***
Шешем тұрмысқа шыққалы, ағам қайтыс болғалы көңілсіз күндердің тізбегі еш толастаған емес. Бір күнім бір күнімнен аумай, ақырын жылжып өтіп жатты. Сырттағы жылдың қай мезгілі де еш өзгермейтін секілді боп көрінетін. Көшедегі ойынға да, үстелдегі кәмпитке де зауқым жоқ.
Біреуді барып, жабысып құшақтағым келетін сияқты. Біреу мені құшақтап, еркелетсе деп армандаймын. Нағашы ағаларым өз балаларын айналып-толғанып жатқанда, маған да бір жылы сөздің ұшқыны тиіп қалар деп жәутеңдеп тұрғаным.
Өзіңіз ойлаңыз: мен әкемнің жан еркесі, шолжаңбайдың нақ өзі болған баламын. Жұмыстан келе сала әкейдің мойнына мініп алып, «анау тиісті, мынау тиісті!», «ананы әпер, мынаны әпер!» деп ырбиып жылай беретін балпанақтай баланы арада екі жыл өтпей-ақ сирақтары сыриған, көзі мұңлы, жан-жағына үрейлене қарайтын, өзі сақ, бетінде қан-сөлі жоқ балаға айналады деп кім ойлаған! Әке-шешесінің қасында пысылдап ұйықтап, көзін былшықтан тазарта сала, еркелеп ойнақтаған баланың алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын кім білді дейсіз?!
Тәңірі салса, бәрін көресің. Аяқ-астынан бәрі өзгеріп шыға келгенде, не істеріңді білмей абдырап, жан-жағыңа жаутаңдайсың да қаласың. Жып-жылы үйден даладағы қақаған аязға лыпасыз лақтырып жібергендегідей күй. Қорғансыздық. Һәм осы хәл әділетсіздік секілді. Немесе біреудің қылық-күнәларының өтеуі сияқты. Бірақ неге мен? Қаршадайымнан жүрегімді қарыған осындай сұрақтарға мен қаншама рет кездестім екен?..
Дегенмен бала жанымды шырқыратқан, азапқа салған осынау шиеленісті күндерде менің қазіргі күрделі болмысым қалыптасып жатты. Мен өмірдің бояуларын өзімше көруге үйрендім.
***
Шешем басқа үйге көшкен жылы, Маржан Талдықорғандағы училищеге оқуға түскен еді. Одан да көп болды, хабар жоқ. Жалғызсырағанның көкесін көрген екі бала болса, оның бірі – менмін. Жалғыз болса, тағы – менмін. Жаратылысымнан жүрегім нәзік екенін сезетінмін, бала кезімнен өзге балалардан жүрісім де, тұрысым да өзгеше болатын. Дүниені қабылдауым да. Бұдан кішкентай кезімде қандай қияли болғанымды жоғарыда сізге баяндап бергем. Қазір де жетісіп тұрғаным шамалы. Әрнені қиялдап, жоқтан бар жасап, жан-сарайымда өзіме ұнайтын әлемімді сомдап алғам. Ол әлемде бәрі мүмкін.
Кейінгі уақытта, бұл жалғанда қарасы көрінбейтін әкені сағыну сезімі пайда бола бастады. Сол кісінің рухынан медет тауып, іштей сырласатын едім. Әр күнім мен үшін ғасырдан да ұзақ болатын. Әсіресе, кеш қарайған кезде өзімді қоярға жер таппай, ғаламат аласұратын болдым. Тезірек ұйықтауға асықсам да, маза бермейтін сансыз ойлар мен жанымды жегідей жеген сағыныш, тағдырдың жасаған әділетсіздігіне деген ыза бойымды билеп, ұйқымды қашыратын. Тәнімнен гөрі, санамның тез есейіп келе жатқанын мен сол ұзақ-ұзақ кештерде өте жақсы түйсінгем. Ауладағы балалардың сөздері сәбидің былдырындай әсер ететін болды. Еш менсібеймін. Сөйлескім де келмейді. Ойындары да қызық емес. Мұның бәрі жалғыздықты одан әрмен үдеткенін сізден несіне жасырайын, қадірменді оқырманым.
Адам қандай жағдайға түссе де көнеді екен ғой. Егер ол қуанышты жағдай болса, оны тудырған уақыт лезде жоғалады. Қиын жағдай болса, созыла береді. Менің балалық шағым да созылмалы дерттей бітпей қойды, өтпей қойды.
Өзім де ержетпей қор болдым. Кілет үйдегі (біздің елде артық-ауыс заттар тұратын қойманы «кілет үй» деп атайды) бағанаға сызып қойған межеге бойым әлі жетер емес. Турникке тартылып, сәбіз жесем де, бойым сол қалпы. Ал ойым бойымнан әлдеқайда өсіп кеткен. Сыртым – бала, ішім үлкен адам боп қақ жарылдым.
Ертерек ержетсем, мына адамдардан, мына үйден, мына ауылдан қарамды батырамын деп ойлайтынмын. Алматыда дүниеге келсем де, ол кезде менде қала туралы түсінік мүлде жоқ қой. Барлық ойым: әйтеуір үлкен адамдар сияқты бөлек тұру, ызғарлы жанарлар қарасынан құтылу болатын.