Бұдан шығатыны, егер Қайырбай жарлы емес, қарашаңырақ иесі болса онда оған таңылған Қаракесек ныспысының сыры неде жатыр деген сауал туары анық. Біздіңше бұл атау кедейлік түсінігімен негізделмеуі керек. Мұны біз біреулердің кезінде үстірт ойлап, жаза салған ұшқары байламынан туған ұғым деп санаймыз. Бұған жауапты біз өмір, тұрмысымыздың басқа бір құбылыс, жайттарынан іздестіріп көруіміз керек тәрізді. Мәселен, лингвист ретінде мен Қаракесек атауын қысқартылып алынып, ауыспалы мағынада берілген сөз деп санаймын. Тілімізде осыған ұқсас –кесек дүние, –кесек денелі, –кесекті образ,–кесек бітімді, кесекті толғау секілді ежелден қолданылып келе жатқан толып жатқан метафоралық, теңеу сөз тіркестері бар. Кесек сөзі кедей сөзінің баламасы екен деп, жоғарыда келтірген ұғымдарды, өзіңіз ойлап қараңыз, енді –кедей дүние, –кедей денелі, –кедей образ, тағысын тағы солай деп қабылдай алмаймыз ғой. Бұл білімсіздік, ағаттық болар еді.
Біздіңше, кесек мағынасы түптеп келгенде жердің қара кесегін емес, толыққанды, нағыз, құраушы, сомдаушы деген ауыспалы түсініктерді береді. Осыған орай мұндағы қаракесек сөзін қара+шаңырақ+кесегі , яғни оны көтеруші, тіреуші материал, қысқасы оның иесі деп түсінген жөн. Тек айтуға жеңіл болу үшін жүре келе ауызекі тілде шаңырақ сөзі түсіп, қысқартылып қалған дер едік. Қисынсыз дей алмайсыз, өйткені тілімізде мұндай қысқартылған формада берілген ауыспала сөз тіркестері баршылық. Әрине мұның бәрін біздерге әлі де жеткізе зерттеп, зерделеп берер арамыздан әлі талай зерттеушілер шығарына сенім мол.
Ал Ұланақтың қалай қаракесек атауын алып, қарашаңырақ иесі болғандығына келер болсақ, мұны растар деректі біз қаракесек ақыны Қанатбай Елеусізұлының мына өлең жолдарынан табамыз:
Айтайық Қаракесек–
Ұланақты,
Атаның бауырында өсіп
бұла бопты.
Қария жас әйелден
бала көрмей,
Әлімнің бір баласын
сұрап апты.
Осыған орай Ұланақ ұрпақтары Әлімұлы кестесіне қарашаңырақ иесі ретінде Қайырбайдың «Қаракесек» атымен еніп, талас жоқ, оның әулеттегі құқықтық, құзырлық күштерін де иемденіп, сөйтіп дәстүр бойынша сонау кездерден бүгінге дейін жолдарын Әлімдікінен де үлкен деп санап жүргендері белгілі. Біле-білсек бұл да қисынды тұжырым. Жай емес, дәйекті тұжырым.
Тағы бір айтайын дегеніміз, шежірелерді қарап отырсаңыз, кейбіреулерінен бір-біріне қайшы келетін мәлімет, дерек тұстарын кездестіріп қаласыз. Біз ондайда олардың қайшылықтарын алып тастап, ортақ белгілері бойынша қайта топтастырып жазуға тырыстық. Мәселен, біз Хамит Маданов пен Мақсұт Неталиевтің «Кіші жүз» шежірелері мен Тынышбек Дайрабаевтың «Кете–Шөмекей шежіресінде», Әлиакбар Жұматайұлының шежіре-өлеңі мен Зайыр Сәдібековтың «Қазақ шежіресінде» (Ташкент–Узбекистон. 1994 ж. 6 бөлім. 109–110 б.б.), халқымызға белгілі, атақты Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресінде о бастағы шыққан тегіміз бен ағайынды Байсары, Әлім, Шөмен тегіне қатысты айтылатын деректерді осылайша түзетіп, бір-бірімен толықтырып бердік. Ол бойынша тегіміз: Жайылханнан–Қалпақ, одан–Түмен. Түменнен–Қазақ, одан–Бекарыс. Бекарыстан–Ордаш, одан–Мөңке. Мөңкеден Сарымырза, одан–Қоғам, одан–Алшын туады да, ал одан ағайынды Алау мен Арғымақ дүниеге келеді. Алаудан барып Құдияр тентек, ал одан үш қожа–Байқожа, Сәдірқожа, Нәдірқожа тарайды. Осы Нәдірқожадан барып, жоғарыда тілге тиек етіп отырған Қайырбай-Қаракесек пен Қыдырбай-Байұлы туады. Бұл Әлиакбар Жұматайұлының шежіре-өлеңінде былай жырланады:
Алшыннан Арғымақ пен Алау туды,
Алғашы ала жібек жалау болды.
Ту ұстап, тұлпар мініп, топты бастап,
Дұшпанға туғаннан-ақ талау болды.
Алаудан туды бала–тентек Құдияр,