АТҚА ҚОНДЫ
«Атқа отырды – бұл сөз тіркесін де жиі қолданатын болдық. О заман да бұ заман, атқа отырмайды, мінеді. Тіпті „жаппай атқа қонды“, – дейді. Орындыққа, таққа, арбаға көбіне отырады дейді. Бұл орысшадан тікелей аударма болса керек. Орыс тілінде: „Он сел на коня“ немесе „Сесть на коня“ делінеді ғой. Орыс тілінде атқа міну деген сөз жоқ. Атқа отыру дейді. Басқа тілге иек сүйей бермей, өзіміздің құдай берген татымды да шұрайлы тілімізде сөйлеп, жазғанымыз жөн». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993.).
Осындайда «Ат – ердің қанаты» деген мәтел еске түседі. Яғни, халқымыз атты ұшқыр құсқа теңейді. Содан атқа мінуді де «атқа қонды» деп құсқа лайықты метафоралық термин сөзбен атаған.
АТ-ШАПАН АЙЫП ТАРТУ
«Шапанның қоғамдық қатынаста қолданудың да тағы бір жолы – жазалы адамның „ат-шапан айып тартуы“. Бұрынғы кезде түрлі қылмыс істеп, не қателік жасап кінәлі болған адам айыбының төлемі үшін малмен бірге міндетті түрде шапан төлеуге тиіс болды. Бұл мысалдан шапанның хұқықтық қатынасты белгілеуге де қолданылғанын көреміз». (Қ. Ахметжанов, 9. 4.08.94.)
Айыбын өтеді, ат шапан айыпқа ілікті деген мәнде.
АТТЫҒА ЕРЕМ ДЕП
ЖАЯУДЫҢ ТАҢЫ (АЙЫРЫЛАДЫ) ЖЫРТЫЛАДЫ
Мағынасы «Әлін білмеген – әлек» деген мәтелмен мәндес.
«…Аттыға ерем деп жаяудың таңы жыртылады» деген мақал күш келмейтін іске жармасатын адамдар жайында айтылады. Таң – сан мен сүбенің* түйіскен тұсы». (С. Мұқанов, 77.).
*Сүбе – қабырға етегіне біткен майлы қалың ет.
АТТЫҢ ЖАЛЫНДА,
АТАННЫҢ ҚОМЫНДА
Бұл сөз тіркесі бүгінде үй-күйсіз, жағдайсыз, төрт құбыласы тең емес жағдайда жасалған, дайындалған дүниені сипаттағанда, түсін-діргенде қолданылады.
«Аттың жалында, атанның қомында*» деген мәтелді де бұза-жара қолданып, «аттың жалында, түйенің қомында» деп жүрміз. Бұндай қом—майдың жиналуы көбіне атандарға ғана тән. Барлық түйе қом жинай бермейді. Атан түйе ат сияқты, өгіз сияқты күш көлігі. Бұл ыңғайсыздықты, асығыстықты білдіретін, қазақтың ертеде бір жерде тұрақтамай үдере көшуінен туындаған мәтел болуы мүмкін». (Ж. Омаров, 85.).
АТ ҰСТАР
«Бала туғанда баланың әкесінен, атасынан немесе нағашы жұртынан сүйінші сұрай алдынан шыққан адам ұл болса, „Ат ұстар“ деп, қыз болса „көйлек тігер“, „қырық жеті“ деп хабарлаған. Кейінгісі қызды қалың малға беруге, „жат жұрттың адамы“ деп қарауға байланысты туған ой-пікірлердің көрінісі», (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.14-б.).
Ат ұстар – үйдің иесі, мұрагері дегенді аңғартады.
АТЫНЫҢ СЫРЫ ИЕСІНЕ МӘЛІМ
«Осы тұста қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескере кеткен жөн. Бірі тоқжарау күйінде жақсы шапса, енді бірі әбден жеңілдеп жарағанда ғана жақсы шабады. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, нағыз атсейіс қолындағы сәйгүліктің тілін білуге тиіс. Мұндайда, жаратар аттың қара еттілігін, май еттілігін жазбай танитын атбегінің қапысыз танымы қажет. Онсыз жоны тырсиып тұрған қара етті жылқыны жаратамын деп, жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы болып тұрған май етті жылқыны жүдеу екен», – деп кем жаратып алу оп-оңай». (А. Сейдімбек, 92.).
Мінез-қасиетіне, ерекшелігіне қанық деген мәнде ұғынылады.
*Қом— түйе өркешінің түп жағындағы тұтаса біткен жота майы.
АТЫМТАЙ ЖОМАРТ
(Екінші нұсқасы*)
«Қазақ арасында Атымтай (арабша Хатимтай) көбірек аталады. Себебі, ол байлықпен емес, мырзалықпен (жомарттықпен) атын шығарады. Біреу Атымтайға: „Мен де сендей жомарт болам“ дейді. Бірақ алғаш берген адамы сол күні екінші рет келгенде: „Мана алып едің ғой“ депті. Бақса, сұраншы болып жүрген Қыдыр (ырыстың атасы) екен. Сонда Қыдыр: „Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен, екі келгенде сараңдық жасадың!“ – депті-міс». (С. Мұқанов, 77.150-б.).