Сарайды айнала қоршаған қорғанның жабық тұрған қақпаларының алдына келген Батыраны қарауылда еңселері түсіп, салпайып тұрған сарбаздар, оны көре салып, тік тұрып, қолдарындағы найзаларын берік ұстады. Олардың іс-әрекетін байқаған Батыра:
– Еркін тұра беріңдер, жігіттер, – деп оларға күлімсіреді. Батыра мінезі жағынан өте керемет жан, тек керек кезінде өзінің қаталдығы мен қайсарлығын көрсеткенді жөн санайды. Оның артынан Ерұлан да шеберханасының есігін кілттеп келді. Қара аспанда сан мыңдаған жұлдыздарға қарап, кештің салқын ауасымен тыныстап тұрған Батыраға:
– Мен сені жұлдыздарға қарап тамсанады деп ойламаппын, – деді Ерұлан оның арқасынан қаға.
– Мұндай кереметті көріп, тек ақымақ қана тамсанбас, – деді ол аспаннан көз алмай. – Сен неге күзет қойып қойғансың? Сенің сарайыңа біреу бас сұғады деп ойлайсың ба? – деді Батыра.
– Білесің ғой менің ханға сенбейтінімді, – деп ол досына қарады. Батыра оған кішкене үнсіз көз тастап:
– Жарайды, Сұлу қалай? Денсаулығы жақсы ма? – деді ол.
– Иә, барлығы дұрыс, денсаулығы да жақсы, тек… – деп Ерұлан кішкене кідірді де, – тек оған қарап жүрген дәрігерлер маған ұнамайды.
– Дәрігерлерге не болыпты? Не үшін олар саған ұнамайды?
– Қалай түсіндірсем болады: олар адам болғанымен, сөйлескен кезде құдды қуыршақпен сөйлескендей боламын, оның үстіне олардың бірнеше рет мүлде басқа тілде сөйлегендерін көрдім, – деді Ерұлан.
– Саған солай көрінген шығар, – деп ол Ерұланның иығынан қақты, ал Ерұлан бірдеңе айтпақ болып еді: – Сонымен, Сұлудың босануына қанша уақыт қалды? – деп Батыра Ерұланның әнгімесін бұрып жіберді.
– Нақты білмеймін, бірақ бір айға жетпейді.
– Сонымен, менің данышпан досым, әке атануыңа аз қалды де, – деді Батыра оған жымия.
– Иә, – деп Ерұлан аспанға қарап терең дем алды да, тынысын кішкене ұстап, қайта шығарды, осы сәтте аспандағы жұлдыздар жылт етіп жоғалды да, қайта пайда болды. Оның төбесінен алып бірдеңе ұшып өткендей көрінді, Ерұлан селт етіп:
– Мынау не тағы? – деді ол аспандағы қап-қара көлеңкеге саусағын соза. Батыра кішкене кідіріп.
– Аа, сен әлгіні айтасың ба? Ол жай ғана алып бүркіт қой, сен оны бұрын-соңды көрмегенсің бе? – деді Батыра.
– Көргенмін, бірақ олардың түнде ұшатынын білмеппін.
– Олар қаланың төбесінен өте сирек ұшады, кейде қаланың айналасындағы шаруашылықтарға да шабуыл жасайды, біздің бір-ақ міндетіміз – халықты осы сияқты қауіпті жыртқыштардан қорғау, әйтпегенде бізге басқа жұмыс табылмас еді, – деп Ерұланға қайта қарай, – қазір одан қорқудың қажеті жоқ, олар түнде ешкімге тиіспейді, ал енді ғафу етсең мен қайтайын, бір-екі бітпеген шаруам бар…
– Батыраның атын алып келіңдер, – деп Ерұлан сарбаздарына бұйрық берді де, оған қарап: – Біз елде не болып жатқанын білмейміз, шынымды айтсам мен кімге сенерімді білмеймін, – деді Ерұлан, оның жүзінен уайымдап тұрғаны байқалды. – Сондықтан абай бол, уақыты келгенде мен саған… – деп ол сөзінің жартысынан тоқтады.
– Не уақыты келгенде? Сен маған бірдеңе айтқың келіп тұр ма?
– Жоқ, қазір емес, – деді ол.
– Бәрі жақсы, уайымдама, – деп Батыра оның иығына қолын қойды.
Сарбаз көп күтірмей жылқыны алып келді, жұлқынып тұрған тұлпарға Батыра секіріп мінді, олардың алдында сарайдың биік қақпалары ауыр ашылды да, Батыра мен Ерұлан бір-бірімен қол алыса қоштасты. Ерұлан Батыраны шығарып салған соң тікелей өзінің кітапханасына жол тартты, жол бойы ол ақырын жүріп, түсінде көргенін қайта есіне алды.
«Бұл бір белгі болуы керек, иә, сөзсіз бұл бір белгіні білдіреді, бірақ нені?» деп ол іштей өз-өзіне сөйледі. Кітапханаға барған соң шам жағып, оны қағаздары шашылған үстеліне қойды, орындығына шалқая жайғасып, бөлмеге көз жүгіртті. Шамның әлсіз жарығы бөлмені толық айқын еткен жоқ, кітапхананың жарты бөлігі қараңғы түнекке оранды, ал кітапхананы айнала қоршаған кітап сөрелері түнекке қарай созылып жатты, онда Тұран хандығының түкпір-түкпірінен әкелінген кітаптар тізіле тұрды. Олардың ішінде Ерұланды қызықтырғаны – Бастақ Бабадүрдің «Бізге дейінгі әлем» атты кітабы.