– Мидиялықтардың патшасы! Өз жөніңе кет дегенге көнбедің. Ендеше тұрысатын жеріңді айт! Дарияға өткел салып әуре болмай-ақ, үш күн-шілік жерге кері шегініңдер. Сонда соғысамыз. Оған көнгің келмесе, сен-дерге жолды босатып, біз үш күншілік жерге кері шегінейік. Жауабыңды кешеуілдетпе.
***
Кирдің жорық шатырында әскери кеңес жүріп жатыр. Кир алдында қолбасшылар мен әскери кеңесшілер ғана отыр. Кир оларға барлай қа-рап:
– Иә, сендер не дейсіңдер? Томиристің айтқанындай үш күндік жерге кейін шегінейік пе, әлде олардың шегінгенін қалайсыңдар ма?
Біраз үнсіздіктен кейін кеңесшілердің бірі сөз алды:
– Тақсыр, – деді ол бір құпия сырды ашқандай жігерлене қарап. – Біздің кері шегінгеніміз дұрыс болар. Өйткені, біз шегінген жеріміздің ой-шұқырын бес саусағымыздай біліп аламыз. Сақтарға қарсы соғыс майданын ашқан кезде сол білігімізді пайдаға асыратын боламыз. Сөйтіп, оларды тықсыра қуған жағдайда, сақтардың шегінетін жері қалмайды. Өзен иініне әкеліп қамап, дүрліккен жауды қойдай бауыздап, қыра беруге де тиімді.
Әскербасының бұл ойын басқалар да қуаттады. Кир де осы ойға жығыла берген. Кенет осы кеңеске қатысып отырған лидялық Крездің10 басын шайқап тұрғанын байқап қалды.
– Иә, Крез, басыңды шайқағаныңа қарағанда, келіспей тұрған сияқтысың ғой? Неге келіспейсің, соны айт?!
– Уа, әміршім, – деді Крез нық та сенімді үнмен. – Егер сен өзіңді және әскеріңді елден ерекпіз деп бағаласаң, онда мен пікір айтып әуре болмай-ақ қояйын. Ал, егер сен өзіңді кәдімгі ажалды адам деп, әскерің де өзіңдей пенделерден құралған қол деп есептесең, әрдайым бір адамның жолы бола бермейтінін ұғын. Егер сен жауды өз жеріңе енгізсең, оның өте-мөте қатерлі деп білемін. Жеңілген жағдайда, мемлекетіңе де қауіп төнеді, олар жеңістің желігімен сені еліңнің түкпіріне дейін өкшелеп қумай тоқтамайды. Ал жеңіске жеткен күнде Томирис иелігіне түре тиіскенге не жетсін! Әйелдің тілін алып, жауын өз жеріне енгізу – Камбис баласы Кирге өліммен тең емес пе?! Сонымен ақылымды алсаңдар, дариядан өтіп жаудың шегінген жеріне дейін баса көктеп барайық та, мынандай айла жасайық: Өз қосынымызда көп қой сойып, ат-көпір етіп ас-су әзірлейік. Әсіресе шарап жағы ырғын болсын. Содан соң орнымызда әлсіз әскер қалдырып, дарияға қарай шегініп кетерміз. Менің ойымша, өздері бұрын татып көрмеген тағамның үстінен түскен жау дәмге тарпа бас салады. Ал, одан арғысы белгілі емес пе.
Осы екі ұдай пікірді салмақтап көрген Кир, әуелгі ұсынысты тәрк етті де, Крез пікірін қабыл алды. Сөйтіп, Тұмар ханымға «уәделі жеріне шегінсін», – деп шапқыншы жібертті.
Тұмар ханым уәдесінде тұрып, қосынын дариядан үш күндік жерге, қасиетті Қаратау қойнауына қарай шегіндірді. Кир болса қарақұрым әскерін дариядан жайлап өткізе бастады.
Кир қосынын дариядан өткізген күннің түнінде түс көреді. Түсінде немере ағасы Гистасптың үлкен ұлы Дарий биік таққа отырыпты. Екі иығында қос қанаты бар дейді. Бір қанаты Азияны, екінші қанаты Еуропаны бүркеп тұр екен. Түсінен шошып оянған патша түсінің мәніне ой жүгіртіп, оны тегін емес деп жориды. Немере ағасын шақыртып алады да, екеуі оңаша отырғанда оған былай дейді:
– Гистасп, сенің ұлың Дарий11 жасы жетпеген соң жорыққа қатыстырылмай, елде қалған еді. Сол ұлың менің тағыма таласып, өміріме қастандық жасағалы жүр. Менің кәміл-пірлерім әмісе қамымды жеп жүретіні және алдымды алып отыратыны өзіңе аян. Сол кәміл-пірлерімнің көрсетуінше, түсімде сенің үлкен ұлыңды көрдім. Екі иығында екі қанаты бар екен, бір қанатымен Азия, екінші қанатымен Еурпоны бүркеп, менің тағымда тұр екен. Соған қарағанда, сенің ұлың менің өміріме қатер төндіргелі жүргені даусыз. Сол себепті дереу Персияға қайттағы, мен мына жауды жеңіп, елге оралғанша жауапқа дайындай бер.