Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!
Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді? Бір рет тастап кеткен мұйғылаға баланы сеніп беруге бола ма? (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, «Әл-хизб» партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!
Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жағынан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбірелер: «Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар!» деп жатыр.
Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз? А? Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды мекен? Шырылдап осы дүниеге келе сала, өзін туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті мекен? Содан есейіп жігіт болғанша, «Анам келіп мені алып кететін шығар…» деген үміт пен «Жоқ! Ол келмейді. Мен оған керек емеспін, мен бұ дүниеде ешкімге керек емеспін!» деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді мекен? А? (халық үндемейді) Үндемейсіңдер! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін өзі сұқ саусағымен нұсқайды) «жауыз» деп жазғырған адам кезінде сондай тастанды бала болған, сол адам күндердің күнінде, есейіп, жігіт болып, өзін туған анасы… анасы емес-ау! өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде оған «Жауыз!» деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Жиһад жариялаған! Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді…
Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.
Ғабдуррахман. Егер біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе? А? Неге үндемей қалдыңдар? Ендеше қараңдар – ойнас жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!
Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады – ол сылқ етіп құлап түседі.
Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?
Дәрігер. Өтіп кетті… (алақандарымен бетін сипайды)
Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһү акбар!
Сахнадағы барлық жұрт беттерін сипап «Аллаһу акбар» дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің қан-қан болған мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.
Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?
Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қолындағы қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)
Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалтырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде дені дұрыс адамға орын жоқ.