Асқар. (бірер уақыт жігітке қарап тұрып, сосын қолын иығына салады) Өзіңді кінәлай берме, Ваня, жалғыз сен емес шейхтің арбауына тап болған.

Иван. Иә, қаншама жігіттер шейхтің соңында кете барды. Бір жағынан сіз соның жанында жүрдіңіз ғой. Сондықтан бізде еш күмән да болған жоқ.

Асқар. (ауыр күрсініп) Иә, оның маған соншама жабысқаны енді түсінікті болды…


Осы жерде есіктің қоңырауы тағы да шылдыр етеді. Имамның қолы құлыпқа созыла бергенде Иван есіктегі тесікке қарайды да оның қолын ұстап қалады.


Иван. (сыбырлап) Тоқтай тұрыңыз. Бұл кім өзі?


Имам да тесікке қарайды, сосын Иванға келесі бөлмеге тығыла тұр деп белгі береді. Иван ол бөлмеге кіріп кеткеннен кейін имам есік ашады. Шейх кіреді. Оның үстінде капюшоны бар үлкен плащ.


Ғабдуррахман. (табалдырықты аттап өтіп тоқтайды да капюшонды артқа қарай сыпырып тастайды) Ассаламү ғалайкүм, Асеке!

Асқар. Уа ғалайкүм ассалам. (шегіншектеп кетіп кідіріп қалады)

Ғабдуррахман. (бөгеліп қалып) Кіруге рұқсат па?

Асқар. Иә… иә, жоғары шығыңыз. (жоғары жаққа қарай қол сілтеп ишарат жасайды)

Ғабдуррахман. (жоғары өтіп, столдың жанында тұрған орындыққа жайғасады, есік құлыпталмай қалады) Кешіріңіз, Асеке, түн жамылып келгенімді. Бірақ, астыртын жағдай… (имамға тесірейіп қарайды да) Асеке, сізге не болған? Жүзіңіз боп-боз ғой.

Асқар. Жо… жоқ, ештеңе емес. Тек… сізді бүгін… дәл осы жерде көрем деп ойламап едім. Алайда мен де сізбен оңаша сөйлесейін деп едім.

Ғабдуррахман. Кешіріңіз, жағдай солай болды. Сізді тек үйіңізде оңаша кездестірмесем… мешітте жаныңызда әрдайым біреулер жүреді. Ал өзіме шақырайын десем… білесіз ғой – менің сарбаздарым мені ешқашан жалғыз қалтырмайды. Міне, сондықтан түнделетіп, жасырын келдім. Мен сізді ұйықтап қалған шығар деп ойладым… бірақ, сіз әлі жатпапсыз.

Асқар. Енді қайдағы ұйқы! Не ұйқы келмейді, не ас жүрмейді…

Ғабдуррахман. Асеке, сіз мені кешіріңіз. Мен сіздің үйдегі жеңгейді, қызыңыз бен ұлыңызды босатсын деп бұйрық бердім. Жаңа, осында келердің алдында стадионға жігіттерді жібердім. Менің оларды тұтқындайтын ойым жоқ еді. Ол кісі өзі, қоярда қоймай кіріпті стадионға. «Мен халықтың, отандастарымның жанына барамын, солардың тағдырымен ортақтас боламын, менің олардан жаным қадірлі емес» депті. Әрине, менің ызамның қайнағаны да бар – өзіңіз білесіз ғой, қандай сөздерді жұрттың көзінше менің бетіме басқанын. Сізді де табалап кетті ғой. Сосын ойладым, бір-екі күн отырып біраз есін жисын деп. Сіз олар үшін уайымдамаңыз – қазір олар азат етіледі. Бірақ үйіңізге қайтып келе ме – келмей ме, оны білмеймін. Мен жігіттеріме жеңгейді апар деген жеріне жеткізіп тастаңдар деп бұйырдым. Тек қана қаланың сыртына шығара алмайды – оққа ұшатын қауіп бар. Қаланы қоршап тұрған әскердің снайперлері қимылдаған, қыбырлаған адамды қағып түсіруі мүмкін. Қалада жеңгейдің туыстары, құрбылары бар ма еді? Баратын жері бар ма?

Асқар. Білмеймін… бар болар… тек сіз оларды шынында да азат етсеңіз.

Ғабдуррахман. Азат етеміз! Ол үшін күмәнданбаңыз. Міне бүгін Иван Новиков та шешесі мен қарындасын стадионнан алып кетуге рұқсат сұраған, мен оған рұқсат бердім. Алайда оның шешесі өліп қалыпты. Ал қарындасы шешесінің мәйітінің жанында қалыпты. Мен ол баланы мәйітпен бірге үйіне жеткізсін дедім, жерлеуге қажет қаражатты партияның қорынан бөліп бердім. Мүмкін осы үйдегі жеңгей солармен бірге болар. Міне, көрдіңіз бе – уайымдайтын ештеңе жоқ.

Асқар. Мен өз отбасым үшін ғана уайымдап отырған жоқпын. Мен бүкіл стадиондағылар үшін, бүкіл қала тұрғындары үшін уайым жеп отырмын. Сіз енді өзіңіз де түсінген боларсыз – сіздің экспериментіңізден ештеңе шықпады. Сондықтан енді қару-жарағыңызды тастағаннан басқа амал қалмады. Иә, сіз сөзсіз сотталасыз… біз бәріміз де сотталамыз. Бірақ, өз еркіңізбен қару-жарақ тастап, қаланы мемлекет қарулы күштеріне тапсырсаңыз, сот сізге кешірім жасайды. Әлбетте жасайды.