Бір сағат өте орман ішінде шауып жүрген жануарлардың дыбысы естілді, Батыра көзін бір ашып, қайта жұмды, сосын селк етіп дыбыстан шошып оянды, қылышына жармасып атып тұра, ол айналасына көз тастады.
– Олар орманға кірген бе? – деп дауыстап сөйледі. Батыра орнынан тапжылмай, дыбысқа асқан мұқияттықпен қарады, сол сәтте тобырымен шапқан жануарлардың бірі оған бет бұрды, кішкенеден кейін бұқаның өкіргеніндей қатты дауыс орманда жаңғырды, құдды біреу оның жанына бататын бірдеңе істегендей.
Батыра артқа қарай бірнеше қадам шегініп, дыбыс шыққан жерге көз қақпастан қарады, ал енді әлгі жануар Батыраға қарай беттеді, шабысы мен жердің дірілі, бұтақтардың сақырлап сынғанынан оның алып жануар екенін аңғару қиынға соққан жоқ, тіпті Батыраға жануардың қалай жақындап келе жақаны сезілді.
Ол не істерін білмей, жан-жағына алақтай, ағаш үстіне өрмелейін десе, баламен бірге оған ыңғайсыз болды, сосын баланы жанындағы ағаштың түбіне жатқызғаны сол, оның алдынан үлкен қара жануар атып шықты, баланы жатқыза салып, қылышын екі қолдай ұстап әлгі жануарға бағыттады, алайда аң Батыраның алдына келіп жерге сұлайып түсті.
Әлгі жануар мүйізі бұғының мүйізіне ұқсас алып бұқа еді, бір көргеннен оны бұқа деп айту қиын, себебі оның жүндері бұқанікіне қарағанда әлдеқайда ұзын. Оның үлкендігі сонша, егер қарапайым бұқа әлгінің жанында тұратын болса, онда ол бұзау сияқты көрінер еді. Батыра не болғанын түсінбей орнында қатты. Ақырын бұқаға қарай жақындап, оны айнала қарап шықты. Батыра жануардың қатты жарақат алғанын байқады, алып бұқаның желке тұсынан жауырынына дейін созылған жарақаты болды, алайда бұқа әлі тірі еді, оның ырсылдап тыныс алғаны Батыраға естілді, айнала оның қанымен былғана бастады. Оның жарақатын көре:
– Мынау, қарумен жасалғанына менің күмәнім жоқ… – деп әлгіні сипады, – бірақ біздің қаруымыз сендерді бұлай жарақаттауы екіталай, мұндайды жасаған кім? – дегені сол еді, әлгі бұқа шыққан жерден адам бойынан екі есе үлкен, үстін өте жұқа сарғылт түсті түк басқан, жағының астын қалың домалақ сүйек бойлаған, ал иегінде кішкентай екі мүйізі бар, адамға ұқсас тіршілік иесі атып шықты, ол тура Ерұлан айтқандай – адамға ұқсас, бірақ өте үлкен. Оның етті әрі шымыр денесінде ешқандай киім болған жоқ, ал бұтына, қоңыр түсті матадан тігілген шалбар, аяғындағы аяқ киімі теріден жасалған, қолында үлкен жүзі кедір-бұдыр қылышынан қан төмен тамшылай ақты. Дәу мен Батыра бір сәт бір-біріне қарады. Дәл осы сәт Батыраның өміріндегі ең ұзақ сәттей көрінді. Өне бойынан тарақан жүріп өткендей: «Біткен жерім осы шығар» деп жұтынып, іштей сөйледі. Әлгі дәу бірден семсерін көтеріп Батыраға атыла жөнелді. Батыра бір шетке өзін лақтырды, дәу Батыраның жанынан семсерін сермей өтті. Батыра жылдам қылышын екі қолдай қысып дәуге бет бұрды, сол сәтте дәу оның оң жақ тұсынан соққы жасады, Батыра еңкейе қылышты өткізді де, дәудің сол аяғын тіліп өтті. Оның бұл іс-әрекеті пайдаға асқан жоқ, керісінше әлгі дәу қатты ызалана семсерімен Батыраны қуалай түсті.
Батыра ары-бері қашқаннан басқа ештеңеге шамасы келмеді, бірнеше рет дәудің аяғын көздеп соққы жасады, бірақ онысынан түк шыққан жоқ. Батыра оның қимылының бәсеңдегенін пайдаланып, оның оң жақ сан тұсына семсерін жартысына дейін сұғып алды. Алған жарақатынан дәу жанұшыра айқайлады, оның дауысы адамдікіне ұқсас, бірақ әлдеқайда қатты. Айқайдың қатты болғандығы соншалықты, оның дауысы орман ішіне кірген Дат пен оның сарбаздарының құлағынан мүлт кеткен жоқ. Дауысты ести сала олар сап тоқтады, барлығы назарын дауыс шыққан бағытқа аударды.
– Біздің қашқын бір қиындыққа тап болған сияқты, – деді Дат, – кәне жігіттер, мына дауысқа қарай барайық, – деп ат басын сонда бұрды.