«Темір есіміне „көреген“ сөзінің неге жалғанғанын білесіз бе?! Түркі елінің тегеурінін дүниеге ең соңғы рет мойындатқан Әмір Темір тек алысты болжағыш талантты қолбасшы ғана емес, ол ғажайып түс көргіш, көрген түсін қатесіз жори алатын әруақ қонған киелі адам болған. Сондықтан да „Әмір Темір“ есімі соңынан „көреген“ деген қосымша лақаб жалғанған. Бұл әдеттегі әдебиетте айтылып жүргендей Шыңғыс хан ұрпағынан қыз алған соң тағылған „жезде, не күйеу“ мағынасын білдіретін титул ғана емес». (Х. Көктәнді, 45. 6-б.).

Ол да Шыңғысхандай «аузын айға білеп», бүкіл дүние жүзін жаулап алуды көкседі. Дегенімен, жаулап алған қағанаттың қызығын өзі де, ұрпақтары да көре алмады.


АҚСЕРКЕ МЕН ҚҰЛЖАН ӨЛІП ТЕ

ТАРАҚТЫ ЕЛ БОЛҒАН


«Байғозы өлгеннен кейін де Тарақтыдан батырлық үзілмеген. „Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған“ дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның қозғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы „Рассвет“ совхозының маңы) полков-ник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады». (С. Арынұлы, 9. 11—17.06.2015.)

Бұл мәтел ел арасында кейде «Ақсерке, Құлжан өліп те ел болғанбыз» деп ықшамдалып айтылады.


АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ

АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА


«1724—1725 жылдары жоңғар феодалдарының шапқыншы әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласын және Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты…

Жасанған жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айырылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай ағылды. Ал кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.

Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл көлінің жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жаманшылықтың бәрін ұмытпауы керек. Біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар?!» – деп сұрапты. Сонда тағы бір қария орнынан тұрып: мұның аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айрылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозды деген сөз екен». (М. Қани, 55. 273-б).

«Алқакөл – Қызылорда облысының солтүстік-шығысында орналасқан Телікөлдің бұрынғы тарихи атауы («ҚСЭ», 7-том, 84-бет). Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қанды қырғын дәуірді білмейтін адам кемде-кем. Қалмақ ойранынан босып, Қаратау асқан халықтың келіп тізе бүккен жері осы көлдің жағасы делінеді.

Алқакөл – қанды қасіреттің ғана емес, ел ішіндегі алауыздық пен жеңілістердің халық есінде қалған жалғыз нышаны, сол сияқты екі ғасырға созылған кейінгі бодандықтың да рәмізі болып табылады». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)

Айналасындағы бүлінген, астан-кестеңі шыққан дүниені бейнелеп айту үшін адам осы сөз тіркесін қолданады.