Ата салтын бұздың деп назаланған Базарбай баласы Төлегеннің жанына ешбір жолдас ертпей, алыс сапарға жалғыз жібереді. Төлеген аттанарда Базарбай теріс батасын береді. Теріс бата алып, «ата назасына» ұшыраған Төлеген сол сапардан оралмай, жолда қапылыста Бекежан қарақшының қолынан қаза табады. Жырды шығарушы ақын-жыраулар осы арқылы ата-ананы ренжітпеу керек, «Ата қарғысына ұшыраған ұл оңбайды» деген ой-пікірді уағыздап отыр». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.182-183-б.).
«Әке-шешені ренжіту дінде – күнә, қоғамда – қылмыс, өмірде – ұят. Ата-ананың өкпе, наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды. „Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды“ делінген Пайғамбар хадисінде». (С. Кенжеахметұлы, 43.196-б.).
Бұл – ата-анасына қарсы келгенді құдай да құптамайды деген мәндегі ауыр сөз.
*«Қанатты сөз – қазына», 1-кітабын қараңыз.
АТ ҚОЙЫП, АЙДАР ТАҒУ
«Жас баланың алғаш жүректілік көрсетіп, көзге түскен уақытта көрсеткен ерлігіне сай өзіне ат алатындығы туралы көне түркілік қызықты деректер де ғалымдарға мәлім. Осы дәстүрдің жаңғырығындай тілімізде «Ат қойып, айдар тағу» деген бейнелі сөз сақталған. Айдар – жылқының құйрық-жалына алтындаған зер қосып, жіңішке қып өрілген бау. Оны осы бір айтулы күні басқа жұрттан ата тегін айырып, айқындап көрсету үшін жігіттің кежегесіне тағады. Ал кежеге дегеніміз – түрік бабаларымыздың желкесіне түсірген жуан бір өрім шашы. Осыған орай тілімізде «кежегесі кері кету», «кежегесі кейін тарту» секілді сөз оралымдары сақталған. (Б. Әлімқұлов, 21.).
«Ат қойып, айдар тағу» дегенде, жоңғарлармен айқасқан әйгілі батырлардың бірі – Қаракерей Қабанбай батыр есімізге түседі. Оның шын есімі – Ерасыл, ал Қабанбай – кейін ер жете келе айдар болып тағылған аты. Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері «Нар бала» десе, жезделері қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «Қабан» атайды. Ер жете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырды серіктері «Қабанбай» атап кетеді. Ел-жұртқа да сол «Қаракерей Қабанбай» деген атпен мәшһүр болады.
Ал «Кежегесі* кері кету», «кежегесі кейін тарту» деген сөз тіркестерінің ауыспалы мағынасы – бір іске зуақы соқпады, мойны жар бермеді, тартыншақтады, өзіне сенбеді деген мәнде ұғынылады.
*Кежеге – бас сүйектің желке тұсы.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН КЕСТІ
Қайта айналып келместей болып ренжіп, өкпелеп кетті деген мағынаны береді.
«… „Қара қылды қақ жарған“ немесе „айттым – бітті, кестім – үзлді“ деген тіркестер осы билер шешімімен тікелей байланысты. Енді „ат кекілін кесті“, „ат құйрығын кесті“ деген сөздердің „байланысын үзді“, „ренжісіп кетті“ дегеннің ар жағындағы тасаланған мағынасын қарастырайық. Кейде, әсіресе, құн дауымен байланысты жағдайларда бидің шешімімен келіспейтін де жағдайлар болады. Оны құн даулаушылар әдетте былай білдіреді: мәселен, жақыны кісі қолынан қаза тапқан адам алқалы топқа сол өлген туысының атын жетелеп келеді де, көптің алдынды оның кекілін, құйрығын кесіп, тұлдайды. Сөйтіп, „біз бұл шешімге риза емеспіз, бәрібір кегімізді қайтарамыз, қарсы жақ, соған дайын болыңдар“ дегенді аңғартады…» (Н. Уәлиұлы, 9.).
АТАЛАСТЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,
АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН
Бұл – көршілердің, ауылдастардың өзара ыстық сыйластығы, бауырластығы негізінде туған мақал.
«Кейде үлкен рулар мен аталастардың қоныстары бір болады. Ал, кіші рулардың, әсіресе, аталастардың қонысы міндетті түрде тұтас келеді.
Әр ауыл негізінде бір атаның баласы бола тұра, ішінде өзге, кейде алыстағы аталар мен рулардан келетін «кірме» дейтіндер де болады. Оларды «қоңсы» деп те атады… Аталық пен қоңсы арасы ұрыс-жанжалда көрінеді. Аталықтар – басым, қоңсылар – қорғаншақ. Дегенімен, аталықтар «Көрші ақысы, тәңір ақысы» десе де, «отты көсей берсең өшеді, көршіні қуалай берсең көшеді», «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деп қоңсыны сыйлайды». (С. Мұқанов, 77. 68-б.).