Ғабдуррахман. (өңі бұзылып кетеді) Жоқ! Мен ол сотты заңды деп санамаймын. Мен тек Аллаһтың сотын, Аллаһтың заңын мойындаймын. Қару-жарағымызды да тастамаймыз – алдымызға қойған мақсатымызға жетпей тастамаймыз. Біздің мемлекетімізді, біздің қоғамымызды күнәһарлардан, қылмыскерлерден тазартпай тоқтамаймын. Ал мына біздің, сіз айтпақшы, экспериментімізден түк шықпады дегенмен мен келіспеймін. Өзіңіз білесіз – осы қысқа мерзімнің ішінде қаламыз әжептәуір тазарып қалды. Біз қылмыстың барлық түрлерін тыйдық. Мұсылмандар оң мен солын аңғара бастады, намаз оқуды үйренді, адам сияқты киім киуге дағдыланды. Қазір еш қауіпсіз түнгі көшелермен жүруге болады. Қала тұрғындары бір-бірімен сыпайы сөйлеседі, адал сауда-саттық жүріп жатыр, ешкім ешкімді алдамайды, ешкім ешкімді қанамайды, азық-түлік пен басқа тұтынатын тауарлар таза, хәләл. Біз арақ пен есірткіні жойдық, темекі шегушілер мен насыбай ататындардың да саны азайып келеді. Банкілер дұрыс жұмыс істей бастады, олар мұсылмандарға дұрыс қызмет көрсетуде, бұрынғыдай өсім пайызын алып ашықтан-ашық тонау деген жоқ. Шенеуніктер жұмысын адал, әділ атқаруда. Ешкім пара алмайды – пара бермейді. Бұдан басқа не керек?!.. (шейх имамға қарайды, бірақ ол үндемейді) Иә, мүмкін біздің бастамамыздың болашағы жоқ та болар. Бірақ мен кәміл сенемін – қалай да болса, түбінде, егер халық әбден малғұндыққа, азғындыққа батып, құрып кеткісі келмесе, бәрібір, ерте ме, кеш пе, болашақта бір шариғат заңын қабылдайды. Мен… тек сол болашақ қоғамға алғашқы жол салушымын. Менің ізіме түсетіндер болады әлі, болады, иншалла! Олар тіпті менен де асқан мұсылман болады, адамзат әлі түседі Алланың тура жолына, түседі! Иншалла, түседі!
Асқар. Мен шариғат заңының, ислам дінінің болашағы жоқ деп тұрған жоқпын. Иә, адамзат түседі тура жолға, иншалла түседі. Ал бірақ сол жарқын болашаққа сіздің салған қатерлі соқпағыңыз апармайды. Болашаққа ізгілік, рақымдылық, мейірбандық, адамгершілік, шынайы имандылық ғана апара алады. Зұлымдық, қатыгездік тек артқа, кері тартатын жол. Сіздің жаңағы мақтан етіп отырған жетістіктеріңіз шын мәнінде жетістік емес. Өйткені ол жетістіктерге сіз тек қатал жазаның нәтижесінде жеттіңіз. Егер ертең шариғат заңы өз күшін жойса, қоғам бұрынғы арнасына түседі. Өйткені сіз адамдарды өзгерткен жоқсыз, сіз оларды тәрбиелеген жоқсыз, сіз тек оларды оңдап тұрып үрейледіріп алдыңыз. Сіз әлгі жарқын болашаққа адамдарды қамшымен айдап апарғыңыз келеді. Сіз болашаққа бір күнде, бір-ақ секіріп түсемін деп ойлайсыз. Сізден де бұрын сондайлар болған. Тарих сіз сияқтыларың бірсыпырасын біледі. Тек қана сіз сияқтылар тарихты білмейді. Тарихтан сабақ алмайды. Алысқа бармай-ақ қояйық. Жүз жыл бұрын Ленин деген біреу бір күнгі төңкерістің нәтижесінде жер бетінде жұмақ орнатпақшы болған. Халықты қандай «жұмаққа» түсіргенін өзіңіз де білетін шығарсыз.
Ғабдуррахман. Сонымен сіз мені Ленинге теңедіңіз, иә?! Бірақ, ол кәпір емес пе еді! Және де оның қателігі…
Асқар. Оның қателігі – сіздің қателігіңіз! Халықты жұмаққа дүренің астына алып, қамшымен айдап апарып қамауға болмайды. Адам баласы жұмаққа өз еркімен, өзінің имандылығының, тақуалығының нәтижесінде кіре алады. Басқа жол жоқ, басқадай Алла тағала оны жұмаққа кіргізбейді де.
Ғабдуррахман. (сағатына қарап қойып) Асеке, кімнің жұмаққа кіріп, кімнің кірмейтінін бір Аллаһ біледі. Менің сізбен сөз таластыратын уақытым жоқ. Сіздің көз қарасыңыз өзіңізге, менің көз қарасым өзіме. Меніңше, біздің халықты тек таяқтың көмегімен тәртіпке шақыруға болады. Оңдап тұрып сабап алмасаң райынан қайтар емес. Менің оған көзім әбден жетті. Қайткенде мен өз жолымнан таймаймын.