Құдай бар болса, Оның Өзі аспанда. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста. Екеуі – о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта. Жарайды, бірдеңесі болар. Солай да солай боп жүргенде қыс өтіп, жайнаған көктем жетті.

Көктеммен бірге Талдықорғаннан бойжетіп, бәденді өңі ажарлана бастаған Маржан келді бір күні. Мереке күндері болу керек, демалысқа келіпті. «Урррааааааа!!!» Әкейден қалған екеуміз ғана. Көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.

Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам, айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Әр қимылын жіті бақылаймын. Түріне қарай бергім келеді. Менің апайым! Бірдеңелерді былдырлап айтып жатырмын, айтып жатырмын. Менен назарын алып кетпесе екен деп сөйлей беремін, сөйлей беремін, бірдеңелерді сұрай беремін, сұрай беремін. Бар өнерімді көрсетіп әлекпін. «Міне, мен бір аяқпен көп уақыт тұра аламын!» «Міне, мен төбелескенде былай ұрамын!» «Міне, мен демалмай осыншама уақыт шыдай алам!» «Қарашы маған! Менің бойым кішкене өсті!» «Қарашы маған, Маржан! Міне, мен ән айта аламын! Үнді әні! Тыңдашы, Маржан!» «Үстелдің үстінен кәмпит ұрлап әкелейін бе?» Жауап күтпей, кәмпит әкелем. Әйтеуір, апайымның көңілі мен жақта болса екен деп тілеймін. Бақыттан басым айналып жүр. Ең қуанышты күндерім сол күндер еді. Апайым мамама барып келіп, маған көйлек әкеп кигізді. Мамамыздың әзір келе алмайтынын айтты, ауруханада ма, бір жақта бөпелі боп жатыр екен. Оған да аса назар аударғам жоқ. Есіл-дертім қаладан келген апайымда.

Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір сәт – мені тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатігездікпен сүйреп, жақындатып алып келе жатыр еді.

Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан тәтті мезеттер келмеске кетті. Көздің алдында ащы жастың алғашқы дымқылы мен иекті алатын кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастайтын уақыт та жетіп келді.

Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп тұрғанын, менен нені жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап тұратын ғой!

Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым.

Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін ап-анық біліп жатырмын. Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің қимастығың оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал, оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!

Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлеген біреу Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.

Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…

Сосын мен өзім бар я жоғына көзім анық жетпеген Құдайға жалбарындым. «Құдай аға, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, маған өте жаман болады. Маған Маржансыз өте қиын! Өтінемін Сізден, Құдай аға!».

Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Маржаным үйге қайтып келді. Қарабұжырдың Ленині қателескен екен! Әп, бәлем, кім айтты Құдай жоқ деп саған? Ей, қарабұжыр, Құдай бар екен! Алақай! Сөйтіп, апайым тағы бір күн қасымда болды.

Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқан Хақ пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де, жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған болатынмын.

Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдіреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім. Шын тілегенге Алланың жәрдемі тез келеді екен.