Келіссөзді болдырғысы келмеген қарсы топтың қаскөй әрекеттерінен сақтанамыз деп елшілер хан кеңесіне ұмсынып үш ай бойы жол жүріп, неше бір азап, мехнеттер шегіп, азып-тозып Мойынтөбе алқабындағы (қазіргі Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы) Әбілқайыр ордасына ақыры жетеді. Сөйтіп 1731 жылдың 10 қазанында27 биі бас болып, Кіші жүз түгел және «Орта жүзден» Семеке ханға ілескен біраз би, батырлар ақ патшаға адалдыққа ант беріп, Ресей одақтастығына өтті. 1740 жылы бұл «жүзден» Әбілмәмбет хан мен пен Абылай сұлтандар да осылай етті.
Әйтсе де қазақтың біраз би-сұлтандарынан бұл құйтырқы саясатқа қарсы шыққандары да болды. Олар Әбілқайырдың орыс патшасы Анна Ионовнаға өз атынан хат жазып, Ресейдің қоластына өту жөнінде астыртын келіссөз жүргізуін келіспей істелінген, жеке басының мүддесі үшін ел тәуелсіздігін аяққа басып, бәйгеге тіккен бодандық, сатқындық әрекеттерге бару деп түсінді. Жеке басының мүддесі дегенде Әбілқайырдың ақ патша мен оның әскеріне арқа сүйеп, үш жүзге өз үстемдігін жүргізер үлкен хан болғысы келетін ойын меңзегендері. Тоқсан тілектің түйінінен жаратылған сайыпқыран хан ол кезде мұндай мақсат, пейілден мүлде ада, таза болды деп айту да қиын еді. Етек алып кеткен осындай өзара түсінбеушілік пен жіктелу салдары ақыры қанды уақиғаларға әкеліп соқты.
1748 жылы Орынбор губернаторы И.И.Неплюевпен келісім жүргізіп, қайтып келе жатқан сапарында сатқындық саясат жүргізіп жүрсің деген желеумен Қабырға өзенінің бойында өзіне бақас ескі дұшпандары Барақ сұлтан мен Сырлыбай, Баймұрат батырлардың қолынан жоңғарларға алғаш рет ойсырата соққы берген, үш жүз әскерін азаттық соғысына бастап шығушы кіші жүз ханы, дарабоз, дарынды бас қолбасшы Әбілқайыр хан қаза тапты.
Аз адаммен келе жатып тосқауылға ұрынып, сол ұрыста жарақаттанып ат жалын құша құлаған хан жүрегіне Барақ сұлтан өз қолымен қарыстай қара қанжарын қадап, мұратыма жеттім, елім, енді маған не істесең де көндім деп ашық далаға масаттана айқайлап шапқаны атақты жазушымыз Ілияс Есенберлиннің көпшілікке танымал әйгілі «Көшпенділер» атты трилогиясының «Жанталас» деп аталатын екінші кітабында шыншыл баяндалады (Алматы. 1973 ж. 167 б.).
Хан өлімін аяқсыз қалдырғысы келмей, кезінде Сейітқұл хажымен Самарқан маңындағы Нұратада қоныстанған 40 мың алшынды билеген Айтқұл бидің баласы Кедей биден туған Түрке батыр мен Қосқұлақ би Кенесары сұлтанның қарындасы Бопай ханшамен қосылып, Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюевқа Әбілқайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанға барынша қатал жаза қолдануды сұрап, өтініш хат жазғаны белгілі (Т.Дайрабаев,«Сырдың сырлы сыры». Арыс. Алматы. 2005 ж. «Шөменнің алтын сақасы» тарауы. 149 б.).
Осы жерде айта кететін жай мынау. Хан бір өзі шешім шығарып, ақ патшаға бір өзі хат жазбаған шығар дейміз. Қасында қаншама ру басы би, батырлары болды. Не істесе де солармен кеңесіп барып істеді ғой. Біздіңше хан сатқындық жасаса кейін артынан өзге ру, төрелер арасынан жоғарыдағыдай айтулы іздеуші, жоқтаушылар тобы шықпас еді деп те ойлаймыз. Барақ сұлтанның әрекеті айбыны асқақтап бара жатқан ханды көре алмаушылықтан туған жала екендігі көпе-көрнеу.
Бірқатар зерттеушілер азулы, ақылды, сайыпқыран Әбілхайыр хан Жайық казактарының басқыншылық әрекеттеріне үздіксіз, толассыз тойтарыс беріп, Орыс империясының сонау 1 Пётр патшаның кезінен-ақ шексіз, созылып жатқан қазақ жерін жаулап алуды мақсат еткен жымысқы, құйтырқы геосаясатын тамақтарына кесе-көлденең тұрып қалған сүйектей болдыртпай, жүзеге асыртпай келген хан, сондықтан амалы қалмаған ақ патша астыртын оған Барақ сұлтанды айдап салып, ақыры көзін жойып тынды деп жазып жүр. Сөздері қисынды деп санаймыз.