Жан беріп, жан алысқан қырғын ұрыста қазақтар асқан ерліктің үлгісін танытып, жоңғарларды ойсырата жеңді. Қалмақтар қатты қырғынға ұшырап, аңырай қашқан сол ұрыс кейін тарихқа әйгілі «Аңырақай шайқасы» деген атпен енді. Дала да кейін сол атты иемденіп, «Аңырақай» аталып кетті. Бірақ «Аңырақай шайқасындағы» бір өкінішті жайт–жау қолының біразы қырылып, қалған 30 мыңы аңырай қашқанда оларды біржолата жойып жібергісі келіп, әскербасы Әбілқайыр арттарынан өкшелей қуғанда өзге сұлтан, хандар "қолжеткен жеңісімен арамызда абыройын асырып, үстемдік алып кетер" деп қорқып, қолдамай орындарында қалып қойғандықтары. Өзгелерден ұзап кеткен Әбілқайыр хан егер жау бұрылып қайта шапса өздерін жазым етерін түсініп, ащы өкінішін баса алмай тоқтағаны белгілі. Қайта шапқан жау жаман демекші, сол 30 мың қол кейін толығып келіп қайта ұрыс салып, талай қыршын, боздақтардың обалына қалатындығын қалып қойған күңей көп сол сәт білгілері де келмеді.

Бұл үлкен билікке ұмтылған тәкаппар әскербасы ханның да мақсатына жете алмай алғаш қанаты қайрылып, пұшайман болып қалған сәті еді. Ал қалмақтардың Жезқазған маңындағы тағы бір оңбай жеңілген жері мен өзен алабы «Қалмаққырған» деген атау алды. Бұл шайқастардан кейін қазақ жерін жаудан толық азат ету кезеңі басталды.

Бұл азаттық соғысы барысында үлкен геосаясат ұстанған көрші Орыс мемлекеті бар ниетімен қазақтар жағында болғаны рас. Олар өкпе тұсындағы қазақ елінің күшті мемлекетке айналғанын қаламаса да қазақтарды даланың өзге көшпенді тайпалары тарапынан жиі-жиі болып тұратын сойқан шабуылдардан қорғану үшін қалқан ретінде ұстағысы келіп, беттерінен қақпай, олармен келіссөздер жүргізуге ықыласпен кіріскендері анық. Алайда, сол кездері билік еткен орыс патшасы Анна Ионовна кезінде дала елдеріне көз тіккен 1 Пётр өсиетімен бұл саясатын барып тұрған жымысқы, құйтырқылықпен жүргізді. Оның қазақтарға там-тұмдап берген көмектері мардымсыз болып, халықты қалыптасқан ауыр саяси-экономиялық тығырықтан алып шыға алмады. Сөйтіп бұл қазақтарды түбі орыстарға амалсыз бодандыққа кіруге мәжбүрлейтін жайсыз келісім-шарт жасауға итермеледі.

Әлбетте бодандық емес, ойларында тек одақтасу ниеті бар мұндай келісім-шарт жасауға алдымен орыстармен шекаралас жатқан кіші жүз ханы Әбілқайырдың ұмтылғаны рас. Біржолата жойып жіберер зор қаупі бар жойқын жоңғар шапқыншылығымен күресте орыс патшасына арқа сүйемей болмайтындығын, әл-ауқаттарын да құдай қосқан көршісімен бейбіт сауда-саттық жүргізбей көтере алмайтындықтарын ол жақсы түсінген. Ханның бұл саясатын осыған дейін кімге бағынарларын білмей азып-тозып, бей-берекеті кеткен, артында қалың жұрты бар біраз би, батырлар да қолдап шыға келді.

Сөйтіп 1726 жылы өздеріндегі Ресей елшісі Максюта Юнусовпен алдын-ала кездесіп, сөйлескен Әбілқайыр хан ұзамай-ақ Петерборға Қойбағар Көбеев бастаған елшілікті аттандырды. Ал 1730 жылдың 8 қыркүйегінде Мәскеуге екінші елшілікті жіберді. Оған табыстаған хатында хан: «Мен қазір өзімнің бүкіл аймағыммен қоса Сіздің Императорлық Ұлы мәртебеңізге бағынсам деймін… Біз, Әбілқайыр хан, Орта және Кіші жүздің өзімізге қарайтын көп-көп… халықтарымен бірге Сіздің алдыңызда бас иіп… құзырыңыздан үміт етеміз»,– деп жазды дейді қазақстандық тарих ғылымының докторы В.Басин өзінің «Әбілқайыр» деген зерттеу мақаласында («Білім және еңбек» жұрналы. № 5, 1982 ж.). Әрине автор мақаласын дайындау кезінде о баста бұрмаланып аударылған хатты басшылыққа алғанын білген жоқ.

Келіссөз нәтижесінде 1731жылдың 19 ақпанында императрица Анна Ионовна Кіші жүз қазақтарын Ресей одағына алу жөніндегі Грамотаға қол қойды. Бұл Грамотаны ханға тапсырып, оның антын алу үшін