Әлгі адам біздің үйдің артқы есігіне қарай тартты. Ол үйге кіре ме? Ұры болуы мүмкін бе?
Бақытымызға орай, біздің артқы есік құлыптаулы, ал кілтті босағадағы кішкене тесікке қалдырып кеткенбіз, ол мұны білмейді!
Сол кездегі жайт мені қатты таңғалдырды: әлгі адам біздің үйдің артқы есігін ашқан жоқ, артқы есіктен өтіп, үйдің қабырғасымен жүріп, төбеге қарай кетіп барады.
Дүние айналып кеткендей болды, мен шалқайып артыма құлап қала жаздадым, әлгі адам қабырғамен құламай жүріп барады.
Еш кедергісіз, алға тартып барады…
Оның денесі қабырғаға перпендикуляр, ол төбеге қарай шынымен жүріп барады! Әлгі адам үйдің төбесіне шықты.
Денесі бірте-бірте қысқарып барады, аяғы, сосын бөксесі, содан кейін иығы көрінбей кетті, тек шашы ғана қалды… мен дереу кілтті алып, артқы есік арқылы үйге кірдім, одан кейін алдыңғы есікті аштым.
Мен есікті ашқан уақытта ол да қабырғадан төмен түсіп, есік алдында тұр екен.
«Ей, сен…» мен өзімше оған ұрысайын деп едім, неге екені белгісіз, аузымнан: «Сен… осында тынығып аласың ба? Су берейін бе? Біздің үйде… тәтті жүгері бар, жейсің бе?» деген сөздер шығып кетті.
Ол жүрісін тоқтатқан жоқ, бірақ артына бұрылып, маған қарап күлгендей болды.
Мен жүгіріп үйге кірдім де, бір кесе мен бір шәйнек шай алып шығып, оның артынан қуып қақпадан шықтым.
«Рақмет, кішкентай мейірімді адам!..8, менің маңызды істерім бар,..9 », – деді әлгі адам.
Бұл оның менімен бірінші рет сөйлесуі еді.
Ол менімен сөйлескен кезде де жүрісін тоқтатқан жоқ, әр басқан қадамын санап, өзін өте сабырлы ұстады.
Ол тіпті сөйлеген кезде де саннан жаңылған жоқ. Тіпті шайды (мен берген бір кесе шайды қуана-қуана ішіп алды, анамның дайындаған шөп шайының дәмі өте жақсы болатын) қылқылдатып жұта салды да, ары қарай жүріп кете барды. Ол естіп те көрмеген, менің қиялыма да кірмейтін үлкен сандарды айтып кетіп барады.
2
Содан бері талай жыл өтіп кетті, мен бұл оқиғаны ұмытып та қалыппын.
Біздің отбасымыз ауылдан қалаға көшіп келді, яғни туған жерден алыстап кеттік.
Балалық шақтағы сол шынайы естеліктер бірте-бірте бұлыңғыр тарта бастайды. Ол бейне бір көрген түс сияқты. Сол кезде есіңе түскенімен, қазір естен әлдеқашан көтеріліп кеткен.
Егер ол мені қағып қалмағанда, мен оны байқамас едім.
Ол кезде мен зебра өткелінде тұрған едім, жолдан өтетін адам көп еді. Жасыл шам жанғанда адамдар жапа-тармағай дүрлігіп, жолдан өте бастайды. Маған жолдан тез өтуге тура келді, өйткені мектепке бару үшін жолдың арғы бетіндегі № 903 автобусқа отыруым керек. Өйткені сабақтан кешігіп қалмауым керек.
Көпшіліктің арасында ол да пайда бола қалды. Жүрісі ерекше, екі қолын сермеп, қадамын нық басып, солдаттарша жүріп келеді. Ол мені өзіне қарату үшін әдейі түртіп қалған сияқты. Мен оның жүріс-тұрысының ерекше екенін байқап, оны бір жерден көрген сияқты болдым.
Иә, балалық шақтың естеліктері жадыңда жатталып қалады, ол бейне көрінбейтін қаламмен жазылған құпия сөзге ұқсайды, керек кезде жалт етіп ойыңа түсе қалады. Дұрыс, бұл дәл сол адам! Кезінде біздің көкөніс алқабын кесіп өтіп, үйіміздің төбесіне жүріп шыққан адам.
Ертегілерде суреттелетін таңғажайып адам…
Бұл өзі төрт көшенің қиылысы болатын. Жолдан өткен соң, тағы бір түзу көше жатыр. Мен автобусқа отырмадым. Себебі мен оның қасында біраз уақыт жүргім келді. Санамда шешілмеген сан сұрақ жатыр, соларды шешкім келді.
Қанша жыл өтсе де, ол еш өзгермепті, сол баяғыдай әлі де өзіне сенімді көрінді. Көшедегі адамдар жан-жағына бажайлап қарауға мұршасы келмей, асығыс кетіп жатыр, оны менен басқа ешкім байқады ма, білмедім. Ол өзі де басқаларға аса мән бермейтін сияқты көрінеді.