өзі де лақап ат. Ол Тайқожаның Тұрсынбайдан кейінгі ұлы Қарашқа кенжелігіне орай осылай еркелетіп қойылған есім, Х.Маданов соны біліп, жазып отыр деп шамалаймыз. Кенжебай (Құлтелі) есімі тек бір соның шежіресінде айтылуы осы ойымызды қуаттай түседі. (Кіші жүз шежіресі. Атамұра. Қазақстан. Алматы. 1994 ж. Алты ата Әлім. 160 б.). Сонымен Кенжебай (Құлтелі) өзге, бөлек аталық емес, ол Қараш аталығы, соның лақап аты дегіміз келеді. М.Неталиевтің: «Тайқожаны бір автор Құлтелі деп атапты»,– деген сөздері де бұл екі аталықтың арасында біз тұспалдағандай өте тығыз байланыстың бар екендігін аңғартады («Атамекен». 08.03.2002 ж. 5 б. «3. Алты аталы Әлім», 4-бағана). Оның бір автор деп отырғаны осы Х.Маданов болмаса екен деп ойлаймыз. Мұның бәрі, әрине, тереңірек зерттеуді талап ететін ұстам, деректер.

Осы ретте, қайран шежірешілер жазған кезде Алты ата Әлімнің өз сандарын кемітіп алмау үшін саптарына Айнықтың орнына Тегінболаттың ұлы Шіңгірді, ал Тайқожаның орнына оның ұлы Қарашты кіргізгендерін жұмбақтамай, неге бірден басын ашып, кесіп, ескертіп айтпайды екен деп толғанасыз. Сондықтан біз Алты ата Әлім кестесінің жоғарыда келтірген алғашқы ұстамын да, оның өмір ағымына сай өзгеріп кеткен кейінгі балама ұстамын да қатеге санамай, басшылыққа алу керектігін ескерткіміз келеді.

«Әлімұлы» туралы әңгімемізді әрі қарай осы ру-тайпалар бірлестігіне аты берілген Әлім баба мен оның ата-тегі кімдер деген сауалмен жалғастырғымыз келеді. Бұған жауапты ақын, сыншы, аудармашы, шежіре зерттеуші Мақсұт Неталиевтің 2002 жылдың 8 наурызында «Атамекен» газетінің 5-бетінде жарияланған «Кіші жүздің шежіресі» атты мақаласынан табамыз. Онда: «Кіші жүздің Әлім атасы жайлы айтылып та, жазылып та жүрген аңыз-әңгімелер, болжамдар аз емес. Олардың қай-қайсысын алып қарасаңыз да, түп төркіні бірдейге жуық болып басталады да, талдана, тармақтала келе бір-бірінен алшақтап, әр қияға тартып кетеді…Дұрысы былай: АлшыннанҚыдуар. Бұдан екі бала: Қайырбай (лақап аты Қаракесек) және Қыдырбай (лақап аты Байұлы). Көптеген шежірелерде Қайырбайдың жарлы болғандығынан ел оны Қаракесек деп атап кеткен дейтін сөз бар. Сол жарлы Қайырбай-Қаракесектің Тоқсұлу атты бәйбішесінен Байсары туады. Тоқсұлу қайтыс болған соң қайын атасы оған екінші қызын (Қағазды, авт.) қосқан көрінеді. ОданӘлім, Шөмен туады…»,-дейді.

Реті келіп тұрғасын айта кеткіміз келеді. Біз мұндағы Қаракесек жарлы болған деген ұстаммен онша келіскіміз келмейді. Біздіңше, егер Қаракесек жарлы болса қайын атасы оған екінші қызын қоспас еді деп ойлаймыз. Сосын Қыдуардың екінші ұлы Қыдырбай әкесі бақуатты адам болмаса лақап атпен Байұлы деп аталмас еді. Ал егер әкесі бай, інісі бай, ал өзі қарашаңырақ иесі бола тұра Қайырбай неге жарлы болмақ дегіміз келеді. Сөзіміз қисынды емес пе. Мәселен біз еш жерден Қыдырбай қарашаңырақ иесі дейтін деректі кездестірген емеспіз, ал Қайырбай жөнінде мұндай деректер бар. Мысалы, алшын Серік өзінің аталмыш еңбегінде бұл жөнінде былай дейді: «Қазір халық санасынан бірте-бірте байқаусыз өшіп бара жатқан бір шындықКіші жүз руларының ішінде Қаракесек руының билік айтуға ерекше құқы болғандығы. …Бір қызығы, қазіргі ұрпақ бұл ерекшелікті қазіргі ділдік тұрғыдан қабылдаса, бұрынғы ұрпақ бұған заңды түрдегі көзқараспен қараған. …Қаракесек руының ұрпағына билік айтқызу дәстүрі мойындалған, ешбір талқылауға жатпайтын жайттай қабылданған. …Әйтпесе өздерінің көптігіне, жауынгерлігіне қарамай, Байлы («Байұлы» емес) рулары «Әлімаға баласы» деп Қаракесекті құрметтеуі несі? Осыған қарағанда, көшпенділер о бастан «жол ұстау» (заңға бойұсыну) билігіне тәнті болған. Әйтпесе өмірде қаншама аға-іні өтпей жатыр?!».