Бархан деген сөздің орнына «айлыадыр» деп қолдануға болатын сияқты.
АЙ ТОЛҒАНЫН БІЛМЕС, ЖІГІТ БОЛҒАНЫН БІЛМЕС
«Жырау соңында жүрген кісі Айға көзі түсіп кеткенде:
Ай толғанын білмес,
Жігіт болғанын білмес, —
деп айдың ортасы болып қалғанына, уақыттың тез өтіп бара жатқанына таңырқайды. Ай 15-інде толып, одан кейін орталап, кеми береді.
…Ортасы (15-і) кезінде Ай тура күнге қарама-қарсы тұрады да, бізге толған Ай болып көрінеді. Міне, сондықтан бұл мезетте – Айдың 15-інде Күн де батады (ұясына қонады), Ай да туады. Күн батып бара жатқанда, Ай туып келе жатады, сонда оның шарасы толық болады». (Х. Әбішев, 18. 37-б.).
Өмір өткінші, айдың қалай лезде өткенін, құлдыраңдап ойнап жүрген баланың қалай ер жетіп, азамат, жігіт болғанын аңғармай да қаласың дегенге меңзейді.
АЙЫБЫНА – МЫНАУ,
ҚИЫБЫНА – МЫНАУ
«…Сондай-ақ, „айыбына – мынау, қиыбына – мынау“ деген фра-зеологиялық тіркес те кездеседі. Сөйтсек, мұндағы „айыбы“ – материал да, „қиыбы“ – моральдық шығын екен. Демек, мұнымыз „материалдық – моральдық шығын“ дегеннің қазақы нұсқасы болып шығады». (Н. Уәлиев, 9.).
«Бөлтірік шешен Сыпатай батырға бұрылып:
– Батыр, келген шаруаңызды айта отырыңыз! – дейді. Сонда Сыпатай батыр:
– Бөлтірік батыр, келген жұмысымды айтайын. Өрістегі екі биемнің жоғалғанына бес жыл болған еді. Сол екі биені сенің Жантүгел туысқаның ұрлапты. Жақында біздің екі жылқышы келіп, ауылыңның жылқысының ішінен танып алып келді. Сол екі биені сенің көзіңе көрсетіп алайық деп жетектей келдік – әне, байлаулы тұр, – дейді.
– Батыр-ау, маған не қыл дейсің? – деп құрақ ұшады Бөлтірік.
Сыпатай батыр:
– «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің» деген сенің өз аузыңнан шыққан сөз емес пе? Екі биенің бес жылдан бергі өсімін есепте, айып-қиыбын қосып, бір үйір жылқыны алдыма тездетіп саласың! – деп қаһарланыпты». (Бөлтірік Әлменұлы, 20.71-72-б.).
Жоғарыдағы екі мысал бір-бірін толықтырып, айып-қиып деген сөздің бүгінгі материалдық-моральдық шығын екенін айқын жеткізіп тұр.
АЙЫРЫЛАР ДОС ЕРДІҢ АРТҚЫ ҚАСЫН СҰРАЙДЫ
«Қазақы ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қас ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады. Артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас сәл аласа, үсті кең. Ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам не алға, не артқа оқыс лоқып, сыпырылып түспеуі үшін қажет. Әсіресе, артқы қастың орны бөлек. Оның қасиетін «Айырылар (айыр-ылысар) дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақал дәлелдейді. (Ж. Бабалықұлы,23.).
Ер бөлінбейтін бүтін бұйым. Ендеше бөлінбейтінді бөлеміз деп, «ердің артқы қасын сұрағаны», достықтан кетісеміз дегені.
АҚ БАТА, ҚЫЗЫЛ ҚАН
«Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген». (Х. Арғынбаев. «Қазақ халқындағы семья мен неке», А., 1973, 184-бет). Тіліміздегі «Ақ бата, қызыл қан» деген сөз оралымында осы салттың жаңғырығы сақталған. Сондай-ақ, құда арасында реніш, кикілжің туса, не уәде бұзылса, «Сендерге не болды? Ақ бата, қызыл қан шығарған құда емессіңдер ме?» – деп басу айту да көнеден келе жатқан сөйлеу үлгісі. Дәулетіне қарай күйеу әкесі бата аяққа бата арнап, бір жылқы не түйе, болмаса түліктерді бір-бір тоғызға толтырып береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады». (Б. Әлімқұлов, 21.).
АҚ ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,