Абылайдан кейін Уәли сұлтан (1781–1819) тек «Орта жүзді» биледі. 1783–1787 жылдары ақ патша мен олармен ауызжаласқан хан-сұлтандарға қарсы тұрмыс-халдері нашарлап, наразылығы күшейген «Кіші жүз» қазақтарының 14 жылға созылған (1783–1797) Сырым Датов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалды.
Көтеріліс аяқталғаннан кейін Қаратай, Жантөре сияқты сұлтандардың арасында қайтадан таққа талас басталды. Соның салдарынан бейбіт ауылдарға шабуыл жасау, олардың малын айдап кету, барымта, кісі өлтіру көбейіп кетті. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, Жайық казактарының да қанқұйлы тонаушылық әрекеттері жиілей берді. Бұл 1795–1796 жылғы жұттан әлі оңала алмай, қатты күйзелген жергілікті біраз жұртты шарушылығы мен тұрмысын жөндеп алу үшін жаңа қоныс іздеуге мәжбүр етті.
Сол кезде билік еткен орыс патшасы Павел І-нің рұқсатымен 1801 жылдың наурызында Бөкей сұлтан бастаған «Кіші жүз» қазақтарының бір бөлігі оның қалмақтар тастап кеткен Орал мен Еділ арасындағы Нарын жеріне көшті. Орыс мемлекеті үшін хандықтың бөлшектеніп ыдырауы тиімді еді. Сондықтан олар бұған қарсы бола қойған жоқ.
XIX ғасырдың басында Бөкей сұлтан осы жерде өз хандығын–Бөкей ордасын құрды. Әуелде үй саны 5 мыңдай болған қазақтар 1812 жылы 7500, 1819 жылы 8500, 1825 жылы 10 490 үйге жетіп, халық саны 50 мыңнан асып кетті. Бөкейден кейін орданы оның туысы Шығай сұлтан, ержеткен соң ұлы, тарихтан белгілі 1836–1837 жылдары орын алған атақты Исатай–Махамбет батырлар бастаған халық көтерілісін аяусыз жаншып басқан Жәңгір хан биледі. Жәңгірден кейін патша үкіметінің жымысқы саясатымен мұнда хандық үкімет мүлде жойылып, Орданы «уақытша кеңес» деп аталатын патша чиновниктері басқарды. Ақ патшаға өкпе тұсында өршіген біртұтас күшті қазақ мемлекетінің болғандығы тиімсіз де, қауіпсіз де емес еді.
Қазақ хандығының өзге жерлерінде де осындай жайлар орын алды. Қазақтарға үстемдігін әбден күшейтіп алған патшалық Ресей үкіметі осындай құйтырқы әдіс-тәсілмен отаршылдық қанау саясатын жүргізіп, оларда ел басқарудың жалпыресейлік тәртібін орнатуға кірісті. Қазақ хандығының басына түскен қасіретті тарихтың алғашқы қаралы беттері осылай ашыла бастады. Хандық 400 жылдық егемендігі мен тәуелсіздігінен кейін басына Ресей патшалығының бодандық қамытын қалай өлшеп кигенін өзі де білмей қалды. Уәли хан өлгеннен кейін (1819) «Сібір қазақтары туралы Уставқа» сәйкес (1822) «Орта жүзде» хандық өкімет біржолата жойылды. «Жүз» жері сегіз округқа бөлініп, оларды аға сұлтандар басқарды. «Кіші жүздің» соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, оған күміс ақшамен 150 сом айлық тағайындалғанымен ол елдің тек номиналды билеушісі ғана болып қала берді. Іс жүзінде орданы мұнда да патша үкіметі тағайындайтын аға сұлтандар бөліп басқарды.
Патша үкіметінің бұл отарлық реформаларына қатты қарсылық көрсетіп, өліспей беріспей табаны аттай 10 жыл бойы ат үстінде ерлікпен соғысқан Абылай ханның немерелері, Қасым төре ұлдары Кенесары хан (1841–1847) мен Наурызбай сұлтанның халық-азаттық қозғалысы тарих дестесіне «Кенесары–Наурызбай көтерілісі» деген айдарлы атпен енді. Сөйтіп бір кездегі үлкен Қазақ хандығының саяси-шаруашылық құрылымы ақыры осылайша ұсақталып өзгеріп, біржолата мемлекет болудан қалып, жойылды.
Не десеңіз де өзіңіз білесіз, бірақ бұл жоғарыда айтылып кеткен қаламы жүйрік ақсұңқар тарихшы-жазушымыз Илияс Есенберлиннің әйгілі трилогиясында айтылатын, халқын ақ патшаға қарсы күреске түбегейлі біріктіріп, түгелдей көтере алмай әбден күйзеліп, пұшайман болған Кене ханның ел аузында қалған атақты, әулие дерлік түсімен қалай дөп келгенін қарасаңыз. Онда әулет ақсақалдарының жоруы бойынша Кенесары жұртының алдынан алдымен арыстан болып ақырып, кейін жолбарыс болып жұлқынып, соңынан қасқыр болып азу тісін ақситып, бұдан кейін түлкі болып жылмиып жүгіріп өткен, ақыры бақа-шаянға айналып, жердің қуыс-қуысына кіріп бара жатқан жайсыз жайын көрген. Бұған не дерсіз.