***
Бұл оқиға 1986 жылдың мамырында болған екен. Арада 26 жыл өткен. Бәріміз Маржанның туған күнінде үйінде жиналдық.
Содан әркім туған күн иесіне ақ тілегін ақтарып, құттықтап жатты дегендей… Кезек маған келгенде, Маржаннан сұрадым:
– Маржан, сен 86 жылы Үржарға көктемде демалысқа келгенің есіңде ме? – дедім.
– Білмеймін, бірдеңе еміс-еміс есімде бар – деп жауап берді.
– Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол демалыстан Талдықорғанға қайтып бара жатқаныңда автобус сынып, үйге оралып едің ғой? Тағы бір күн болып, қайттың. Солай ма?
– А, иә, иә! Тура солай болған!
– Мхм…
– Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр! – деп апайым аң-таң болды
– Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқуға жібермеген мен болатынмын…
– Қалай сонда?
– Құдайдан тілегем.
Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең жұбатып алған едік…
Олешка
Талдықорған демекші, сол жаққа көшіп кеткен бір көршіміз бар еді. Талдықорған маған ол кезде жұрттың бәрі көшіп жатқан Германияның маңында сияқты боп көрінетін. Кейін ер жеткенде ол ғажап шаһарды талай басып өттік.
Сол Талдықорғанға жалғыз бір сырласым көшіп кетті. Қазір бар ма, жоқ па, Құдай біледі.
Керемет әдемі бала болатын. Аты – Олешка. Заты грек болса да, маған ерекше жанашырлық танытып тұратын еді. Данышпан қайтыс болғанда, үлкендер сияқты маған көңіл айтқаны есімде. Сол Олешка бар ғой, әкесі қалаға кетерде тапсырыс беретін ойыншықтарын екі дана қылып алдыратын. Бір данасы – маған. Әйтпесе, маған ойыншық әперетін адам кәне?!
Бір күні Олешканың әкесі су жаңа велосипед сатып алып берді баласына. Жалғыз велосипед. Ол да бала емес пе, жарқыратып көшеге шыға келді. Үймелеп қасына бара қалдық. Сипап ұстап, көріп жатырмыз. Қызығып тұрмыз. Маған велосипед жоқ екенін бірден түсіндім. Жүрегім шым ете қалды.
Олешкада бөтен ой жоқ, «темір тайына» қарғып мініп ап, көше бойымен зырылдай жөнелді. Жұрттың балалары күбірлесіп, әркім өз ойынымен тарап жатыр. Менің көкірегім ашып кетті. Ешқандай ой жоқ, состиып тұрып қалдым. Состиып тұрып қалдым да… кенет Олешканың артынан қуып бердім. Ол жеткізбей заулайды. Мен жанталасып соңынан жүгіріп келем. Бір заматта іштегі шер сыртқа жас боп ыршып шықты. Көзімнен жас парлап, жүгіріп келем. Олешка мені көріп бара жатқан жоқ. Ол бақытты бала! Ол мәз. «Темір тайының» жүрісі неткен әсем! Дөңгелектері неткен жіңішке еді, «темір жануардың!». Екеуі біте қайнасып, сондай үйлесімді қимылдайды. Шіркін-ай, десеңші!
Жылап жүгіріп келем, неге жылап келе жатқанымды өзім де ұқпаймын. Қазір қалып қойсам, мәңгіге қалып қоятын сияқтымын. Қайда қалып қоям, неге қалып қоюым керек, ол да беймәлім. Дымымды шығармай, жылап, жүгіріп келем. Өкпемнің өше бастағанына мән берер емеспін. Әйтеуір қалмау керек.
Олешка автобаздың қасынан кері бұрылды. Мен де жеттім. Беті-ауызым айғыз-айғыз боп кеткен болу керек, Олешка түріме бажырая қарады. – Что с тобой? Что с тобой?
– Нет, нет, – дей беріппін.
– На, хочешь покататься?! – деп ол велосипедін ұсынды.
– Нет, нет, – деп, Олешканың иығына басымды қойып жылап жатырмын, жылап жатырмын…
– Ну, не плачь, не плачь! Успокойся. Почему ты плачешь? – деп аң-таң боп ол тұр.
– Незнаю…
Басқа не айтайын саған, Олешкам-ау!? Сен менің шешем де емессің, әкем де емессің. Өзің де мен секілді бүлдіршін бала ғанасың. Не түсінесің сен, Олешка! Қайда саған мені түсіну, досым-ау… Әкең ше? Ол міндетті емес ешкімге. Ол тіпті қазақ та емес қой, Олешка?!.
Үйге құр сүлдерімді сүйретіп қайттым. Олешканың «темір тайына» мінгем жоқ. Өйткені мен ол кезде велосипед тебе алмайтын едім.
***