Бірақ халқы батыр ұлдарының ерлігін ұмытпай, оларға арнап аттары белгілі қисса, дастандар жазды. Бертінде Олжас Сүлейменов Кенесары ханға арнап өзінің «Сарыкене» атты белгілі өлеңін шығарды. Бүгіндері ел ордасы Астанамызда Кенесары ханға арналып көкпен таласқан биік тұғырлы ескерткіш ашылды, оның алаңдарының біріне аты берілді.
Сонымен қазақ хандығы туралы әңгімемізді әрі қарай сабақтар болсақ, түрлі қилы кезеңдерді басынан өткерген қазақтар сыртқы күштердің арсыз араласуымен мемлекеттік дербестігінен айрылғанымен, құдайға шүкір, ішкі этникалық тұтастығын – өзінің қазақ деген ұлттық сипатын бәрібір жоғалтпай сақтап қалды. Бұл тарих аренасында бірде ыдырап, бірде қайта қосылып келген Қазақияның бұрынғы көшпелі ру-тайпалары Қазақ хандығының құрамында өткізген 400 шамалы жыл ішінде біртұтас қазақ ұлты болып бітеқайнап, ажырамастай кірігіп, бірігіп үлгергендігінің арқасы еді.
Ұлт болып қалыптасу қай елдің тарихында болмасын ұлан-ғайыр уақытты қамтитын тарихи ұлы процесс ғой. Бүгінде қанша күрескенімен ұлт болып бірігіп, мемлекеттігін құра алмай пұшайман жүрген қаншама жұртты білеміз. Бақытымызға орай бүгінгі сіз бен біздер тап осы Қазақхандығы кезінде, құдайға шүкір, ұлт болып ұйып үлгердік.
Осылай Қазақхандығы мен оның жойылу тарихы жөнінде жүгірте отырып болса да бірсыпыра жайды айтып өттік. Ендігі жерде оны құрайтын «жүздер» жайлы баяндасақ орынды-ақ сияқты. Өйткені қалай қазақ болғанымызды, қалай қазақ хандығын құрғанымызды, сөйтіп ұлт болып қалыптасқанымызды білгеннен кейін қазақтың қай жүзінен, қай ру-тайпасынан өрбіп тарайтынымызды да білуіміз керек емес пе? Бұл бөліну емес, қазақ деген біртұтас үлкен дүниенің неден тұратындығын саралап, пайымдау. Ағза екеш ағзаларымызды да танып, білу үшін микроскоптардың астында зерделеп, олардың ұсақ жасушалардан, ал олардың өз кезегінде молекулалардан, ал оларымыз жай көзге көрінбейтін атом, электрон, позитрон, нейтрондардан тұратындығынын білеміз ғой. Ендеше, әңгімеміздің ендігі желісі қазақтың осы жүздері мен оны құрайтын ру-тайпалары жайлы болмақ.
4 бөлім
ЖҮЗДЕР ҚАШАН, ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?
Қазақ Совет энциклопедиясында «Жүз» сөзіне төмендегідей анықтама беріледі: «15–16 ғ-да Қазақстан жерінде қалыптасқан ру-тайпалық бірлестіктер. «Ж» атауы араб тілінде белгілі бір тұтас нәрсенің бөлігі, саласы деген ұғымды білдіреді. Қазақстанның табиғи ерекшеліктеріне, онда ежелгі заманнан бері мекендейтін көшпел ітайпалар мен рулардың шаруашылық және саяси жағдайларына байланысты «үш жүз» деп аталатын бірлестіктер пайда болды. Ұлы Ж. бірлестігі Жетісу жерінде, Шу және Талас, Сыр, Іле өзендерінің кең алқаптарында өте көне заманнан қалыптасқан. Орта Ж. бірлестігі Сарыарқа атырабында Арғын тайпасының, Кіші Ж. бірлестігі Бат. Қазақстанда Алшын тайпасының төңірегіне топтасқан. Сондықтан да бұл бірлестіктерді халық арасында «Ұлы жүз–үйсін», «Орта жүз–арғын», «Кіші жүз–алшын» деп те атай береді»,-делінген (Қазақ Совет энциклопедиясы. Алматы. 1974 ж. 4 т. 520-521 б.б.).
Ал халқымыздың академик-жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» атты зерттеу еңбегінде «Үш жүз» атауы жөнінде: «Орыстың Шығысты, әсіресе Орталық Азияны, қазақ даласын зерттеген ғалымы Бичуриннің айтуынша, біздің дәуіріміздің 635 жылында, қазіргі қазақ даласында түркі тілдес көшпелі сақтар өздеріне шабуыл жасап, тыныштық бермейтін қытайларға қарсы үш орда: Үйсін» жерінде Үлкен орда, Есіл, Ертіс бойында Солтүстік орда, Балқаштан Каспийге дейін Кіші орда болып топтасқан. Бичуриннің айтуынша қазақ жүздері осы үш ордадан басталады. Мен бұл пікірді қолдауға бейіммін