Мен баяғы «мейірімді кішкентай адам» емеспін, мен есейдім, оның қадамына ілесіп жүре аламын. Мен онымен қатарласып жүріп келемін. Ол әр қадамын ашқан сайын үлкен сандарды айтып күбірлеп келеді, ол сандар мені баяғыдай қорқыта алмайды. Ол әр санның басын өте жылдам айтқанымен, соңғы цифрды өте анық айтып келеді.
«…4,..5,..6». Ол сан санап келеді.
Жоқ, шынын айтқанда, ол әр басқан қадамын санап келеді.
– Ағай, сіз сан санағанды ұнатасыз ба?
– …9.., – деп, ол маған қарап күліп қойды. Мен:
– Ағай, жаттығу жасап жүрсіз бе? Жаяу серуендеу – ең жақсы физикалық жаттығулардың бірі, – дедім қуланып.
– Сен мені серуендеп жүр деп ойлайсың ба?..1.., – деп, ол өзіме кері сұрақ қойды.
– Серуендеп жүргенге ұқсамайсыз.
– Біліп тұрып сұрағаның қалай?..3.., – деп, ол жүрісін тоқтатпастан менің басымнан сыйпап қойды.
– Ағай, қайда кетіп барасыз? – деп сұрадым.
– Ешқайда бармаймын, бірақ мен сен балақайдың қайда кетіп бара жатқаныңды білемін, – деп жүре сөйледі.
– Ал, айтыңызшы? Мен қайда кетіп барамын?
– Сен мектепке барасың…4.
– Ағай, оны қайдан білдіңіз?
– Сенің асынған сөмкең бар…5. Мектепке бармағанда басқа қайда барасың?
– Ағай, сіз ешқайда бармасаңыз, қайда барасыз? – деп әдейі қызық сұрақ қойдым.
– Сен бе, сен…6. Ол менің сұрағыма күліп алды да, саусағымен мұрнымнан түртіп: – Менің атым Шухай2. Мен ешқайда бармаймын, бірақ менің жүрмейтін жерім жоқ. Саған қалай түсіндірсем екен, мен мына әлемді қадаммен өлшеп жүрмін.
– Қадаммен бе?
Мен оның сөзіне қатты таңғалдым.
Дүниеде мұндай мамандық бар екенін білмейді екенмін, әлемді қадаммен өлшеуге бола ма? Әлем деген алып дүние емес пе, оны қадаммен өлшеп шығуға бола ма? Ал өлшеп шықты дейік, мұндай қарапайым әдіспен өлшегенде, тура шыға қояр ма екен?..
Оның қожайыны кім? Ол кім үшін жауап береді?
Шухай ағайдың ылғи өзін тік ұстап, қадамын біркелкі алып жүргені содан екен ғой.
Оның бұрағай бұрыс жүрмей, алдында тау болса тауға шығып, өзен болса өзенді кешіп, түзу тарта беретіні содан екен ғой.
– Бұл көне мамандық…7.., – деді Шухай ағай жүре сөйлеп: – жоқ, мұны кәсіп деген дұрыс болар…8.., менің қолымнан келетін шаруа осы ғана…9.., – деді.
Ол бірінші цифрды өте тез айтады, мен оларды есіме сақтай алмай қиналамын, бірақ соңғы сандарды анық естимін.
«Ағай, тынығып алмайсыз ба?» деп оны уайымдап: – менде бұлақ суы бар, ішесіз бе? – дедім.
– Рақмет саған, мейірімді кішкентай адам…
Бұл екеуміздің арамыздағы құпия сөз сияқты, екеуміз ғана түсініп, күліп алдық. Мен судың қақпағын ашып, оған ұсындым.
Шухай ағай, суды алды да, қылқылдатып жұтты-ау келіп.
«Бұған қарағанда суық шайдың дәмі жақсырақ еді».
Шухай ағай құмыраның қақпағын маған қайтарып берді. Ол бір құмыра суды бір өзі ішіп қойды.
Су, шай дегенде келмеске кеткен балалық шағым еске түсті, мені көкейде жүрген сұрақтар қайта мазалай берді.
– Ағай, сіз қалайша ары-бері бұрылмай түзу жүре бересіз?.. Мен бұл сұрақты қалай жеткізерімді білмей: – сіз біздің үйдің төбесіне жүріп шығып кеттіңіз ғой? Сіз Бэтмен емессіз ғой. Табаныңызда магниттік диск жоқ па? Болмаса ерекше қабілетіңіз бар ма? – деп сұрадым.
– «Бэтмен, магниттік диск, ерекше қабілет» дейсің бе?
Шухай ағай менің не айтып тұрғанымды түсінбегендей абдырап қалды.
– Менің айтайын дегенім, сіз… біздің үйдің төбесіне қалай жүріп шыға салдыңыз?
– Оның еш қиындығы жоқ. Мен бір тауға да солай шығып кеткем. Сол таудың аты не еді?..1.., иә, Эйфель мұнарасы екен ғой. Мен пирамиданы да солай жүріп өттім…2, Ұлы қорғанды да солай жүріп өттім…3.., көп жерді солай жүріп араладым. Өйткені алда түзу жол жоқ болды, – деді Шухай ағай.
Алдымызда көлденең көше жатыр, мектепке бару үшін сол көшемен жүруге тура келді. Бірақ Шухай ағай бұрылуды білмейді, ылғи түзу жүреді.