Еріндері шырт-шырт жарылып, бар есіл-дерті бір жұртым суға зар болып келе жатқан Дарий көздері тұманытып, еш нәрсенің парқына бара алмастай еді. Ол түтікті жалма-жан кезерген аузына салып, суды құмығып жұта бастап еді, қақалып-шашалды да қалды.
– Байқап, асықпай ішіңіз, патшам. Бөшкедегі су бәріңізге жетеді.
Аузы кезеріп, құрғақ еріндерін тілдерімен жалаған әскерлердің бәрі Дарий патшаның аузындағы түтікке ашкөздене, тағатсыздана телміреді. Тіпті Ранасабат та «су» деген сөзді естігенде, есі ауысып, өлтірейін деп тұрған Шырақты ұмыта арбаға ұмтылды. Ал бұл кезде әлгі үш сарбаз бір шетте елеусіз қалған Шырақты жетелеп ерткен күйі жұрттың арасына сіңіп кетті. Олар қалың әскердің арасынан сытылып шыққан бойда сайда жайылып жүрген аттардың бірнешеуін ұстап алды. Әрқайсысы бір-бір атқа қарғып мініп, сай табанымен құйғытып шаба жөнелді. Олар сол бойда өздерінің бұрынғы жайларына келді де, қаңтарулы тұрған аттарын жетекке алып, ары қарай тоқтамастан тартып отырды.
– Мені өлімнен құтқарып алғандарыңа алғысым шексіз, – деді Шырақ жүйіткіп бара жатып, жанындағы үш батырға. – Бірақ оларға бір бөшке суды тастап кеткендеріңе түсінбедім. Мен оларды елсіз, сусыз шөлге қаңтарып, діңкелетіп, сілікпесін шығарып, көздерін тұздай құрту үшін әкелген жоқ па едім!
– Шырақ аға, – деді Нар жұмбақ жымиып. – Онда бір бөшке су жоқ. Бөшкенің аузына бекітілген бір тостаған су ғана бар. Ал бөшкенің іші толған құм.
– Біз бөшкенің аузын темір қалқанмен жауып, шынжырмен құрсап, құлыптап кеткенбіз. Дарий мен Рансбат қалқан астындағы суды жіңішке түтікше арқылы сарқып ішеді де, суы таусылған соң, оның қақпағын аша алмай әуреге түседі. Ал біз сол уақытта ізімізді суытып үлгереміз.
– Бәрекелді! Тапқыр екенсіңдер! – деді Шырақ жас батырларға қатты риза болып.
– Мына торсықты алыңыз, аға. Кенезеңіз кеуіп келе жатыр ғой. Қымыз ішіп, шөліңізді басыңыз, – деді Ер жанторсықты Шырақтың қолына ұстатып.
– Рақмет, батырлар, бәрін жан-жақты ескерген екенсіңдер, – деп қатты толқыған Шырақ батыр торсықты аузына төңкеріп, ернеуінен төгіп-шаша қымыз жұтты.
«Александр Македонскийдің бұйрығы бойынша,
Сырдарияда Александрия Асхата (Шеткі Алек-сандрия) деп аталған қала салынды… Сақтар өзеннің екінші жақ бетінен гректерді садақтан атқылайтын. Ал, Александр көшпелілерді ката-пультпен атуға бұйырған, оларды шегінуге мәжбүр етті, сонан соң әскерімен қуғындай түскен-ді. Алайда қуғындаймын деп жүріп жеңіліске ұшырай жаздаған грек әскерлері қалаға қайта оралды. Александрдің өзі де дәл осы уақыт-та не ауырып қалды, не жарақаттанды. Осылай-ша, Александр Македонскийдің Яксарттың (Сыр-дарияның) арғы бетінде тұратын сақ тайпаларын талқандап, өзіне бағындырамын деген ойы сәтсіз аяқталды».
«Қазақтар» анықтамалығынан.
Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македон-ский) елшілері сақтарға келіп: «Біздер жеңілу дегенді білмейтін ұлы патша Александр Маке-донскийдің елшілеріміз», – деп өздерін таныс-тырғанда, сақ елшілерінің басшысы: «Сендерде
жеңілмейтін тек патшаларың ғана, ал біздерде әрбір сақ жеңілмейді» деп қасқайып тұрып жауап беріпті.
«Түркістан» газетінен.
«Ескендір қайтқан төбеден»
Жолқапшықтарын арқаланып алған біздің үш сайыпқыран көктемнің не суық емес, не ыстық емес, мамыражай соңғы күндерінің бірінде Сарыағаш пен Дарбаза ауылының аралығындағы Дарбаза сайына жорыққа шықты. Олар сайдың екінші басындағы биік қыраттың табанына келгенде, бұжыр-бұжыр сұрғылт қой тастарға отыра қалып, аял жасады. Шаймерден үңгірі мен Ер Дәуіт төсіне зиярат етуге келгендердің бір бөлігі осы таудың басына да өрмелеп шығып қайтып жатыр екен.
– Біздің де көздеп келген мақсатымыз, осы Шаймерден төбенің басына шығу емес пе? – деді Ер күнқағары бар қалпағын шешіп алып жатып.