Кеңпейіл, қолы ашық, жомарт кісілерді дәріптегенде, осы Атымтай жомартқа теңейді.


АТЫ ЫРАҢДАП,

АДАМЫ ТЫРАҢДАП


«Аты ыраңдап, адамы тыраңдап» деген мақалға түсінігі (С. Мұқанов «Өмір мектебі» – К.О.) мынадай: «Ыраң» деген сөзді біздің ел мақалға қосқанымен, не екенін білмейді. Ол шөптің бір түрі екенін мен бертінде, Жетісу елінен ғана естідім». (Қ. Әлім, 31. 03. 02. 2011).

Аты – оттап, жайылып, өзі ұйқы соғып әлек деген әзіл-қағытпа. Астарлы мағынасы: Адамдар әрі-сәрі күйде болып, шаруалары жүрмей, бетімен кеткен ұжым, шаруашылықтарды сынағанда айтылады.


АУЗЫН АРАНДАЙ АШЫП


Ашқарақтық, тойымсыздық, қомағайлық танытқан адамды осылайша бейнелейді.

«Ерте заманда аран, керен деген мүйіз сыртты мақұлық болыпты деседі көнекөз қариялар. Ол екеуі де жеміне шапқанда аузын ашып алып жүгірсе керек-ті. Шамасы, қомағай, ашқарақтығы шығар. „Аузын арандай ашып“ деген тіркес содан қалған деседі». (Б. Қыдырбекұлы, 69.).

Ел арасында айтылатын «Аузын керіскедей ашып» деген сөз тіркесі де жоғарыдағыдай ұғымда қолданылады. Соған қарағанда, керіске де сондай алып аңның (сусиыр, мүйізтұмсық сияқты) бірінен болса керек.


* «Қанатты сөз – қазына», 1-кітабын қараңыз.


АУЗЫНДА ӘЗІЛІ ЖОҚТЫҢ

ҚОЛЫНДА ШОҚПАРЫ БАР


«Қалжыңды кек алуға, кекетіп келемеждеуге, кемсітіп сағын сындыруға қолданса, қадірі кетеді. Ол қалжың емес, төбелестің басы болады. Құрығанда көңілде дық қалады. Сондықтан әзілді орнымен келістіріп айта да білу керек, жүйесімен түсініп, қарымды жауап қайтара да білу керек. Әзіл-қалжыңның қасиеті – тапқырлық пен шапшаңдықта. Әдемі әзіл ақылдан шығады. „Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар“ дейді. Әзіл-қалжыңды түсінбейтіндердің көбі ақ-қараны ажырата алмайтын топастау келеді. Қалжыңға бола ерін бауырына алып, тік шапшитындарға сөзді қор етпеген абзал. Ал бірін мыңға балап жүретін көңілі көл, жаны жайсаң адамдар болады. Олар айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап жүреді». (Б. Момышұлы, 15. 29-б.)

Әзіл-қалжың сөзге әзілмен, тапқырлықпен жауап берудің орнына, қалжың айтқан кісіге ренжіп, өкпелеп, кейде жұдырығын ала жүгіретін, әзілді түсінбейтін топастау кісілер болады. Жоғарыдағы мақал сондай кісілерді әшкерелегенде қолданылады.


АУРУДЫҢ ЕМІ – САУДЫҢ СӘЛЕМІ


«– Пенде шіркін асығын күнде алшы түсірсе де, басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ауырмайтын адам жоқ. „Аурудың емі – саудың сәлемі“ дейді. Ең бір сауабы үлкен сәлем – сырқат адамның қолын алып сәлемдесіп, көңілін сұрау. Жаны мен тәні бірдей қиналып, „әлдеқалай болам“ деп көңілі күпті, жүрегі қаяу тартып жатқан кісіге жылы-жылы сөз айтып, рухын көтеру ауру адамның көңіліне – медет, бойына қуат береді. „Жақсы сөз – жарым ырыс“ деп тегін айтлымаған. Сол ауру адам, Алла емін салып жазылып кетсе, сенен жәрдем көргендей кездескен жерде ықыласы ерекше болады да жүреді. Неге десең, жайшылықтағы сәлемнен науқас кездегі сәлемнің орны ерекше, жөні бөлек сезіледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қазаны төңкерілсе, тірі кезінде сәлем беріп, көңілін сұрап тұрғаның үшін, тірлігінің соңғы күндерінде тілдесіп қалғаның үшін өзіңе риза боласың. „Әттеген-ай, сонда неге бармадым“ деген өкініштің уыты жүрегіңді езбейді». (Б. Момышұлынан. 15.70-71-б.)

Аурудың көңілін сұрап, арнайы барып сәлем беру арқылы оның көңілін көтеріп, жайландырасың. Рухына дем беріп, сауығуына сенім ұялатасың деген мәнде ұғынылады.


АУЫЗДЫҒЫМЕН АЛЫСТЫ


«Ауыздығымен алысты» деп асау, бас білдірмеген, бойға үйрет-ілмеген аттарға айтылады. «Ауыздығын қарш-қарш шайнап, ауыздығымен алысып тұр» дейміз кейде». (Ж. Бабалықұлы, 24. 273-274-б.).