– Сендер кімсіңдер?
– Біз Анарыс бабаның қағушы періштелеріміз, – деді Би де ілгері адымдап.
– Қанатсыз қандай періштесіңдер! Жалған айтпаңдар!
– Ал, сіз бауырыңыз Анарыс бабаны қалайша өлімге қиып отырсыз?! – деп, Нар да бауырларының қатарына қосылды.
Сабыл жауынгерлеріне қарап:
– Мына тырбиған бақаларды менің аяғыма жығып, тәңірқұтқа қарсы шыққандардың қалайша жер қабатынын көрсетіңдерші, – деді саусағымен нұсқап.
Үш жауынгер аттарынан түсіп, өздеріне сенімді түрде балаларға жақындай берген.
– Бауырлар, дәл тамақтарынан тебейік! – деп сыбырлады Ер жайымен.
– Дайындалыңдар! Ал…
Үшеуі бір мезгілде шыр көбелек айналған күйі каратэ тәсілімен аяқтарын көтеріп, «сарт-сұрт» тепкен еді, мұндайды күтпеген әлгі жауынгерлер бірінен кейін бірі кескен теректей жалпасынан түсті.
– Кәне, бәрің жабылыңдар! – деді ызаланған Сабыл қалған жауынгерлеріне иек қағып.
Жиырма шақты жауынгер жан-жақтарынан шеңберлей қоршап, анталап жақындай бергенде, Нар бауырларына: «Сағаттарыңның минуттық тілдерін басыңдар!» деп айтып үлгерді. Жауынгерлер жабыла лап қойғанда, бауырлар ізім-ғайым жоғалды. Балалардың көзден ғайып болғанына қатты үрейленген жауынгерлер жан-жаққа бытырай кейін серпілген. Бір минуттан кейін балалар тұрған орындарында қайта пайда болды. Сабыл да өзінің сескеніп қалғанын байқатқысы келмей:
– Жабылыңдар! – деп тағы ақырды. Жауынгерлер сабасына түсіп, қайта ұмтыла бергенде, бауырлар қайта жоқ болды. Бұл жолы зәрелері зәр түбіне жетіп, естері ауыса есеңгіреген жауынгерлер жан-жаққа бытырай қашты. Балалар қайта пайда болды.
– Ал, енді, Сабыл мырза, біздің кім екенімізге көзіңіз жетті ғой, – деді
Ер тәңірқұтқа тура қарап. – Енді өзіңіздің жоқ болатын кезегіңіз. Мәңгі бақи жоқ боласыз. Ал, бауырлар, сиқырға дайындалыңдар…
– Сабыр, сабыр, жігіттер, – деді Сабыл бұл жолы сескенгенін жасыра алмай. – Не тілейсіңдер, қалауларыңды айтыңдар?!
– Тілегімізді орындайсыз ғой?
– Тәңірі алдында ант етемін!
– Біздің әрқайсымыздың тілегіміз бар. Менің тілегім: Анарыс бабаға бұдан былай қастандық жасамайсыз! Соңына аңдушы, тыңшы қоймайсыз! – деді Ер.
– Болсын! – деді Сабыл басын иіп.
– Ұғындырғы, білім ордаларын ашып, бала оқытуына кедергі жасамайсыз! – деді Би.
– Болсын!
– Анарыс бабаның заң-жарғысын қабылдап, іс жүзінде орын-далуына қатаң бақылау қоясыз! – деді Нар.
Сабыл қарасұр жүзі бозарып, біраз уақыт үнсіз тұрып қалды. Бір уақыт еріндерін әрең қимылдатып, тісінің арасынан сыздықтата:
– Бол-сын! – деп, ернін тістеп, жерге шұқшиды.
– Ал, енді, келген жақтарыңызға ат басын бұрып, бізді оңаша қалдырсаңыз.
Сабыл әскерін жинап, келген жолдарымен еңселері түсе кейін шегінді.
Қуанышы қойнына сыймаған Анарыс баба:
– Менің сақтаушы, жебеуші періштелерім! – деп балаларды бауырына қысты.
– Сендер шын мәнінде періштесіңдер ме? – деді Ардан өз күдігін ішінде сақтап қала алмай.
– Жоқ, біз де кәдімгі ет пен сүйектен жаралған адамдармыз.
– Онда сендер қалайша көзден ғайып болдыңдар?!
– Ол мына сағаттың құпия тіліне байланысты, – деп балалар қолдар-ындағы сағаттарын көрсетті.
– Ал, хан иеме оқ жаудырып, қастандық жасайтынын күні бұрын қайдан білдіңдер?
– Біз бағана болашақтан келдік деп айтқан жоқпыз ба. Бізге уақыты өтіп кеткен Сіздің заманның барлық оқиғалары бесенеден белгілі жай ғой. Соны ұғыңыздар.
– Е, мейлі, ұғуға тырысайық. Ал, әлгінде хан иеме сыйлық ретінде қоймай кигізген оқ өтпейтін жейделеріңіз сыйқырлы нәр-се ме?
– Ол жейде сыйқырлы емес. Кәдімгі өздеріңнің жауынгерлерің киетіндей сауыт, оқ өтпейтін темірден тоқылған қарапайым жейде.
– Ал, енді… – деп Ардан тағы бір сұрақты қойғалы тұрғанда, Анарыс баба: