейін сендерді Тұмандыға жібердім… Ал енді бізде барлығы бар, Бабадүрдің кітабында шындық жазылғаны анық, сонымен қатар ол «Марда мемлекетінің жоғалып, Тұмандыда тіршіліктің жойылуы – ол адамдардың кесірі», – деп жазған, анығырақ айтқанда, бір топ адамның және оны ол хан мен билеушілердің кінәсі дегенге келтірген, бірақ оларды Бабадүр ашық кінәламаған. Менің күдігім расталып келе жатқан сияқты.
– Иә, оның аяқасты қайтыс болуының өзі мұнда бір шикіліктің бар екенін білдіреді. Сонымен қатар әлгі мұнараның ішінде адамдардың қалдықтарының табылуы – бұрын адамдар мен олардың арасында соғыс болғандығына сілтейді… Біздің хан шынында Мардалардың жойылуына кінәлі сияқты… Және біз саған басты жаңалықтың бірін айтқан жоқпыз, Бабадүр кітабында жазғандай, онда біздің сарбаздар бірдеңені іздеп жүр, – деді Жақып.
– Сендер Тұмандыда сарбаздарды көрдіңдер ме? – деді ол таңырқай.
– Иә және онда тобырымен кезікті. Оларды тек хандыққа оралар жолда жолықтырдық, олардың көзіне түсіп қалмау бізге қиынға соқты, және біздің сарбаздардың Тұмандыда жүргеніне өте ұзақ уақыт болған сияқты, тіпті бірнеше ұрпақ бой жалғасқан десек те болады, оған дәлел мына сынық қанжар, – деді де, Нұрлан қолына қанжарды алды, – мұнараның ішінде көптеген қару болды, бірақ олардың онда ұзақ жатқандығы соншалықты, тот басып, орнынан қозғасаң күл сияқты жан-жаққа шашылады, тек мына қанжар ғана жақсы сақталған, енді қара, – деп ол Ерұланға жақындады, – Мына таңбаны көріп тұрсың ба? – деп оған қанжардың түп жағында ұстағышқа жақын орналасқан бөлігін көрсетіп, – анықтап қарасаң, жемтігіне атылған бүркіттің бейнесін байқауға болады, не деп ойласың? – деді. Ерұлан кішкене ойланып: