– Дәл солай. Бірақ сен бұл қыратты «Шаймерден төбе» деп дұрыс айтпадың, – деді Би қыраттың басына көз жіберіп тұрып. – Сендерге бір қызық айтайын ба?
– Иә, айт!
– Айтсам. Бұл биік жота Қыңырақ тауы деп аталады екен.
– Қыңырақ?!
– Иә —иә! Кәдімгі Қазығұрт аңыздарының бірінде айтылатын Қыңырақ.
– Ол қандай аңыз?
– Естімесеңдер айтайын. Өздерің білесіңдер, Қазығұрт Тянь-Шань тауларының батысында жекеленіп жатқан тау. Оны мына Қыңырақтың басына шықсаңдар көрулеріңе болады. Сол Қазы-ғұрттың арғы тұсынан төбесінен қар кетсе де, мұз кетпейтін Қаржан мен Өгем тауларының шыңдары көгілдір боп мұнартып көрінеді. Ал, аңызын айтсам, ол былай: «Нұқ пайғамбардың кемесі «енді біздің төбемізге тоқтайды» деп көкіректерін керіп, масаттанып тұрған биік шыңдарға тоқтамай, Қазығұртқа келіп тоқтағанда, әлгі алып таулар Қазығұртқа қарсы соғыс жарияламақ болыпты. Осыны есіткен Қазығұрт өз маңайындағы аласа тауларға жар салады:
Ордабасы ұлыма айт,
Қызылсеңгір қызыма айт,
Еншілес інім Қаңғыраққа айт,
Сізден арғы Қараққа айт, – деп Қазығұрт батыс жағындағы кең далада нақ өзі сияқты оқшауланып тұрған таулардың бәрінің атын атап барып, ең соңында «Қайтарыңда Қыңыраққа бар да қайт» деп бітіріп, жеті тауға елші жұмсайды. Осыны есіткен әлгі соғысқұмар таулар бұлардың одағынан қаймығып, жотадан бірді-екілі жай соққы берумен шектеледі. Осылайша Қазығұрт тауының басы қағылып, жотасы қос өркешті түйеге ұқсап қалған екен дейді.
Ал әлгінде өз аты ең соңында айтылғандықтан, әрі көзге ілмегендей болып «бар да қайт» дегеніне намыстанған Қыңырақ қыңырайып, шеткерірекке барып орналасыпты дейді».
– Болды қызық деген осы екен. – деді Нар ойланып. – Сонда бұл тау өкпелеп, қыңырайып қалғандықтан «Қыңырақ» деп аталған ба екен?
– Кім біледі. Дегенімен сол Қазығұрттың баурайында туып-өскен Қалаубек Тұрсынқұлов деген жазушының айтуы бойынша, «қыңырақ» деген ежелгі қарудың аты болған екен. Оған академик Радлов түркілердің жалпақ қылышы деп түсінік беріпті. Бұл таудың тастары қатты да тығыз болып, қару-жарақты қайрауға пайдаланса керек. Содан «қыңырақты жанитын тасы бар тау» деген мағынада Қыңырақ аталып кетуі әбден мүмкін дейді жазушы.
– Е-е-е, – деп Ер мен Нар жерде жатқан тастарды қолдарына алып, оларға шұқшия қараумен болды.
Ағайынды үшеуі төрттағандап тырмысып, Қыңырақтың жотасы-на көтеріліп бара жатты. Алдында келе жатқан Ер жотаға шыға келді де, бауырларына:
– Мен бірінші шықтым! – деп мақтанды.
Артынша Би мен Нар да биік жотаға ентіге көтерілді.
Жота үсті ары қарай еңістеу келген кең, жайпақ жазық екен. Көктемгі салқын лепті жұмсақ самал ауыз, тыныс жолдарынан лап етіп, кеуделерін кернеп кетті. Әлгіндегі шаршап-ентіккендерінен түк қалмағандай.
– Қандай керемет! – деді Нар бетін саумал самалға төсеп.
– Анаң қараңдаршы, ақ-шаңқан үйлерімен Сарыағаштың шеті де Қыңырақ тауға жетіп қалыпты ғой, – деді Ер сол бүйірден қалайы шатырлары күнге шағылысқан жыпырлаған үйлерді көрсетіп.
– Әне, Дарбаза кенті де алақанға салғандай иегіміздің астында жатыр.
– Шаймерден әулие мешітіне де адамдар көп келетін болыпты ғой, – деді Би төбе етегіндегі мал сойып, ас қамдап жатқан адамдар мен бір шетте қаз-қатар иіріліп тұрған автокөліктерге қарап.
– Сен оны айтасың, мына Ер Дәуіт төсіне де зиярат етушілер көп келетін болған. Әне, үюлі темір-терсектердің алдында шоғырланып тұрған адамдарға қараңдар.
– Қызық, Ер Дәуіт төсіне зиярат еткеннен кейін олардың мамандық шеберліктері мен ұсталық өнері шынымен-ақ алға басар ма екен?
– Кім біледі, бірақ сенім деген ұлы күш бар ғой.
– Менің естуімше, Ташкенттің он екі қақпасының бірі осы Дарбаза сайында болған дейді? Сол рас па екен?