Судың түбіне бір кетіп, бір шығып қалытқыдай қалтылдаған мен жағада шырылдап жүрген ағамды көрем. Бір кезде Данышпан суға дір-дір етіп, киімшең түсті, әйтеуір. Қолымды беріп үлгердім, өзіне қарай тарта бастады… Жаным қалды. Жағаға қалай шыққанымызды білмеймін, су құсып жатыр екем.

Ағамның алғашқы және соңғы ұрысқаны сол болды. Бірдеңені бүлдіріп қойсақ, нағашы апамның айтатыны бар: «Қазір ішіңнен ішегің шығады, бәлем!» деген. Данышпанның да еститіні сол ғой, маған ыза боп тұрып, «суға неге секіресің? Жағаға жақын жерге түспейсің бе! Әне, тұншығып едің, ішегің шығайын деп тұр, қара әне, ішіңе!» – деп айқайлады. Ішек туралы әңгіме естілісімен мен бақырып қоя бердім. Ағам өзі өкініп қалды ғой деймін, жүгіріп келіп, мені құшақтай алды. Жүрек дегенді қойсайшы, туыс құшақтан еріп кете жаздады ғой сол кезде.

Онсыз да әкеміз қайтқалы іштей қамығып жүрген екеумізді бұл оқиға ерекше толқытты және қатты жақындастырып жіберді. Бірге жыладық. Данышпан мені ерекше мейіріммен құшақтап алып, аға болып жұбатты. Жағада құшақтасып, ұзақ отырғанымыз есімде. Ой, Алла-ай, десеңші, сол кезде Данышпан бар-жоғы жеті жастағы бала екен ғой…

***

Данышпан көбінесе үйде отырады. Сурет салады, ежіктеп кітап оқиды. Одан қалса, теледидардың алдында шоқиып, үлкен адамдар көретін фильмдерді тамашалайды. Мультфильм дегенді көріп отырғанын байқамаппын. Данышпанды туған-туыс жақсы көретін. Үлкен кісілермен шай ішіп отырып, ойлы жанарын арлы-берлі аударып, үлкендердің әңгімесін мұқият тыңдап отыратыны әлі көз алдымда. Біздікі не? Біздікі сол нанға майды жағып жіберіп, үстіне қантты сеуіп жіберіп, оқыра тиген бұзаудай далаға атып шығып, жын соққандай шапқылай беру, шапқылай беру.

Денсаулығы жақсы, зырылдап тұрған балаға даладан басқа не керек?! Ал ағамның дерті оған ондай мүмкіндік бермейтін. Соны түсінетін мен бе, ойын баласымыз, күнұзақ айдалада қаңғып, кешке көшенің шаңын көтеріп кеп, сілейіп жатамыз. Ойға ештеңе кіріп-шықпайды. Маңайдағы сары домалақ, қара домалақтармен алысу, доп тебу, үйдің маңындағы тоғайдан Робин Гудты іздеу, күшіктің тұмсығын жалау, құмырсқа төбелестіру – бар жұмысым осы. Сол кезде деймін ғой, ағамның қасында болып, әңгімелесіп, сырласу керек-ау дегенді мен қайдан білейін? Жан ағамның да әкемнің артынан көп ұзамай мәңгілікке сапар шегетінін мен ақымақ білгем жоқ қой…

***

Сол сұрқайы күзді есіме алсам, денемді әлі күнге дейін бір отты шер қариды. Қазанның сүрекей сүйкімсіз күндерінің бірі еді. Семей жаққа күз ерте келіп, артынан көп ұзамай аспаннан салбырап қыс түсе қалатын. Сондай бір жауынды-шашынды, ызғарлы күндердің бірінде мен аяулы ағамнан айырылып қалдым.

Данышпан екеуміз қуықтай бөлмедегі жиналмалы тар төсекте қатар жататынбыз. Бір күні кешке қарай мазасы болмай тұрған ағам менен су сұрады. Ойын баласымын, шаршап, сілікпем шығып келіп құлаған мен оның көңілін қимай ожаумен су әкеп бердім. Ол оны ішпей, «мынауың жылы екен, суығын әкел», – деп қайта жұмсайды. Тағы әкелем. Ол «құдықтан тартып әкел», – деп тағы жібереді. Мен баруға ерініп, «өзің тұр да ал», – деп жатып кеп қырсықтанам. Сөйтіп, салғыласып жатып ұйықтап қаппын. Кейін ойлап отырсам, Данышпан ағам бұ фәни жалғаннан кететінін біліп, өлгенімді көрмесін деп далаға шығара берген екен ғой…

Түн ішінде біреу мені көтеріп ап, басқа бөлмеге ауыстырып жатқызып жатқаны есімде. Таңертең оянсам, сыртта жұрт жиналып қалған, у да шу, біреулер еңіреп жылап, біреулер басу айтып жүр. Түсінбеймін. Басқа бөлмеде жатқаным да түсініксіз.

Біз Данышпан екеуіміз үйдің қасындағы өзен арнасында нағашы апамыздың қазын бағатынбыз. Күнделікті әдет бойынша, атып тұрып, Данышпан жатқан ортақ бөлмемізге беттедім. Біздің төсек жиналып, бөлмеге басқа көрпеше төселіпті. Соның үстінде бетіне ақ мата жабылған біреу жатыр. Ашып қалсам, ағам! Оятам деп жұлқылайын кеп. «Тұр, тұр, Дәкай! Қазды шығару керек, апам ұрсады ғой!» – деп қоям. Ағам қозғалмайды. Көздерін тарс жұмып алған. Бала санам оның ойлы жанары жарық дүниені енді ешқашан көре алмайтынын түсінбеген еді. Далаға атып шығып, жылап отырған шешеме келіп: «Дәкай тұрмайды, мен қазға жалғыз бармаймын!» – деп қиғылық сала бастадым. Бір жағынан жиналған жұрттың жылауы маған бір сұмдықты сездіргендей шошытып, дауысым бәсең шығып, аяқтарым дірілдей бастағанын да сезіп тұрмын.