ҚАРА ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,

МЕН ҚҰДАЙДЫҢ ПЕНДЕСІ


«Үлкендерден естуіміз: қазақтар ертеректе (шамасы XVIII ғасырға дейін болса керек) намаздың шартын, дұғалықтарын білмеген шақта, намазға „Ақ қойдың келдесі (басы), қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі“ деп жығыла берген». (С. Мұқанов, 77.50-б.).


АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН


«Кеудесі алтын сандық Күләнда Бөкешова апамнан:

– «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз не мағына береді? – деп сұрадым.

– Жалпы қай малды алып қарасақ та, сүйегінен сылып алынған сұрып еті өз қарнына түгел сыйып кетеді екен. Үйірлеп жылқы, табындап сиыр ұстаған ауқатты отбасы майды түйенің қарнына жинайтын болған. Сонда оның ішіне қанша май кететінін өздерің-ақ жобалай беріңдер. Күнделікті пайдаланатынын бөлек ұстап, түйе қарынды мұздай жерде мұртын бұзбай сақтаған.

Сол шаңырақта торқалы той боларда көрші-көлем жиналып:

– Бәйбіше, ел болып асыға күткен ертеңгі қуанышта ақ түйенің қарны жарылатын шығар? – деп қолқа салатынға ұқсайды.

Қарынға пышақ тигізу рәсімін де ауылға беделді аналар атқарған. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз осыдан қалса керек, – деп әңгімесін аяқтайтын әр сөзі бір қаралық қайран апам». (Қ. Әбіл, 31. 30.07. 2008.).

«Ақ түйе – қазақтың көне салты бойынша, ерекше үлкен жиын-той салтанатта сойылатын түйені ақ түйе деп атаған.

Сең жүреді көктемде астан-кестең,

Ақ түйенің бауырын арқан кескен.

Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,

Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен, – деп қазақтың қара өлеңінде айтылатындай, қазақтар өздерінің қуанышты күндерін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп айтқаны белгілі. Қарық боп қалды, ит басына іркіт төгілді. Ақ жарылқанып қалдық деген сөздер осындайда айтылса керек». (Д. Төлебаев, 9.)

«Ақ түйенің қарны жарылды» – айрықша, ерекше күн, көптен күткен той, ұлы оқиға деген мағынаны береді.


АҚПАНДА КҮН АТ АДЫМ ҰЗАРАДЫ


«Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» (мәтел). (Ж. Кейкін, 42.153-б.).

Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады» болуы керек. Иә, күн мен түннің ұзақтығы желтоқсан айының 22-сінде теңелетіні белгілі. Ал желтоқсанның 23-інен ары қарай күн жайымен ұзара бастайды. Содан қаңтар айында аздап, секондтап ұзара түскен күн ақпан айында минуттап, белгілі дәрежеде ұзарып, айқын байқалады. Халқымыз күннің осы ұзаруын бейнелі түрде бере білген.


АҚПАН-ДАҚПАН АЛТЫ КҮН,

АЯЗЫМЕН ЖЕТІ КҮН


«Ал, біздің жақта (Батыс Қазақстан – К.О.) ақпан – осы ақпан айында келетін бір амал. Себебі, „Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн“ дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз күшейеді». (Р. Құдайбергенов, 9. 21. 02. 1990.).

«Он бір тоғыстағы (16.12 – 11.01 күндері) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (12.01 – 8.02) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер „крешенские морозы“ делінеді)». (Н. Уәлиұлы, 9.).

Ақпан айында өтетін алты-жеті күндік аязды күндерді айтады. Оны халқымыз ақпан-тоқпанның аязы дейді.


АҚСАҚ ТЕМІР КӨРЕГЕН,

АУЗЫН АЙҒА БІЛЕГЕН


«Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген ғой. Оның атақ-даңқын аспанға көтеруіне сүбелі үлес қосқан Әмір Темір. Ол басына кесене салып (Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі – К.О.), Қожа Ахметтің атын асқақтатты. Кесене даңқы жер жарған қатал хан Әмір Темірдің атына «көреген, ақылды» деген сөзді қосты. Ел арасында «Ақсақ Темір көреген, аузын айға білеген» деген нақылды тудырды.» (М. Жылқайдарұлы, 11. 19. 09. 1999.).