Мигоухуа


гүлі

Мен орманда Мигоухуа3 гүлін іздеймін деп жүріп адасып кеттім.

Бейне ертегідегідей көзіме алыстан бір ағаш үй көрінді.

Мен жүгіріп барып, есігін қақтым.

Үйдің терезесі ашылды.

Бетін әжім басқан әжей:

– Қызым, неғып жүрсің?, – деп сұрады менен.

– Мен… мен мигоухуа гүлін іздеп жүрмін. Мен оны таба алмай қойдым, сөйтіп, адасып қалдым. Айтыңызшы, мына орманнан қалай шығуға болады? – дедім .

– Армандама, сен енді орманнан шыға алмайсың! – деп әжей сөздің тоқетерін айтты. – Былай істесек қайтеді? Маған көмекші керек болып тұр еді. Сен осында қал, үйіңе қайтар жолды табуға өзім көмектесемін, – деді әжей сөзін жалғап.

Мен өз-өзіме «Жоқ, менің үйге кеткім келеді!» дедім де, қаша жөнелдім.

Өйткені мен оның жалмауыз кемпір екенін біле қойдым. Мен қашып келем, қашып келем, қанша жол жүргенімді білмеймін. Бірақ іштей әлгі ағаш үйден алыс кетсем жақсы болар еді, жалмауыз кемпірдің қолына түссем, ол мені жұмысқа жегіп қояды, отын тасытады, картоп аршытып қояды, соңында мені жеп қояды деп ойлап келемін.

Бір кезде арт жағымнан бір қол келді де, жағамнан шап беріп ұстай алды. Мен қанша тырмыссам да, оның қолынан қашып құтыла алмадым, ол мені сүйреген бойы терезеден үйге кіргізіп алды. Мен басымды бұрып әлгі қолға қарап қалып едім, екінші рет қарағанға жүрегім дауаламады. Тіпті түске кіретіндей арбиып, сүйектері шыққан, жасанды қол сияқты созылып, жиырыла ма бір бәле…

– Мені Сянь апай деп атай бер! – деді кемпір. – Бірақ есікті ашуыңа болмайды, – деп ескертті.

Оның сөзі қисынға келе ме? Кәрі кемпірді қалай апай деуге болады? Есікті неге ашуға болмайды? Мен мұқият қарап шықтым, бұл үйде жалғыз ғана есік бар екен. Оны ашуға болмайтын болса, қалай кіріп-шығуға болады? Жасы болса келіп қалған екен, терезеден аттап-бұттап кіріп жүре ме? Мүмкін Сянь апай далаға шықпайтын болар? Осындай көп сұрақ мені мазалап қоймады.

Сөйтіп, мен Сянь апайдың үйінде тұратын болдым.

Сянь апай өзі төсекте, ал мен себетте ұйықтаймын. Себет дегеніміз – аспақтатып іліп қоятын бамбук себет. Сөйтіп, апай мені төбенің арқалығына іліп қойды, мен ұйықтай алмаймын ғой деп ойлап едім, қызық болғанда сеспей қатып қалыппын. Осынша қорқынышты жалмауыз кемпірдің ағаш үйінде қалай ғана ұйықтап қалдым екен? Шынын айтсам, таң атқанша қыбыр етпей ұйықтаппын. Бейне кішкентай кезімде бесікте жатқандай тып-тыныш, тәп-тәтті ұйқыға батқан екенмін. Терезеден түскен күн сәулесі бетімді қытықтап ойнап жатыр, еріксіз көзімді аштым.





Себет байланған арқан автолифт сияқты, ша тырдың арқалығындағы шығырыққа өткізілген, Сянь апай қолын созып тартса болды, себет төмен түсе бастады. Мен себеттен шықтым, арқанның бір ұшына шелек байланған, ол құдықтан бір шелек су алып шықты. Үйдің ішінде құдық болғаны ма? Сянь апай шелектегі суды су толтыратын ыдысқа құйды, ол арық болғанымен, қимылы ширақ екен. Шелек себетке қарағанда ауыр болғандықтан, құдыққа құлап түсіп кетті де, себет шатырдың арқалығындағы шығырыққа көтеріліп барып тұрып қалды.



– Судың ыдысы суға толы, күріштің ыдысы күрішке толы, қазан-ошақ бәрі дайын. Сен тамақ пісіре аласың ба? Мен сыртқа шығып келейін, – деді Сянь апай.

– Сіз, қайда барасыз?

– Мен сенің үйіңе қайтатын жолды сұрастырып көрейін.

Мен «жарайды» деп басымды изедім. Шынымды айтсам, мен тамақ пісіріп көрген емеспін.

Бірақ бұл қиын шаруа емес, мен өзіме қарай аламын.

Сянь апай жалғыз есікті нұсқап:

– Есікті ешкімге ашпа! Түсінікті ме? – деді.

– Түсіндім, – дедім мен.

Сянь апайдың қалай шығып кеткенін мен дәл қазірге дейін түсіндіріп бере алмаймын. Оның терезеден ұшып шыққаны анық. Ол қара плащын артына қарай қайырды да, алып құсқа айналып, терезеден ұшып шықты да кетті. Бұл процесс азғантай ғана уақытта болды, сол себепті мен қате көріп қалған болармын. Ол үлкен құсқа айналмаған да болар, тек үлкен құсқа ұқсап кеткен шығар.