Қази. Жарайды, әкеліңдер келесі қылмыскерді.


Шейхтің көмекшілері бір жас келіншекті алып келеді. Осы жерде имам Асқар келеді.


Ғабдуррахман. (қазидың жанындағы бос орынды нұсқап) Хазіреті имам, келіңіз, міне сіздің орныңыз. (Асқар отырады, оның екі көзі қылмыскерде)

Қази. Бұл келіншектің қылмысы неде?

Асқар. Не бүлдіре қойды екен бұл бала?

Ғабдуррахман. О хазіреті имам! Сіз адамның сыртқы пішініне қарамаңыз. Осындай, түк білмегенсіп, үлбіреп тұрғандардың ішінде өлген ит жатады. Бұл оңбаған жаңа туған нәрестесін перзенханада тастап кетіпті.

Асқар. (не дерін білмей қалып) М-м… кеткен екен бір қателік… жас қой…

Қази. Куәгерлер бар ма?

Ғабдуррахман. Бар. Бір дәрігер және екі медбике.


Куәгерлер жақындайды. Дәрігер ер адам.


Қази. (дәрігерге) Сіз мына келіншектің өз нәрестесін перзентханада тастап кеткенін растап куәлік етесіз бе?

Дәрігер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – бұл келіншек өз баласын перзентханада тастап кетті.

Қази. Жақсы. (медбикелерге) Ал сіздер ше?

Екі медбике. (бірлесіп) Әшһәду, куәлік етеміз – бұл келіншек бала табысымен одан бас тартты да тастап кетті.

Қази. Жақсы, сіздер кете беріңіздер. (келіншекке) Балаңды неге тастап кеттің? Күйеуің қайда?

Келіншек. Күйеуім жоқ. Мені бір жігіт алдап кетті – аламын деді де екіқабат болып қалғанда тастап кетті. Сосын, баланы асырай алмайтын болғасын оны тастауға мәжбүр болдым.

Ғабдуррахман. Бұл себеп емес. Айналаңа қарашы – не? Жұрт баласын асырай алмай аштан қырылып жатыр ма? Бұл не сандырағың? Неке қиыспай еркектің қойнына неге жаттың? (келіншек үндемейді) Ал, жарайды, шайтанның азғыруына ұшыраған екенсің, некесіз бір азғынның қойнына жатқан екенсің, екі қабатты болып қалған екенсің, бала тапқан екенсің – не болмай жатыр қазіргі заманда. Неге сен өзіңнің сәбиіңді, бейкүнә, титтей нәрестеңді тастап кеттің? Содан кейін қалай жер бетін басып жүремін деп ойладың?! (келіншек төмен қарап үндемейді, шейх қазиға бұрылады) Қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Жүз дүре.

Асқар. Мен мұндай жазамен келіспеймін. Жүз дүре дегеніңіз – ол өлім жазасымен бара-бар! Елу дүренің өзі жетіп жатыр бұл балаға.

Ғабдуррахман. Жоқ, хазіреті имам! Бұл жерде аяушылық дегенді қою керек. Қылмыскерлерді аяп біз қоғамды дұрыс жолға бастай алмаймыз.

Асқар. Қылмыскер қылмысына сай жаза алуға тиісті. Баланы тастап кеткені үшін өлім жазасына қиюға бола ма?

Ғабдуррахман. Ал мұның некесіз бөтен еркектің қойнына жатқанын қайда қоясыз? Сіздіңше, ол қылмыс емес пе? Бұл жазамен біз бала тастап кететіндерге қоса зинақорларға да сабақ бермекпіз. Әлде сіз зинақорлықты қолдайсыз ба?

Асқар. Жоқ, қолдамаймын. Бұл баланы алдаған жігіт қайда екен? Оны да жауапқа тартып осы жүз дүрені екеуіне бөліп беру керек.

Ғабдуррахман. Ол сабазың ісін тындырып алып ізін суытыпты. Оңай құтылдым деп жүр ғой, сірә. Алланың жазасынан құтыла алмасын білмейді ғой ол сорлы. (көмекшілеріне) Сонымен, қази жүз дүре тағайындады. Апарыңдар, беріңдер қылмыскердің тиісті жазасын!


Халық тағы шуласып кетеді.


Бір дауыс. Ойбай-ау! Жүз дүреге бұл бейшара шыдай ма?! Өліп кетпей ме!

Екінші дауыс. Иә, қайдан шыдасын! Бұлар оны әдейі өлтірейін деп тұр!

Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Егер ажалы келсе – өлер. Ал егер сызығына жетпесе – тірі қалады, өмірін жаңадан бастайтын мүмкіндік алады. Не болса да бұл бейбаққа хайыр – жаңа айтқан жоқпын ба, Алла тағала қылмыскерді екі рет жазаламайды деп!

Келіншек. (өзін не тосып тұрғанын жаңа ғана түсінгендей тізерлеп отыра кетіп) Ағатай! Көкетай! Кешіріңіз! Мен жүз дүреге шыдай алмаймын. Өліп кетемін!

Ғабдуррахман. Өлсең – өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда? Егер сен өз ішіңнен туған балаңды аямай тастап кетсең – біз сенен не қайыр күте алмақпыз? Өзің ойлашы – кімге сенің өмірің қажет? Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!