Сармандар бұлақты мыңдаған жылдар бойы қорғап келді және олар әрбір үш жүз жыл сайын қайта туылып отырады, олар осы әлемдегі ең күшті жауынгерлер тобы болған, ғасырлар бойы өздеріне артылған тапсырманы бұлжытпай орындаған, тек сендердің хандарың – Тарын билікке келмейінше… Тарын билікке келгеннен кейін барлығы өзгерді, ол өмір бұлағы мен оның қасиеті жайлы естігеннен кейін, оған қол жеткізгісі келеді, ол өлімнен қорыққандығы соншалықты, өлмес үшін қолынан келген барлық іс-әрекетті жасады. Алайда онысыннан түк шықпаған соң, ол өмір бұлағына көз тікті, бірақ оның жолында Сармандар тұрды, ол Сармандарға бірнеше рет қарсы шығып, олардан бұлақты тартып алмақ болады, дегенмен оның бұл іс-әрекеті сәтсіздікпен аяқталды. Сармандар оған өмір бар жерде – өлім бар, сондықтан осы шындықты қабылдау керектігін айтып, оны босатады.
Бірақ олардың бұл айтқаны оның санасына жетпеген сияқты, ол ұзақ уақыт ізденіп, ақыр соңында Сармандарды – әлемдегі ең күшті жауынгерлердің қалай көзін құрту керектігін түсінеді және ол өз дегеніне жетіп, олардың бәрін қырып салады, алайда ешкім Тарынның Сармандарды қалай және қайтіп көзін құртқандығын білмейді, ешкімнің хабары жоқ. Осылайша ол өмір бұлағын басып алады…
Артынша табураттар мен мардалар және де басқа да нәсілдер біргіп өмір бұлағын азат ету үшін Тарын ханға қарсы шыққан кезде, тым кеш болады, себебі оның сиқыршылары қара сиқырды пайдаланып, өмір бұлағының суынан ажалсыз сарбаздарды жасап шығарады.
– Неге ажалсыз?
– Себебі оларды өлтіру мүмкін емес, олар жарақаттанса жарақаттары әп-сәтте жазылады, тіпті басын шапсаң да оларды тоқтата алмайсың. Осы жайт бүкіл әлемді біріктірді, дегенмен бүкіл әлемнің біріккен әскері ажалсыздардың алдында дәрменсіз күйге түсті. Олардың шамасы Тарынды тоқтатуға жетпеді, Ұлы ұрыста біз жеңіліс таптық.